Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы болып Гүлсім Қожахметова тағайындалды. Бұған дейін ол қалалық білім бөлімін басқарды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Гүлсім Қожахметова 1971 жылы 6 сәуірде Сәтбаев қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Жезқазған педагогикалық институтын «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген.Еңбек жолын 1991 жылы Сәтбаев қаласының №19 орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2006 жылы мемлекеттік қызметке түсіп, Сәтбаев қаласының білім бөлімінде әдіскер болып жұмыс істеді. 2008 жылы бөлімнің бас маманы болды.
2012 жылдан бастап 2019 жылға дейін «Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы» КМҚК директоры қызметін атқарды. 2019 жылдан бастап осы тағайындалғанға дейін Қарағанды қаласының білім бөлімінің басшысы болды.
Білім басқармасының бұрынғы басшысы Есенғазы Иманғалиев жаңа жұмысқа ауысуына байланысты лауазымынан босаған болатын.