«NUR OTAN» ПРАЙМЕРИЗІ ОНЛАЙН ФОРМАТТА ӨТЕДІ

«Nur Otan»партиясының биыл 17 тамыз бен 3 қазан аралығында жоспарланған праймеризі онлайн-форматта ұйымдастырылады. Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек хабарлады.

Бауыржан Байбек Фейсбук желісіндегі жазбасында бұл саяси науқанның Қазақстанның партиялық-саяси даму тарихында алғаш рет жалпыреспубликалық партияішілік масштабта өтетінін, партияның «қайта жаңғыруының» және алдағы Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқанына дайындығының қорытынды кезеңдерінің бірі екенін атап өтті.

«Праймериздің негізгі мақсаты – партиялық тізімдерді бәсекелі және айқын негізде қалыптастыру. Нұротандықтар еліміздің барлық аймағында қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын өздері анықтайды», — деген ол коронавирус пандемиясы аталған іс-шараны ұйымдастыру ережесіне өзгеріс әкелгенін жеткізді.

«Өкінішке қарай, коронавирус пандемиясы тыйылар емес және өміріміздің барлық саласына әсер етіп жатыр. Карантин және әлеуметтік оқшаулану жағдайында біз қашықтан жұмыс істеп, өзара әрекет етуге мәжбүрміз. Мұндай жағдай Қазақстанда және әлемде қашанға дейін созыларын ешкім де болжап айта алмайды. Бұл – ішкі саяси процестерді де осыған бейімдеуді талап ететін жаңа құбылыс. Себебі барлығымыз үшін негізгі басымдық – азаматтарымыздың денсаулығы.

Осыған байланысты біз партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партияішілік сайлауда онлайн-форматта дауыс беру механизмін пысықтадық. Саяси кеңес мүшелері Праймериз өткізу ережесіне енгізілген тиісті толықтыруды сырттай дауыс беру арқылы қолдады», — деп жазады ол.

Оның айтуынша, партия қызметін цифрландыру жұмыстары 2014 жылдан басталған. «Nur Otan» елімізде алғашқы болып «Электронды партия» ауқымды жобасын іске асыруға кірісті. Партияның орталықтандырылған деректер базасы, онлайн қоғамдық қабылдауы, веб-порталы жасалып, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жаңа коммуникация арналары енгізілді.

Қазір жаңа цифрлық мүмкіндіктерді халық та қарқынды қолданып жатқан көрінеді. Мәселен, карантин енгізілген сәттен бастап партияға онлайн жүгінушілер саны 5,3 есе, оның ішінде Facebook пен Instagram арқылы – 17,5 есе, ал Whatsapp бойынша – 9,5 есеге артқан. Партияның қоғамдық қабылдауына бірінші жартыжылдықта 224,1 мың адам хабарласыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,6 есеге өскен.

«Электронды партия» жобасы «Праймериз» ақпараттық жүйесін әзірлеуге негіз болды. Ол веб-портал мен мобильді қосымшадан тұрады. Бұл ретте біз шетелдік озық тәжірибелерді зерттеп, тиісінше қолдандық.

Мұнда біз жеті базалық қағидатты басшылыққа аламыз. Атап айтқанда, олар қолжетімділік, автономдылық, айқындық, сенімділік, легитимділік, көп функционалдық және қауіпсіздік қағидаттарын қамтиды. Бұлар жүйені қолдануға жеңіл етіп, ақпараттық қауіпсіздікті, сайлаушының «таңдау құпиясын», сырттан араласу мен бұрмалау тәуекелдерінен қорғауды қамтамасыз етеді», — дейді Партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Б. Байбектің айтуынша, «Праймериз» жүйесі тұрғындармен кері байланысты барынша күшейтіп, сауалнамаларды жедел жүргізуге, түрлі бастамалар мен заң жобаларын талқылауға, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарының пікірлерін тыңдауға мүмкіндік береді.

«Онлайн-формат – партияның ашық әрі қолжетімді бола түсуіне жасалған тағы да бір қадам. Әсіресе, жастар үшін жақсы мүмкіндік. Елбасының тапсырмасы бойынша әрбір мәслихат пен Мәжіліске арналған партиялық тізімдерде кемінде 20% 35 жасқа дейінгі жастарды қамту жоспарланып отыр.

Адал да бәсекелік негізде праймериз өткізу бәріміз үшін маңызды. Сарапшылар қоғамдастығы ағымдағы қоғамдық-саяси мәселелерді шешуде бұдан үлкен үміт күтіп отыр. Мұны таяуда өткен «Nur Otan» жақтастары Лигасының дискуссиясы нақты көрсетті.

Біз Лиганың бүкіл ел көлемінде партияшішілік таңдаудың өткізілу барысына қоғамдық бақылау жасау бойынша бастамасын қолдаймыз», — деді Б. Байбек. 

16:02
384

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020