Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Жезқазған қаласына жұмыс сапары барысында жаңадан салынып жатқан Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысымен танысып, жақында күрделі жөндеуден өткізілген қалалық аурухана қалашығында болды.
20 мыңға жуық тұрғын тіркелген қалалық емхана, күніне 250 адамға қызмет көрсететін консультативді-диагностикалық орталық, наркология, медицина колледжінің оқу ғимараты, балалар шипажайы сынды медициналық нысандар орналасқан қалашықта үш жыл бойы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген болатын. Мұнда жұмысқа қажетті Оңтүстік Кореяда жасалған жоғары технологиялық жабдықтар сатып алынған.
Жезқазған медициналық колледжінің аурухана қалашығында орналасқан оқу ғимараты да жөндеуден өтіп, заманға сай жабдықталған. Колледж студенттерінің дуальды оқыту жүйесі аясында білім алып, практикалық дағдыларды жетілдіріп отыруға мүмкіндігі бар.
Дәрігерлермен кездесіп, пікір алмасқан облыс басшысы медицина мамандарына қолдау көрсету басты назарда екенін атап өтті.
-Сіздердің жұмыстарыңыз өте күрделі және маңызды. Күндіз-түні дәрігерлер жүздеген адамның өмірін құтқарады. Сондықтан да біз өз тарапымыздан медицина қызметкерлерінің пәтер мәселесін шешуде көмек көрсетуді жалғастырамыз, — деді Жеңіс Қасымбек.Ол өңірде 300-ге жуық дәрігер осы жылы қызметтік баспана алатынын атап өтті. Жезқазғанда көпқабатты үйлердің бірін сатып алу және жөндеу жұмыстары жоспарланғанын, күзге қарай тағы 50 дәрігер баспана алатынын жеткізді.
Кездесу үстінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жоғары оқу орнын бітіріп келіп, Жезқазғанда еңбек етіп жатқан сегіз жас дәрігерге пәтер кілтін табыс етті.
Сондай-ақ, облыс басшысы қалалық әкімдікте «Қазақмыс» корпорациясының басшылығымен кездесіп, Жезқазғандағы Үйтас-Айдос су желісінің 40 шақырымнан астам ескірген құбырларын толықтай қысқа мерзімде жөндеу бойынша жұмыстардың жүргізілуі туралы жайын талқылап, келісімге келді. Көктемге қарай ЖСҚ әзірлеу шаралары аяқталып, жөндеу жұмыстары басталатын болады.
— Үйтас-Айдос жер асты су тарту құбыры бойынша бұрын апатты учаскелер 2-3 шақырымдық қысқа бөліктермен жөнделген болатын. Енді біз қалған 40 шықырымға созылып жатқан барлық учаскені жөндеуге дайынбыз. Бұған қоса, біз Есқұла жер асты су тарату жүйесі бойынша үш жоба құрып жатырмыз. Қазір жобаларды әзірлеу аяқталу сатысында, қаңтар айының соңында мемлекеттік сараптамаға тапсырылатын болады. Бұл жобаларды жүзеге асыру қаланы сапа лы сумен жабдықтау мәселесін шешуге көмектеседі, — деді «Kazakhmys Copper» АҚ Басқарма төрағасы Бахтияр Қырықпышев.
Жеңіс Махмұтұлы Есқұла су желісінің құрылысын аяқтау үшін «Қазақмыс» корпорациясына ақпан айының аяғына дейін ЖСҚ түзетуді аяқтап және мемлекеттік сараптаманың оң нәтижесін алуды тапсырды.
Жазға дейін Кеңгір өзенінен қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «ЖСЖК» АҚ шаруашылық-ауыз суды тазалау нысанына дейін 1,5 шақырымға созылатын резервтік су желісінің құрылысын аяқтайтын болады.
Су ресурстары комитетінің өкілі 2020 жылы республикалық бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда Есқұла су желісін қайта жаңарту жұмыстарының аяқталатынын растады.