​Ғимараттар мен құрылыстарды жобалау және салу кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді

Ұлытау облысы, 29 қыркүйек 2026 жыл

Бүгін Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Ғимараттар мен құрылыстарды жобалау және салу кезіндегі өрт қауіпсіздігі» тақырыбында брифинг өтті.

Брифинг спикері – Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Техникалық нормалау бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Шайхин Руслан Амиржанович .

Іс-шара барысында ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу және пайдалануға беру кезеңдеріндегі өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді.

Спикердің айтуынша, құрылыс объектілерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жобалау кезеңінен бастап объектіні пайдалануға бергенге дейін сақталуы тиіс маңызды талаптардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау және құрылыс саласындағы қолданыстағы заңнамасы, техникалық регламенттер мен құрылыс нормалары негізінде жүзеге асырылады.

Брифинг барысында жобалау және құрылыс кезінде ғимараттар арасындағы өртке қарсы арақашықтықтарды сақтау, өрт сөндіру техникасының объектіге кедергісіз кіруін қамтамасыз ету, биік ғимараттар маңында арнайы алаңдарды қарастыру, құрылыс конструкцияларының отқа төзімділік шектерін сақтау және ғимараттарды өртке қарсы бөліктерге бөлу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар объектілерді автоматты өрт дабылы және түтінге қарсы қорғаныс жүйелерімен жабдықтау, ішкі және сыртқы өртке қарсы сумен жабдықтауды қамтамасыз ету, эвакуациялау жолдарының қауіпсіздігін сақтау талаптары айтылды.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде де өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау маңызды. Атап айтқанда, тез тұтанатын материалдарды дұрыс сақтау, бастапқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ отты және дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде тиісті қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді.

Спикер құрылыс объектілерінің жобалық құжаттамасы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы тұрғысынан сараптамадан өтетінін атап өтті. Ал объектіні пайдалануға қабылдау кезінде тапсырыс беруші, мердігер ұйым, авторлық және техникалық қадағалау өкілдері өз құзыреті шегінде жауапты болады.

Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, бекітілген жобалық шешімдерден ауытқу немесе тиісті сәйкестігі расталмаған материалдарды пайдалану заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Брифинг қорытындысында құрылыс саласындағы ұйымдарға жобалау және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтап, азаматтардың өмірі мен денсаулығын және мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

—
20:35
8

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020