Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – әділетті қоғам құрудың, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтудың және заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды алғышарты.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек заң талаптарын сақтаумен немесе құқық бұзушылықтарға қарсы күреспен шектелмейді. Бұл – қоғамда адалдық, әділдік, парасаттылық және жауапкершілік құндылықтарын орнықтыруға бағытталған жүйелі жұмыс.
Осы бағытта азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, жастардың бойында адалдық қағидаттарын қалыптастыру және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік таныту ерекше маңызға ие.
Адал қоғам әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Заңды құрметтеу, пара бермеу және алмау, әділетсіздікке бейжай қарамау – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің негізгі қағидаттары.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуда отбасы мен білім беру ұйымдарының рөлі айрықша. Өскелең ұрпаққа адал еңбек етудің, өз ісіне жауапкершілікпен қараудың және әділ шешім қабылдаудың маңызын түсіндіру арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға болады. Адалдық пен парасаттылық құндылықтары жас кезден берік орныққанда, олар азаматтың өмірлік ұстанымына айналады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін жетілдіру, цифрландыруды дамыту, шешім қабылдау рәсімдерінің ашықтығын арттыру және қоғамдық бақылауды күшейту сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді. Мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара сенім мен жауапкершілік қағидаттарын нығайту – тиімді мемлекеттік басқарудың маңызды шарттарының бірі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ міндеті. Тек бірлескен күш-жігер арқылы адалдық пен әділдік үстемдік ететін қоғам құруға болады.
Адалдық – әр азаматтың таңдауы, әділдік – қоғамның тірегі!
Б.МҰХТАР,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы.