Жезқазған, 10 қыркүйек 2026 жыл. Бүгін Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «2026 жылдың суға шомылу маусымының қорытындысы» тақырыбында брифинг өтті.
Брифинг барысында Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Қарақойшы Мұрат Мағауияұлы облыс аумағындағы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы баяндады.
2026 жылғы шомылу маусымы кезеңінде облыста судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық және бақылау шаралары ұйымдастырылды. Азаматтардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында шомылуға рұқсат етілген 4 орын белгіленіп, тиісті тәртіппен бекітілді. Оның ішінде Жезқазған қаласындағы Кеңгір су қоймасының жағалауында орналасқан «Мадагаскар» жеке жағажайы, «Дом рыбака» және «Горняк» демалыс аймақтары, сондай-ақ байдарка мен каноэде есу сабақтарына арналған есу базасы бар.
Рұқсат етілген орындарда жағажай инфрақұрылымының талаптарға сәйкестігі, құтқару құралдарының болуы және қауіпсіздік нормаларының сақталуы бойынша бақылау жүргізілді.
Сонымен қатар, азаматтардың суға түсуіне жол бермеу мақсатында облыс аумағында 39 қауіпті учаске белгіленіп, оларда ескерту және қауіпсіздік белгілері орнатылды. Жалпы 107 қауіпсіздік белгісі қойылды.
Шомылу маусымы барысында су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін 453 рейдтік-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оған 3370 адам қамтылды.
Рейдтер кезінде тұрғындарға балаларды су айдындарында қараусыз қалдырмау, алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түспеу, белгіленбеген және қауіпті жерлерде шомылмау, сондай-ақ жеке қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Ақпараттық-профилактикалық жұмысқа да ерекше көңіл бөлінді. Шомылу маусымы басталғалы облыстық ТЖ департаменті 30 брифинг өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында 27 мақала жариялады, әлеуметтік желілерде 27 ақпараттық материал және 28 бейнеролик орналастырды. Білім беру ұйымдарында балалардың судағы қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған интерактивті, ашық және практикалық сабақтар, сондай-ақ сынып сағаттары өткізілді.
Қабылданған шаралармен қатар, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзу фактілерінің алдын алу мақсатында әкімшілік шаралар да қолданылды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес 34 әкімшілік хаттама толтырылды.
Сонымен бірге, 2026 жылғы шомылу маусымында су айдындарында адам өліміне әкелген қайғылы жағдайлар да тіркелді. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру және қауіп факторларын ерте анықтау бағытындағы шараларды одан әрі күшейтуді көздеп отыр.
Атап айтқанда, келесі шомылу маусымына дайындық барысында қауіпті учаскелерді қайта түгендеу, ақпараттық және ескерту белгілерінің орналасуын қайта қарау, рейдтік жұмыстарды қауіп деңгейіне қарай ұйымдастыру, халық көп жиналатын су айдындарындағы бақылауды күшейту, сондай-ақ балалар мен ата-аналарға арналған профилактикалық жұмыстың форматын жетілдіру жоспарлануда.
Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға судағы қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығын тағы да еске салады. Су айдынына барған кезде қауіпсіздік талаптарын сақтау, балаларды бақылаусыз қалдырмау және белгіленбеген орындарда шомылмау – қайғылы жағдайлардың алдын алудың негізгі шарттарының бірі.
Судағы қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік.