​ЖЕЗҚАЗҒАНДЫҚТАР ГАЗ ЖАҒАТЫН КҮН ЖАҚЫН

«Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалының мониторинг тобы «Сарыарқа» магистральды газ құбырынан Жезқазған қаласына газ тарату желілерінің құрылысымен танысты.

Құрамында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков, «Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының Бірінші орынбасары Сәкен Смағұлов, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Ақансері Сүлейменов, Абай Бағчай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі Дархан Мұхан бар мониторинг топ мүшелері газ желілері тартылған Талап ауылы мен Жезқазған қаласы Пристанционный елді-мекенінде болды.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында Қызылордадан Нұр-Сұлтан қаласына тартылған «Сарыарқа» магистральды газ құбыры бойынан Жезқазған аймағын газбен қамту мақсатында автоматты газ тарату стансасы (АГТС) салынғаны белгілі. Бүгінде бұл стансаның жұмысын «Интергаз Орталық Азия» АҚ Жезқазған желілік-өндірістік басқармасы қамтамасыз етеді. Басқарма стансадан бөлек магистарлды газ құбырының Қызылорда облысы шекарасы мен Жәйрем елді мекеніне дейінгі аралығындағы бөлігіне де қызмет көрсетеді.

-Қазір стансадағы барлық қондырғылар қалаға газ жіберуге дайын. Барлық тексерулер өтті. Қалаға тартылып жатқан құбырлар толық аяқталып, дайын болғанда біз газ жібереміз. Қазір магистральды құбырдан газ келіп тұр. Бұл АГТС-те табиғи газды тазалау, жылыту, қысымды түсіру, есептеу, одаризациялау процесі жүреді. Мұның барлығын біз тексеріп, дайындап қойдық, — дейді «Интергаз Орталық Азия» АҚ Жезқазған желілік-өндірістік басқармасының басшысы Алдияр Абшекенов.

Стансада штат бойынша барлығы 19 адам істейді. Жұмыс негізінен вахта әдісімен ұйымдастырылады. Тұрақты 6 адам жұмыс істейді, оның ішінде 4 оператор жергілікті тұрғын. Вахтамен істейтіндерге Талап ауылынан бір үй жалға алынып, тұрмыстық жағдай жасалған.

Естеріңізде болса, АГТС-тен Талап ауылы мен Жезқазған қаласына газ құбырын тарту былтыр басталған болатын. Бұл 4 қосылу кезеңінен тұратын ауқымды жобаның бірінші сатысы еді. Былтыр мердігер компания «Әлия-Сервис» ЖШС бірінші кезеңнің бірінші кезегіне сай газ тарату стансасынан Жезқазғанға кіреберіске дейін және Талап ауылына газ құбырын тартты. Сондай-ақ, Талап ауылындағы 154 үйдің алдына газ жеткізілген болатын. Биыл Вокзал маңындағы 286 үйге газ құбырлары тартылды. Жоба жұмысына төменгі, орташа, жоғары қысымдағы газ желілерін тарту, газ тарату пунктерін, әр абонентке есептеу құралдарын орнату кіреді.

Бүгінде мердігер компания тартылған құбырларды ауа қысымымен сынап болып, құбыр бойына белгілер орнатып, көшелердегі газ тарату пунктерінің айналасын абаттандырып жатыр.

-Мына жұмыстар қыркүйекке дейін толық аяқталады. 15 тамыздан бастап қызмет көрсетуші мекеме келіп, жұмысын бастайды. Жылу беру маусымына дейін тұрғындар қызмет көрсетуші мекемеден техникалық шартты алып, газ жаға алады, — дейді қала әкімінің орынбасары Қайрат Бапанов.

Енді Жезқазғанда «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының қызмет көрсетуші филиалы құрылып, тұрғындар сол мекемемен келісім шарт негізінде үйіне газ қоса алады.

-Бұл – шыны керек ешкімнің ойына келмеген жағдай. Жезқазғанға газ келеді деген үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін еді. Елбасының бастамасымен магистральды құбыр тартылып, көгілдір отынның игілігін көріп отырмыз. Бұл экология мәселесін шешіп қана қоймай, тұрғындар мен бизнеске де қолайлы жағдай туғызады, — дейді Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков.

Келесі жылы бірінші қосылу кезеңінің екінші кезегіне сай Геология елді мекеніндегі үйлерге газ тартылатын болады. 

10:40
687

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020