​«Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңның жаңашылдықтары

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Заң мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңартылған тәсілдің басты ерекшелігі – халыққа бағдарланған мемлекеттік қызмет моделін қалыптастыру. Мемлекеттік органдар азаматтардың мәселелерін шешуге басымдық беріп, артық бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға, өтініштерді қарау кезінде формализмге жол бермеуге және цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануға тиіс.

Жастарды мемлекеттік қызметке тартуға да ерекше көңіл бөлінеді. Осы бағытта мемлекеттік қызметке даярлау институты енгізіліп, жастардың ерте кезеңнен кәсіби бағдар алуына және мемлекеттік қызмет саласына қызығушылығын арттыруға жағдай жасалады.

Мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдері толық цифрлық форматқа көшіріледі. Конкурстар «е-Qyzmet» жүйесі арқылы ұйымдастырылып, іріктеу мерзімі 5–7 жұмыс күніне дейін қысқарды. Кандидаттарды бағалау кезінде заңнаманы білуі, жеке қасиеттері, сондай-ақ нақты лауазымға қажетті практикалық дағдылары ескеріледі.

Қызметшілердің кәсіби өсуіне жаңа мүмкіндіктер беріледі. Бір лауазым аясында көлденең мансаптық ілгерілеу тетігі енгізіліп, қызметкердің біліктілігін арттыруы, оқуы, тағылымдамадан өтуі және өзін-өзі дамытуы кәсіби нәтижелермен қатар бағаланады. Бұл факторлар еңбекақы деңгейі мен мансаптық дамуға әсер етеді.

Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейту көзделген. Жалақыны индекстеу, қосымша демалыс күндерін беру, үстеме жұмысқа өтемақы төлеу және қызмет бабымен басқа өңірге ауысқан жағдайда тиісті төлемдер қарастырылады.

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп талаптарын сақтауына қойылатын талаптар да күшейтіледі. Осы мақсатта «мінсіз бедел» институты енгізіліп, мемлекеттік қызметтің абыройын қорғау және қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыру көзделеді.

Аталған өзгерістер нәтижесінде, жаңа заң мемлекеттік қызметті неғұрлым ашық, цифрландырылған, кәсіби және азаматтарға бағытталған жүйеге айналдыруды көздейді. Бұл өзгерістер мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырып, қызметшілердің кәсіби дамуына және әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Ұлытау облысы бойынша департаменті. 

18:23
23

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020