​ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ – МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІҢ РУХАНИ НЕГІЗІ

Тіл – халықтың тарихи жады, мәдениеті мен ұлттық болмысының негізгі тірегі. Мемлекеттік тілдің дамуы, тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу тәуелсіз мемлекеттің рухани тұтастығын нығайтады.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 9-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі екені нақты бекітілген. Сонымен қатар мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілінің ресми түрде қолданылатыны көрсетілген.
Мемлекет Қазақстан халқы тілдерінің үйренілуі мен дамуына жағдай жасауға қамқорлық көрсетеді. Бұл – еліміздегі тілдік әралуандықты құрметтеудің және қоғамдық келісімді сақтаудың маңызды негізі.
Жаңа Конституцияның кіріспесінде Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтау, төл мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны қорғау құндылықтары да көрініс тапқан.
Ұлытау өңірі үшін бұл қағидаттардың тарихи маңызы ерекше. Ұлытау – қазақ халқының тарихында айрықша орны бар қасиетті мекен. Өңірдің тарихи ескерткіштері, мәдени мұрасы, дәстүрлері мен рухани құндылықтары ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жастардың қазақ тілінде сапалы білім алуына және кәсіби тұрғыда еркін сөйлеуіне жағдай жасау маңызды.
Мемлекеттік тілдің дамуы тек ресми құжат айналымымен шектелмеуі тиіс. Ол ғылымда, ақпараттық технологияларда, мәдениетте, кәсіпкерлікте және күнделікті қоғамдық қарым-қатынаста кеңінен қолданылуы қажет.
Тарихын құрметтеген, тілін қадірлеген және мәдени мұрасын сақтаған елдің рухани негізі берік болады. Жаңа Конституция осы құндылықтарды мемлекеттің ұзақ мерзімді даму бағдарымен байланыстырады.
—
18:46
9

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020