Он жылға созылған Жеңіс көшесіндегі 11 үйдің мәселесіне былтыр нүкте қойылған-ды. Апатты үйдің 6,7,8 -кіреберісіндегі 50 пәтердің 48-інің иесіне өтемақы төленіп, тағы екеуіне мемлекеттік қордан баспана берілді. Дегенмен, мәселе бұнымен шешілмеді. Есік терезелері үңірейген үйді қаңғыбастар паналап, нағыз «жынойнаққа» айналдырды. Осылайша өзге тұрғындарға қолайсыздық танытқан апатты үйді сүріп тастау биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде мүмкін болды. Бұл мақсатқа 7 828 800 теңге бөлінді.
Жезқазған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашлығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен үйді сүру жұмыстары мердігер «Гиматс-Транс» ЖШС жүктелді. Қазір арнайы техникамен қаруланған 10 жұмыскер межеленген жұмысты аяқтау үстінде.
Мемлекеттік бағдарламаның ерекшелігі сол – аймақтардағы инфрақұрлымды дамытып, білім және мәдениет нысандарын жөндеп, жұмыссыздық деңгейін төмендету. Сондықтан, апатты үйді сүруге жұмылдырылған жұмыскерлердің 5-уі жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркелген жезқазғандықтардың қатарынан алынды. Олардың айлығы ең төменгі жалақының екі мөлшерінен кем емес деңгейде белгіленеді, яғни 85000 теңге.
Жалпы, Жезқазған қаласы бойынша 26 үй апатты жағдайда тұр. Соның 17-сі мүлде жөндеуге келмейді. 2020 жылы 9 апатты үйдегі 68 пәтердің иелеріне өтемақы беру қарастырылған. Бюджеттен қаржы да бөлініп, қазір қажетті рәсімдер жүргізіліп жатыр. 2021 жылы 5, 2022 жылы қалған 3 апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланған. Осылайша, екі жылдың ішінде Жезқазғандағы жөндеуге жарамайтын үйлердің мәселесі түпкілікті шешілмек.