​ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ ШАРТЫ

Қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігі заңның үстемдігіне тікелей байланысты. Заң талаптары баршаға бірдей орындалған жағдайда ғана мемлекетте әділдік, қоғамдық тәртіп және өзара сенім қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілуі ерекше маңызға ие.
Заң мен тәртіп – тек құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тарту ұғымымен шектелмейді. Ол ең алдымен әр адамның өз міндетін түсінуін, өзгенің құқығын құрметтеуін және қоғамдық ортада белгіленген ережелерді сақтауын білдіреді.
Конституцияның 16-бабында заң мен сот алдында барлығының тең екендігі нақты көрсетілген. Бұл норма адамның әлеуметтік мәртебесіне, қызметіне немесе материалдық жағдайына қарамастан, заң талаптары бірдей қолданылуға тиіс екенін білдіреді.
Сондай-ақ Ата Заңда адамның жеке бас бостандығына, қадір-қасиетіне және сот арқылы қорғалуына кепілдіктер белгіленген. Азаптауға, зорлық-зомбылыққа және адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттерге жол берілмейді. Мұндай қағидалар құқық қорғау жүйесінің қызметінде ерекше орын алады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрбір азаматтың белсенді ұстанымына да байланысты. Жол қозғалысы ережелерін сақтау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейжай қарамау, интернет алаяқтықтың алдын алу, есірткі мен құқық бұзушылыққа қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру – заң мен тәртіп мәдениетінің нақты көріністері.
Ұлытау облысының қалалары мен аудандарында да қауіпсіз орта қалыптастыру мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің және тұрғындардың бірлескен жұмысына негізделеді.
Заңға құрмет отбасында, мектепте, еңбек ұжымында және қоғамдық ортада қалыптасады. Әр азамат заңды сақтауды тек міндет емес, қоғам алдындағы жауапкершілік деп қабылдағанда ғана қауіпсіз әрі әділетті мемлекет құру мақсаты жүзеге асады.
—
18:23
10

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020