​БОЛАШАҚТЫҢ КІЛТІ – БІЛІМДЕ

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде 10 миллионнан астам адам дүниеге келіпті. Бұл бүгінгі халық санының 50 пайызына жуық көрсеткіш екенін ескерсек, жаңа буын өсіп келе жатқанын айғақтайды. Ал, қалыптасып келе жатқан жаңа буынның білім жолындағы болашағы қандай болмақ? Осы уақытқа дейін білім беру жүйесінде қандай нәтижелерге қол жетті? Жалпы тәуелсіздік жылдарында «Білім туралы» үш заң қабылданыпты. 1992, 1999 және 2007 жылдары білім беру жүйесінің құрылымы ЮНЕСКО-ның халықаралық стандарттық классификациясына сәйкестендіріліпті.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жоғары білім жүйесін реформалау кезеңін бес кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңі (1991-1994 жж) – жоғары білім берудің заңнамалық және нормативтік-құқықтық базасы жасалуы. Екінші кезең (1995-1998 жылдар) – жоғары білім жүйесін жаңарту, мазмұнын тереңдету. Үшінші кезең (1999-2004 жылдар) – білімді басқару мен қаржыландыруды орталықтан алу және білім ұйымдарына академиялық еркіндікті кеңейту. Төртінші кезең (2005-2010 жылдар) – Жоғары және орта білім беру жүйесін стратегиялық дамыту. Бесінші кезең (2011 жылдан қазірге дейін) – жаңа кезең, инновациялық дамуға бейімделген, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындаудың ұлттық моделін қалыптастыру. Осы жүргізілген реформалар арқасында білім беруді басқаруда демократиялық сипаттар орныға түсті, білім мекемелерінің өкілеттіліктері кеңейді, мемлекеттік жалпы орта және бастапқы кәсіптік білімнің тегін жүргізілуі кепілдендірілді, білім берудің үштұғырлылығы жүзеге асырылып жатыр. ҚР азаматтарымен қатар басқа мемлекеттерде тұратын қандастарымыздың тарихи отанында білім алуына мүмкіншілік ашылды, елімізге аса қажетті мамандықтарға мемлекет тарапынан білім гранттарының желісі ұйымдастырылып жыл сайын ұлғайтылып жатыр.

Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2005 жылдан бастап елімізде білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы, Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы, еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.Дарынды жас қазақстандықтарға әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыру еліміздегі адами капиталдың дамуына қосылған елеулі үлес болды. 1994 жылдан берi жылма-жыл қазақстандық жастар шетелдiң алдыңғы қатарлы оқу орындарына жiберiлiп келедi.

Қазақстанның Болон процесіне жедел кіруі нәтижесінде еліміз үш деңгейлі моделге енді: бакалавриат-магистратура-PhD докторантура. Қазіргі күні еліміздің көптеген жоғары оқу орындары еуропалық агенттіктердің сапа менеджменті жүйесіне сәйкес жұмыс істейді (бұл қатарда Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті де бар). Докторлық және магистратуралық бағдарламалары үшін кластерлі бастамалар негізінде озық мамандықтардың тізімі анықталды. Бұл құжаттар мемлекет саясатының білім саласындағы негізгі міндеттерін айқындады.

Қазақстанда өткізілетін әлеуметтік-экономикалық реформалар нәтижесінде, жоғарғы оқу орындарын қоса алғанда, соңғы жылдары алға қойылған келесі міндеттерді атап өтуге болады:

1. Жоғарғы білім жүйесін демократияландыру және басқарудың бір орталықтан жүргізілмеуі;

2. Жоғарғы оқу орындарының құрылымы мен жүйесін әртараптандыру;

3. Жаңа заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны құру;

4. Жоғары білім берудің жаңа мемлекеттік стандарттарын қалыптастыру.

Жалпы Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғырту арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Ол үшін үкіметтің білім беру саясатында орнатқан барлық бағдарламалары білім беру жүйесінің аясында жинақталған әлем тәжірибесінің мүмкіндігіне негізделіп жасалуы қажет. Ұлттық білім беру жүйесі әлем бойынша жаһандану үрдісін кешуде. Сондықтан, көптеген мемлекеттер үшін, әсіресе, Орталық Азия үшін, өзінің білім беру жүйесін өзгертуде дұрыс бағыт таңдау мәселесі тұр. Жаңа заманның негізгі үрдістері білім беру саясатына да ықпалын тигізе бастады. Білім беру жүйесі әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының біріне айналуда, себебі, жаңа әлемде мемлекеттің экономикалық жетістіктері білім беру жүйесімен, азаматтардың білімділігімен, мамандардың бәсекеге қабілеттілігімен анықталады.

Арман КЕНЖЕБЕК,

Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің гуманитарлық-педагогтік институты директорының орынбасары,

гуманитарлық ғылымдар магистрі

12:05
385

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020