​«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны: Ұлытау облысында жобаның өңірлік кезеңі таныстырылды

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының өңірдегі ұйымдастырылуы мен өткізілу барысына арналған брифинг өтті.

Брифингке «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының Ұлытау облысы бойынша өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Әбжанов Серік Сайлаубекұлы қатысып, жобаның мақсаты, қатысу шарттары және негізгі бағыттары туралы ақпарат берді.

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, тұрақты оқу әдетін дамытуға және азаматтардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған ұлттық жоба. Сонымен қатар марафон отандық кітап индустриясына қолдау көрсетуге және оқырман қауымның әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Жоба 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың сәуіріне дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өткізіледі. Негізгі оқу кезеңі 2027 жылдың наурызына дейін жалғасып, наурыз-сәуір айларында қорытынды тестілеу мен викториналар ұйымдастырылады. Қатысуға өтінімдерді қабылдау 15 қыркүйекке дейін жүргізіледі.

Марафонға қатысушылар үшін жеті бағыт қарастырылған. Олар: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зиялы».

Жобаға қатысу үшін әр азамат арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын тізімнен 15 кітап оқуы тиіс. Тізімге қазақ және орыс тілдеріндегі 165 кітаптан енгізілген. Олардың қатарында отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы, «100 кітап» тізіміндегі туындылар, Нобель сыйлығының лауреаттары шығармалары мен кеңінен танылған бестселлерлер қамтылған.

Марафонның басты ерекшелігі – оқылған кітаптардың санын ғана есептеу емес, оқырманның шығарманы түсінуіне және оның мазмұнына өзіндік көзқарасын қалыптастыруына мән беру. Осы мақсатта қатысушылар әр оқыған кітабы бойынша жеке кабинетінде қысқаша пікір қалдырады. Қорытынды кезеңде білім мен кітап мазмұнын меңгеру деңгейін анықтауға бағытталған тестілеу мен викториналар өткізіледі.

Брифинг барысында жобаға қатысу барысында туындауы мүмкін сауалдарға да назар аударылды. Атап айтқанда, марафонның негізгі мақсаты жүлде үшін бәсекелестіктен гөрі кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру және оқылған шығарманың адамға берер тағылымын түсінуге бағытталғаны атап өтілді.

Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен қатар дипломдар және электронды сертификаттармен марапатталады. Атап айтқанда, бірінші орынға – 600 мың теңге, екінші орынға – 450 мың теңге, үшінші орынға – 300 мың теңге көлемінде жүлде қарастырылған.

Жобаға мектеп оқушыларынан бастап аға буын өкілдеріне дейінгі азаматтардың қатысуына мүмкіндік жасалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның ауқымын кеңейту арқылы елімізде тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және әртүрлі жастағы азаматтарды ортақ зияткерлік ортаға біріктіруге басымдық берілмек.

«Кітап оқитын ұлт» марафонының негізгі идеясы – қанша кітап оқылғанын ғана емес, оқылған кітаптың адамға не бергенін бағалау. Жоба арқылы кітап оқуды бір реттік акция емес, қоғамның тұрақты мәдени дағдысына айналдыру көзделеді.

13:52
7

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020