ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ МЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануы елдің саяси-құқықтық дамуындағы маңызды тарихи кезең болды. 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдум нәтижесінде қабылданған Ата Заң 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл құжат мемлекеттің алдағы даму бағыттарын айқындап қана қоймай, қоғам мен билік арасындағы өзара жауапкершіліктің жаңа қағидаттарын бекітті.
Жаңа Конституцияның бірінші бабында Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалған. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл қағида мемлекеттік саясаттың басты бағдарын көрсетеді. Яғни кез келген мемлекеттік шешімнің түпкі мақсаты азаматтардың қауіпсіздігін, құқықтарын қорғауды және өмір сүру сапасын арттыруды көздеуге тиіс.
Ата Заңда заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық диалогты дамыту және жауапты отаншылдықты қалыптастыру мемлекеттің негізгі қағидаттары ретінде белгіленген. Сонымен қатар білім, ғылым, инновация, еңбексүйгіштік пен экологиялық мәдениетке ерекше мән берілген.
Бұл бағыттардың барлығы елдің тұрақты дамуына қажетті орта қалыптастыруға арналған. Өйткені құқықтық мемлекет тек заңдардың қабылдануымен ғана емес, олардың күнделікті өмірде әділ әрі бірдей орындалуымен өлшенеді.
Ұлытау облысы үшін де жаңа Конституцияда белгіленген қағидаттардың маңызы зор. Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік жағдайды жақсарту, сапалы білім мен медициналық қызметке қолжетімділікті арттыру – өңір дамуының маңызды бағыттары.

Конституцияның басты құндылығы – адамға бағдарланған мемлекет қалыптастыру. Ал оның нормаларын нақты өмірде жүзеге асыру мемлекеттік органдардың, қоғамның және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігіне байланысты.

—
18:21
9

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020