​Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда: Ұлытау облысында полицейлер оқу орындарында қауіпсіздік сабақтарын өткізуде

Ұлытау облысының полиция департаменті жаңа оқу жылының басталуымен білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтті. Басты мақсат – оқушылар мен студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және балаларға жолдағы, мектептегі және қоғамдық ортадағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру.

Осы бағытта облыстағы мектептер мен колледждерде полиция қызметкерлерінің қатысуымен қауіпсіздік сабақтары тұрақты түрде өткізілуде. Кездесулер барысында балаларға жол қозғалысы ережелері, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезіндегі сақтық, интернеттегі қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу және төтенше жағдай кезіндегі әрекет тәртібі түсіндіріледі.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік мәселелеріне жауапты полиция қызметкерлері бекітілді. Олар оқу орындарымен тұрақты байланыста болып, балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді жедел бақылауда ұстайды.

Мектептердегі бейнебақылау жүйелерінің жұмысына да ерекше назар аударылуда. Полиция қызметкерлері камералардың жұмыс жағдайын, олардың қамту аумағын және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін зерделеп, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылдауда.

Балалардың мектепке бару және қайту кезіндегі қауіпсіздігі де бақылауда. Полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарына жақын орналасқан жол учаскелерін тексеріп, жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жол белгілері мен жол таңбаларының жағдайына назар аударуда.

– Балалардың қауіпсіздігі – полицияның ғана емес, ата-аналар мен педагогтердің де ортақ міндеті. Сондықтан алдын алу жұмыстарына ерекше мән беріп отырмыз. Әрбір бала мектепте өзін қауіпсіз сезінуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыс оқу жылы бойы жүйелі түрде жалғасады, – деп атап өтті полиция департаментінің өкілдері.

Полиция қызметкерлері ата-аналарды балаларға жол қозғалысы ережелерін күнделікті еске салып, олардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.

Қауіпсіз мектеп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі.

13:56
17

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020