Жезқазған қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасын» дамытудың 2020-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімі арқылы республикалық қазынадан бөлінген 1 млрд 850 млн 607 мың теңгеге 29 жоба жүзеге асырылады.
Аталған бағдарлама аясында 390 адамды жұмысқа орналастыру көзделген, оның 195-і – жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген тұрғындар. Бүгінде жоспарланған 11 нысандағы жұмыстар толық аяқталып, айдың соңына дейін тағы 1 жоба тапсырылмақ. Сонымен бірге, жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа алынған 106 жұмыскер 11 нысанда әлі де жөндеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қалған алты жобаны іске асыру алдағы айлардың еншісінде.
Мемлекеттік бағдарлама аясында сәтті жүзеге асырылған жобаларға келер болсақ, олардың басым көпшілгі энергия тиімді жарықтандыруды қамтамасыз етудің үлесінде. Энергия үнемдейтін шамдар Ғарышкерлер бақжолына, нақтырақ айтқанда «Nur Otan» партиясы ғимаратының алдына, Гагарин, Тимирязев пен Есенберлин көшелері және «Байқоңыр» қонақүйіне апарар жолға, сондай-ақ, 2, 4, 5, 6-шағын аудандарға орнатылды. Жезқазғанға қарасты ауылдардың да жарықтандыру мәселесіне ден қойылғанын да айтып кетпеске болмас. Кеңгір ауылының көше шамдары ауыстырылып, қосымша жарық бағандары орнатылды. Теректі стансасы мен Пристанционный елді-мекені де жарықтандырылды. Талап ауылындағы Бектепбергенов көшесіндегі ауызсу құбыры ауыстырылды. Бұл мақсатқа 5899000 теңге жұмсалды. Кеңгірдегі ауызсу және кәріз жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізуге 4599000 теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Шілденің соңына дейін мердігер «Гиматс-Транс» ЖШС Жеңіс көшесіндегі апатты деп танылған 11-үйді бұзады. Келісімшартта көрсетілген сома – 7828800 теңге.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазіргі таңда 11 нысанда жұмыстар қызу жүргізілуде. Ғарышкерлер көшесіндегі 21а-19 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмыстарына «Smart Invest Group» ЖШС мердігер ұйымы жауапты болса, 309957435 теңгеге «Казжилстроймонтаж» ЖШС көп қабатты тұрғын үйлердің төбесі мен қасбетін жөндеуде. Сондай-ақ, қаладағы үш субұрқақты жөндеу мен күтіп ұстау, контейнер алаңдарын жасақтау, 7,8 шағын аудандардың кәріз жүйелерін, Кеңгірдегі ауызсу желілерін жөндеу, Холмецский көшесіндегі және ЖЭО-нан Қорғанбай селосына дейінгі ұзындығы 30 шақырымды құрайтын жолды орташа жөндеу, «Қазақстан» композициясының маңайын көріктендіру мен Талап саябағын қоршау жұмыстары өз деңгейінде, белгіленген кесте сай жүргізіліп жатыр.
Тамыз айында 1 шағын ауданды және №3 жол өтпелінен Балқаш көшесіне дейін гі айналма жолды жарықтандыру қолға алынады. Сонымен бірге мердігер «Қ.Т.Мұқашев» 7056000 теңгеге Кеңгір ауылына балалар ойын алаңқайын орнатпақшы. Алаш алаңы мен 91 орамнан Сәтбаев қаласы және Қарағанды-Жезқазған бағытына шыға берісті жарықтандыру да мемлекеттік бағдарламаның қолдауы арқылы жүзеге асырылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл ел аумағында жүзеге асырылып жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 255 мың жұмыс орны құрылмақ. Бүгінде жол картасына кірген 6,5 мың жобаның 5,3 мыңы басталып, 103 мың жұмыс орны ашылды. Аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде мысты өлкеде 38 жоба қолға алынып, 1042 жұмыс орнын ашылады деп күтілуде. 550 жұмыс орны жұмыссыз жезқазғандықтарға арналады.
Диана ОРАЗАЛИНА