​ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕГІ АЗАМАТ ҚҰҚЫҒЫ: ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖӘНЕ ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРДІ ҚОРҒАУ

Цифрлық технологиялар адам өмірінің барлық саласына еніп, ақпарат алмасу, мемлекеттік қызметтерді алу, қаржылық операциялар жүргізу және күнделікті байланыс жасау тәсілдерін өзгертті. Осындай жағдайда азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау мәселесі ерекше өзектілікке ие болып отыр.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында цифрлық құқықтарды қорғауға конституциялық деңгейде назар аударылған. Атап айтқанда, 21-бапта әр адамның жеке өміріне қол сұғылмау, жеке және отбасы құпиясын сақтау, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдану арқылы дербес деректердің заңсыз жиналуынан, өңделуінен, сақталуынан және пайдаланылуынан қорғалу құқығы бекітілген.
Бұл норма қазіргі қоғам үшін аса маңызды. Себебі азаматтардың жеке мәліметтері электрондық платформаларда, мобильді қосымшаларда, мемлекеттік ақпараттық жүйелерде және түрлі онлайн сервистерде сақталады. Олардың қауіпсіздігі жеке тұлғаның құқықтарын қорғаудың ажырамас бөлігіне айналды.
Конституцияда банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, хат алмасудың, телефон арқылы сөйлесудің және цифрлық байланыс құралдары арқылы берілетін хабарламалардың құпиясы да қорғалатыны көрсетілген.
Бүгінде интернет алаяқтық, жалған сілтемелер арқылы мәлімет ұрлау, банк карталарының деректерін иемдену және азаматтардың атынан заңсыз операциялар жасау сияқты қауіптер кездеседі. Сондықтан цифрлық қауіпсіздік мәселесінде құқықтық сауаттылықтың маңызы артып келеді.
Әрбір азамат белгісіз сілтемелерге өтпеу, құпиясөздерді қорғау, банк кодтарын бөгде адамдарға бермеу және жеке мәліметтерді жариялауда сақ болу сияқты қарапайым қауіпсіздік қағидаларын ұстануы қажет.
Ұлытау облысында да мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшуі тұрғындардың уақытын үнемдеуге және қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда цифрлық қолайлылықпен қатар ақпараттық қауіпсіздік талаптары да қатаң сақталуға тиіс.
Жаңа Конституция цифрлық кеңістіктегі адамның жеке өмірі мен құқықтарын қорғаудың маңызды құқықтық негізін қалыптастырады. Технологиялық прогресс адам қауіпсіздігі мен бостандығына қызмет етуі керек.
—
18:24
10

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020