ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК ЖӘНЕ ЖЕКЕ МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫ – АЗАМАТТАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ
Тұрғын үй мәселесі – әрбір отбасының өміріндегі маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі. Азаматтың баспаналы болуы, жеке мүлкінің қорғалуы және тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алуы қоғамдағы тұрақтылық пен әлеуметтік әл-ауқатқа тікелей әсер етеді.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында тұрғын үйге қол сұғылмау және жеке меншік құқығын қорғау мәселелеріне ерекше мән берілген.
Ата Заңның 28-бабына сәйкес тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз адамды тұрғын үйінен айыруға немесе шығарып жіберуге жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіру, оны қарап-тексеру және тінту заңда белгіленген жағдайлар мен тәртіпке сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
Сонымен бірге мемлекет өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Тұрғын үй заңда белгіленген санаттарға және тәртіпке сәйкес беріледі.
29-бапта азаматтардың заңды түрде алған кез келген мүлкіне жеке меншік құқығы бар екені бекітілген. Меншікке және мұрагерлік құқыққа заңмен кепілдік беріледі. Сот шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды.
Бұл нормалар азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғап қана қоймай, қоғамдағы құқықтық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.
Ұлытау облысында да тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды қолдау, әлеуметтік осал топтардың баспанаға қолжетімділігін арттыру және елді мекендердегі тұрғын үй сапасын жақсарту маңызды міндеттер қатарында.
Сонымен қатар азаматтардың өз мүлкіне қатысты құжаттарды заң талаптарына сәйкес рәсімдеуі, тұрғын үйді сатып алу немесе сату кезінде құқықтық қауіпсіздікке назар аударуы маңызды.
Тұрғын үй мен жеке меншік құқығын қорғау – азаматтардың өз болашағына сеніммен қарауына мүмкіндік беретін құқықтық кепілдіктердің бірі. Сондықтан Конституцияда бекітілген бұл нормаларды білу әрбір тұрғын үшін маңызды.