ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ МҮЛІК САЛЫҒЫН ТӨЛЕУ МЕРЗІМІ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Ұлытау облысында 54 мыңнан астам азаматқа мүлік салығы есептелді
2026 жылғы 30 қыркүйекте Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жеке тұлғалардың мүлік салығы» тақырыбында брифинг өтті. Брифингке спикер ретінде Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Альсеитов Асыл Абаевич қатысты.
Брифинг барысында жеке тұлғалардың 2025 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі, салықты есептеу тәртібі, жеңілдіктер және электрондық сервистер арқылы салық міндеттемелерін тексеру мен төлеу мүмкіндіктері түсіндірілді.
Спикердің айтуынша, Ұлытау облысында жеке тұлғалардың мүлік салығы 54 мыңнан астам салық төлеушіге есептелген. Есептелген салықтың жалпы сомасы шамамен 39 млн теңгені құрайды.
Жеке тұлғалардың мүлік салығы тұрғын үйлерге, пәтерлерге, саяжай құрылыстарына, гараждарға, тұрақ орындарына және заңнамада көзделген басқа да жылжымайтын мүлік объектілеріне қатысты есептеледі. Салық сомасын азаматтардың өз бетінше есептеуінің қажеті жоқ. Есептеуді мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті мемлекеттік органдар ұсынған мәліметтер негізінде жүргізеді.
Салықты есептеу кезінде жылжымайтын мүлік объектісінің құны, оны нақты иелену кезеңі және меншік иесінің заңнамада көзделген жеңілдіктерге құқығы ескеріледі. Егер мүлік азаматтың меншігінде толық салық кезеңі болмаған жағдайда, салық нақты иелену мерзіміне сәйкес есептеледі.
Мүлік салығы бойынша жеңілдіктерге азаматтардың заңнамада белгіленген жекелеген санаттары ие. Кейбір санаттар үшін салық салу объектілерінің жалпы құны бойынша 1000 АЕК, ал жекелеген жеңілдік санаттары үшін 1500 АЕК шегінде жеңілдіктер қарастырылған.
Бұл ретте 1000 және 1500 АЕК салықтың мөлшері немесе азаматқа төленетін ақша сомасы емес. Бұл – тиісті салық жеңілдігі қолданылатын салық салу объектілері құнының заңнамада белгіленген шегі.
Сонымен қатар, жекелеген санаттағы азаматтарға жер учаскелеріне қатысты да салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Егер азамат жеңілдік алуға құқығы бар санатқа жатса, алайда салық есептеу кезінде жеңілдік ескерілмеген болса, мәліметтерді нақтылау үшін мемлекеттік кірістер органына жүгіну қажет.
Салық төлеушілер есептелген мүлік салығы туралы ақпаратты e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы, Мемлекеттік кірістер комитетінің электрондық сервистері, eGov порталы және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексере алады. Аталған сервистер арқылы салықты онлайн төлеуге де мүмкіндік бар.
Маңызды: 2025 жылға есептелген жеке тұлғалардың мүлік салығын 2026 жылғы 1 қазаннан кешіктірмей төлеу қажет.
2026 жылғы 2 қазаннан бастап төленбеген салық сомасы бойынша салық берешегі қалыптасып, мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі. Салық міндеттемесі орындалмаған жағдайда заңнамада көзделген берешекті өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін.
Осыған байланысты Ұлытау облысының тұрғындарына есептелген салық сомасын алдын ала тексеріп, төлемді белгіленген мерзімде жүзеге асыру ұсынылады.
Әсіресе, 2025 жылы жылжымайтын мүлік сатып алған, сатқан немесе мүлік құрамында өзгерістер болған азаматтарға өздерінің салық есептеулерін тексеруге назар аудару ұсынылады.

Қазіргі таңда электрондық сервистердің көмегімен салық міндеттемесін мемлекеттік кірістер органына бармай-ақ, қашықтан тексеруге және төлеуге мүмкіндік бар.

—
15:05
14

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020