Облыстың дамуында көлік инфрақұрылымы маңызды орын алады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ Жезқазған және Қаражал қалаларындағы, Жаңаарқа ауданындағы және Қызылжар станциясындағы төрт теміржол вокзалын жаңғыртты. Жаңартылған нысандар қайта пайдалануға беріліп, жолаушыларға қызмет көрсетуде.
Өңір үшін Жезқазған – Қызылорда және Жезқазған – Арқалық автомобиль жолдарының құрылысын аяқтап, пайдалануға беру ерекше маңызға ие. Бұл жобалар көлік қатынасын жақсартуға, жүк және жолаушылар тасымалына қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Жезқазған – Қарағанды автомобиль жолының құрылысы жалғасуда. Жол желісін дамыту облыстың көлік-логистикалық әлеуетін нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Денсаулық сақтау саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ұлытау ауылында 20 төсек-орындық аурухана мен бір ауысымда 100 адам қабылдауға арналған емхананың құрылысы жүргізілуде. Нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Жезқазған қаласында «Zhyly Zhurek» қорының қолдауымен биылғы шілде айынан бастап бір ауысымда 250 адам қабылдайтын жаңа емхана салынып жатыр.
Сондай-ақ облыс орталығының медициналық инфрақұрылымын жаңғырту аясында онкологиялық корпус пен перинаталдық орталық салу көзделген. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жақын арада бастау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» АҚ-мен қол жеткізілген келісімдер аясында Жезқазғанда балаларға арналған инклюзивті оңалту орталығы мен заманауи инклюзивті спорт кешенін салу жоспарлануда.
Өңірдің спорт, мәдениет және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Атап айтқанда, «Qarmet» АҚ Қаражал қаласында балабақша салуды жоспарлап отыр. Ал «Қазақмыс» корпорациясы 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында Жезқазғанда 800 орындық Конгресс-орталықтың, теннис орталығы мен жаңа стадионның құрылысын бастауды көздеп отыр.
Аталған жобаларды жүзеге асыру инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға және Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған.