Жезқазған қаласына жұмыс сапары барысында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қаланы сапалы ауыз сумен қамту мәселесі жөнінде жиын өткізген болатын.
Облыс басшысы қалалық әкімдікте «Қазақмыс» корпорациясының басшылығымен кездесіп, Жезқазғандағы Үйтас-Айдос су желісінің 40 шақырымнан астам ескірген құбырын қысқа мерзімде толықтай жөндеу бойынша жұмыстардың жайын талқылап, келісімге келді. Көктемге қарай жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, жөндеу жұмыстары басталатын болады.
— Үйтас-Айдос жер асты су тарту құбыры бойынша бұрын апатты учаскелер 2-3 шақырымдық қысқа бөліктермен жөнделген болатын. Енді біз қалған 40 шықырымға созылып жатқан барлық учаскені жөндеуге дайынбыз. Бұған қоса, біз Есқұла жер асты су тарату жүйесі бойынша үш жоба құрып жатырмыз. Қазір жобаларды әзірлеу аяқталу сатысында, қаңтар айының соңында мемлекеттік сараптамаға тапсырылатын болады. Бұл жобаларды жүзеге асыру қаланы сапа лы сумен жабдықтау мәселесін шешуге көмектеседі, — деді «Kazakhmys Copper» АҚ Басқарма төрағасы Бахтияр Қырықпышев.
Жеңіс Махмұтұлы Есқұла су желісінің құрылысын аяқтау үшін «Қазақмыс» корпорациясына ақпан айының аяғына дейін ЖСҚ түзетуді аяқтап және мемлекеттік сараптаманың оң нәтижесін алуды тапсырды.
Жазға дейін Кеңгір өзенінен қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «ЖСЖК» АҚ шаруашылық-ауыз суды тазалау нысанына дейін 1,5 шақырымға созылатын қосалқы су желісінің құрылысын аяқтайтын болады.
Су ресурстары комитетінің өкілі 2020 жылы республикалық бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда Есқұла су желісін қайта жаңарту жұмыстарының аяқталатынын растады.