ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫНДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

2026 жылғы 10 қарашада Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жезқазған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Құйқабаев Дидар Нұртуғанұлының қатысуымен брифинг өтті.
Брифинг барысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі, балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу, сондай-ақ су айдындарындағы мұз қауіпсіздігі мәселелері сөз болды.
Жылыту маусымындағы қауіпсіздік
Қазіргі уақытта Жезқазған қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы жылыту маусымына байланысты тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және улы газдан улану жағдайларының алдын алу бағытында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Жылыту кезеңінде өрттердің және улы газдан улану жағдайларының негізгі себептері пештерді пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы, мұржалардың уақытылы тазаланбауы, электр жылыту құралдарын дұрыс пайдаланбау және газ жабдықтарының техникалық ақауларына байланысты.
Осыған орай, Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың, полиция қызметінің және басқа да мүдделі мекемелердің өкілдерімен бірлесіп, тұрғын үйлерді аралау жұмыстарын жүргізуде.
Аралау барысында азаматтарға пештерді қауіпсіз пайдалану, мұржаларды күйеден уақытылы тазалау, пештің жанында жанғыш заттарды сақтамау және оны қараусыз қалдырмау талаптары түсіндірілуде.
Сондай-ақ электр қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Тұрғындарға электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу, зақымдалған
сымдарды пайдаланбау, электр жылытқыштарын қосулы күйде қараусыз қалдырмау және қолдан жасалған жылыту құрылғыларын пайдаланбау жөнінде ескертулер берілуде.
Улы газдан уланудың алдын алу мақсатында пешпен жылытылатын тұрғын үйлерге көміртегі тотығын анықтайтын арнайы датчиктер орнатудың маңыздылығы түсіндірілуде.
Профилактикалық жұмыстар барысында әлеуметтік осал топтағы отбасыларға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қарттарға және ерекше назар аударуды қажет ететін азаматтарға басымдық берілуде.
Балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу
Брифингте балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан көпқабатты тұрғын үйлерде ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ата-аналарға балаларды үйде қараусыз қалдырмау, ашық терезелердің жанында бақылаусыз қалдырмау және терезелерге арнайы қауіпсіздік құлыптары мен бекіткіштер орнату қажеттігі түсіндірілуде.
Сонымен қатар москит торлары баланың салмағын көтере алмайтыны және оның құлаудан қорғайтын құрал еместігі ескертіледі.
Мамандар терезе маңына балалардың көтерілуіне мүмкіндік беретін үстел, орындық, диван және басқа да жиһаздарды орналастырмауға шақырады.
Балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің жауапкершілігіне байланысты. Осы бағытта әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық бейнероликтер, ескерту материалдары мен жадынамалар тұрақты түрде жариялануда.
Мұз үстіндегі қауіпсіздік
Қыс мезгілінің басталуына байланысты су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі де ерекше бақылауға алынған.
Ауа температурасының төмендеуіне қарамастан, су айдындарындағы мұздың қалыңдығы барлық жерде бірдей болмайды. Әсіресе өзендердің ағысы бар учаскелерінде, көпірлердің маңында, су өсімдіктері өскен және су асты бұлақтары орналасқан жерлерде мұз жұқа әрі қауіпті болуы мүмкін.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындар арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарын жүргізуде.
Кеңгір су қоймасы және басқа да су айдындары маңында тұрғындарға, балық аулаушыларға және демалушыларға мұз үстіне шығу кезіндегі қауіптер түсіндірілуде. Балалардың су айдындарына ересектердің қарауынсыз баруына жол бермеу мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарында оқушылармен кездесулер өткізіліп, мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері, қауіпті жағдай туындаған кездегі әрекет ету тәртібі және суға түсіп кеткен адамға алғашқы көмек көрсету жолдары түсіндірілуде.
Тұрғындарға мұздың қауіпсіз қалыңдығына көз жеткізбей оның үстіне шықпау, белгіленбеген орындарда мұз үстімен жүрмеу, сондай-ақ қараңғы уақытта және қолайсыз ауа райында су айдындарына бармау қажеттігі ескертіледі.
Профилактикалық жұмыстар жылыту маусымы мен қысқы кезең бойы тұрақты түрде жалғасады.
Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласуға шақырады.

Адам өмірі мен қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік.

—
17:04
10

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020