Адам құқықтарын қорғау – өркениетті және әділетті мемлекеттің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында адамның қадір-қасиеті, өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітілген. Бұл ереже Ата Заңның бүкіл мазмұнына арқау болып, мемлекеттік басқарудың негізгі бағдарын айқындайды.
Конституцияның 15-бабына сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан тиесілі және олардан ешкім айыра алмайды. Бұл құқықтар заңнаманың мазмұны мен қолданылуын айқындайтын негізгі өлшем болып саналады. Әрбір адам өз құқықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілмен қорғауға, оның ішінде сотқа жүгінуге құқылы.
Сонымен қатар 16-бапта заң мен сот алдында барлығының тең екендігі бекітілген. Азаматтарды әлеуметтік жағдайына, жынысына, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, тұрғылықты жеріне немесе өзге де белгілеріне қарай кемсітуге жол берілмейді. Бұл норма қоғамдағы теңдік пен әділеттілікті қамтамасыз етудің құқықтық негізі болып табылады.
Жаңа Конституцияда мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен азаматтарға келтірілген зиянды мемлекет есебінен өтету құқығы да көзделген. Бұл мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін арттырып, азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды кепілдік.
Адам құқықтарын сақтау тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Ол мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысынан бастап, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және сот жүйесіне дейінгі барлық салада көрініс табуы қажет.
Ұлытау облысында да әрбір тұрғынның мемлекеттік қызметтерді тең алуына, сот арқылы қорғалуына, өтініштерінің заң аясында қаралуына және өз құқықтарын еркін жүзеге асыруына жағдай жасау маңызды.
Құқықтары қорғалған азамат – мемлекет тұрақтылығының негізі. Сондықтан жаңа Конституцияның адамға бағдарланған мазмұны қоғамда өзара құрмет, сенім және заңға деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.