САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

БАҒДАРЛАМАНЫҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТЫ

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ

БЕКЕТАЕВ МЕДЕТ БАГДАТОВИЧТІҢ

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

«ҰЛЫТАУ – ӨРКЕНДЕГЕН ӨЛКЕ, АУЫЛ – ЕЛДІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ!»

АУЫЛДЫ ДАМЫТУ – ЭКОНОМИКАНЫ НЫҒАЙТУ – ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ!

ҚҰРМЕТТІ ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!

      Мен, Бекетаев Медет Багдатович, «Ауыл» партиясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша өңірлік филиалының 2026 жылғы 21 қазанда өткен кезектен тыс IV- Конференциясында, бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Ұлытау облысы мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде туған өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығының өркендеуіне, кәсіпкерлікті дамуытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған өз сайлауалды бағдарламамды ұсынамын.

Ұлытау – қазақ халқының тарихында ерекше орны бар, табиғи байлығы мен экономикалық әлеуеті мол, еңбекқор халқымен ерекшеленетін қасиетті өлке. Облыстың дамуына қажетті табиғи ресурстар, кең жайылымдық жерлер, ауыл шаруашылығын дамыту мүмкіндіктері, тарихи-мәдени мұралар мен кәсіпкерлік әлеует бар.

Алайда осы мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін жүйелі жұмыс, нақты жоспар, инвестиция тарту және мемлекеттік қолдау қажет.

Мен Ұлытау облысын болашақта ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған, мал және егін шаруашылығы өркендеген, ауыл шаруашылығы өнімдері өңделетін, туризм мен кәсіпкерлік дамыған, жастарға жаңа жұмыс орындары ашылған, инфрақұрылымы жаңартылған және тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру жағдайлары қалыптасқан облыс ретінде көргім келеді.

Біздің басты міндетіміз – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, жергілікті өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауылдарға инвестиция тарту және әрбір елді мекеннің әлеуметтік жағдайын жақсарту.

Менің негізгі ұстанымым – ауыл мәселелерін ауыл тұрғындарымен бірлесе отырып, шешу және әрбір бастаманы нақты нәтижеге бағыттау

Ұлытау облысының қалалары мен ауылдық елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету, ауыл шаруашылығын қолдау, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, еңбек адамдарының мүдделерін қорғау және өңірдің тұрақты дамуына жағдай жасау.

«Ауыл» партиясы Ұлытау облысының тұрғындары үшін әділетті мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етуді, қолжетімді азық-түлікпен қамтуды, сапалы инфрақұрылымды дамытуды, әлеуметтік қолдауды күшейтуді, білім мен ғылымды дамытуды, отбасы құндылықтарын нығайтуды және қоршаған ортаны қорғауды басым бағыттар ретінде айқындайды.

Бағдарлама Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларының, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының, кенттер мен ауылдардың қажеттіліктерін ескере отырып, халықпен тұрақты кері байланыс орнату қағидатына негізделеді.

КІРІСПЕ

Ұлытау облысы – Қазақстанның тарихи-өнеркәсіптік маңызы зор, мыс және басқа да пайдалы қазбаларды өндіру саласы жақсы қазбаларды өндіру саласы жақсы дамыған, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту әлеуеті жоғары өңір. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының өндірістік мүмкіндіктері, сондай-ақ аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің әлеуеті өңірдің экономикалық дамуының негізін құрайды.

Облыс 2022 жылғы 8 маусымда құрылды. Облыс орталығы – Жезқазған қаласы. Жалпы жер көлемі – 188 936,6 км². Халық саны – 217,3 мың адам, оның ішінде қала халқы – 173,1 мың адам, ауыл халқы – 44,2 мың адам. Әкімшілік-аумақтық құрылымы – 3 қала, 2 аудан және 72 ауылдық елді мекен. Қалалары: Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал; аудандары: Ұлытау және Жаңаарқа.

Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 2 711,7 км, нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі – 91%. Су тапшылығы, ауызсу желілерінің тозуы, ауылдық жолдардың сапасы, өндірістік шығарындылар мен тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселелері өзекті болып отыр. Қолда бар деректерге сәйкес, 34 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының 32-сі экологиялық талаптарға сәйкес келмейді.

Алайда өңірдің экономикалық дамуы, ең алдымен, тұрғындардың өмір сүру сапасынан көрініс табуы тиіс. Таза қоршаған орта, қауіпсіз еңбек жағдайлары, тұрақты жылумен жабдықтау, сапалы ауызсу, жөнделген жолдар, қолжетімді әлеуметтік нысандар, дамыған инфрақұрылым және әрбір қала мен ауылдағы қолайлы тұрмыс жағдай – жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалайтын негізгі көрсеткіштер.

«Ауыл» партиясы Ұлытау облысының мәслихаттары депутаттарының сайлауына өңір тұрғындарының нақты қажеттіліктері мен өзекті мәселелеріне негізделген бағдарламамен қатысады. Біз орындалуы мүмкін емес уәделер бермейміз. Мәслихат депутаттарының өкілеттіктері шеңберінде жергілікті бюджет, өңірлік даму бағдарламалары, депутаттық сауалдар, қоғамдық тыңдаулар және бақылау тетіктері арқылы тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешілуіне ықпал етеміз.

Әрбір маңызды мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органды, қаржыландыру көзін және күтілетін нәтижені нақты айқындауға күш саламыз. Біздің мақсатымыз – Ұлытау облысының экономикалық әлеуетін тиімді пайдалануға, қала мен ауыл арасындағы даму алшақтығын азайтуға және өңір тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған нақты ұсыныстарды ұсыну.

ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ХАЛЫҚПЕН АШЫҚ ДИАЛОГ

Мақсаты: әрбір тұрғынның құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру және халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту.

«Ауыл» партиясы әрбір азаматтың пікірі ескеріліп, әлеуметтік жағдайы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, заң алдында тең мүмкіндіктерге ие болуы тиіс деп санайды.

Негізгі міндеттер:

Тұрғындардың жол, ауызсу, жылу, электр энергиясы, интернет, жер, жайылым және әлеуметтік қызметтерге қатысты өтініштерін жүйелі түрде жинақтап, олардың шешілуіне ықпал ету.

Жергілікті бюджет жобаларын талқылау үдерісіне тұрғындардың, қоғамдық ұйымдардың және ауыл белсенділерінің қатысуына жағдай жасау.

Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын қоғамдық бақылау тетіктері арқылы мониторинг жүргізуге ықпал ету.

Партия жұмысының нәтижелері туралы халыққа тұрақты түрде есеп беріп, тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері бойынша кері байланыс орнату.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ

Мақсаты: жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру, фермерлерді қолдау және тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету.

Ұлытау облысы үшін мал шаруашылығын дамыту, жайылымдарды тиімді пайдалану, ауыл кәсіпкерлерінің мүмкіндіктерін кеңейту және өндірілген өнімді өңдеу мен өткізу тізбегін қалыптастыру ерекше маңызды.

Мысалға Ұлытау ауаны бойынша:

Ұлытау ауданының басты экономикалық әлеуеттерінің бірі – ауыл шаруашылығы. Ауданның кең байтақ жері мен табиғи ерекшеліктері мал және егін шаруашылығын қатар дамытуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы тек өнім өндірумен шектелмеуі керек. Оның тиімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу, өнімді өңдеу және өткізу жүйесін дамыту қажет.

Осы бағытта:

Сапалы тұқыммен, тыңайтқыштармен және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелерін көтеру;

Егістік алқаптарын тиімді пайдалану және өнімділікті арттыруға бағытталған агротехнологияларды енгізуді қолдау;

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту және шағын шаруашылықтардың бірлесіп жұмыс істеуіне жағдай жасау;

Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған қоймаларды салу және жаңғыру жобаларын қолдау;

Жергілікті өнім өндірушілердің облыстық және республикалық нарықтарға шығуына ықпал ету;

Фермерлерге мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетуді күшейту.

Егін шаруашылығын дамыту

Ұлытау ауданында егін шаруашылығының әлеуетін арттыру үшін қолданыстағы егістік жерлерді тиімді пайдалану және өнімділікті көтеру маңызды.

Басым бағыттар:

Бидай, арпа және өңірдің климаттық жағдайына бейімделген басқа да дақылдарды өсіруді қолдау.

Құрғақшылыққа төзімді тұқым сорттарын қолдануды дамыту.

Егін жинау науқаны кезінде шаруаларға техника және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелері бойынша қолдау тетіктерін жетілдіру.

Астық сақтау қоймаларын салу және қолданыстағы қоймаларды жаңарту.

Егін шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу.

Өнімділікті арттыруға бағытталған ғылыми және агротехникалық тәжірибелерді шаруашылықтарға енгізу.

Мал шаруашылығын дамыту

Ірі қара, қой және жылқы шаруашылығын дамыту;

Асыл тұқымды мал басын көбейту арналған бағдарламалардың қолжетімділігін арттыру;

Мал шаруашылығы өнімдерін сақтау және тасымалдау жүйесін дамыту;

Ет және сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашуға инвестиция тарту.

Мақсат – Ұлытау ауданында ауыл шаруашылығын табысты кәсіпке айналдыру, фермерлердің табысын арттыру және ауыл экономикасының тұрақты дамуына негіз қалыптастыру.

III. ЕТ ЖӘНЕ СҮТ ӨНІМДЕРІН ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІН ҚҰРУ

Ұлытау ауданында мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол болғанымен, өндірілген өнімді терең өңдеу мәселесіне ерекше назар аудару қажет.

Мал өсірумен қатар, ет және сүт өнімдерін өңдеуді дамыту арқылы қосымша жұмыс орындарын ашуға, жергілікті бюджетке түсетін кірісті арттыруға және аудан экономикасын әртараптандыруға болады.

Менің бастамаларым:

Аудан аумағында заманауи мал сою және етті алғашқы өңдеу пункттерін ашу жобаларын қолдау;

Ет өнімдерін сақтауға арналған тоңазытқыш қоймаларын салуға ықпал ету;

Шағын ет өңдеу және жартылай фабрикат өндіру цехтарын ашуға кәсіпкерлерді тарту;

Сүт жинау және өңдеу пункттерін ұйымдастыру;

Сүт өнімдерін өндіретін шағын кәсіпорындар ашуды қолдау;

Жергілікті өнімдерді қаптау, таңбалау және сауда желілеріне жеткізу жүйесін дамыту;

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы өнімді бірлесіп өткізуге жағдай жасау.

Ұсынылатын негізгі жоба: «Ұлытау – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу орталығы».

Жобаның мақсаты – аудан аумағында өндірілген ет, сүт және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жергілікті жерде өңдеу арқылы қосылған құн қалыптастыру.

Күтілетін нәтиже:

Жаңа өндірістік кәсіпорындардың ашылуы;

Ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарының құрылуы;

Фермерлердің өнім өткізу мүмкіндіктерінің кеңеюі;

Жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің артуы;

Аудан экономикасына қосымша инвестиция тартылуы.

IV. ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Ұлытау ауданы үшін жайылымдық жерлер мен су мәселесі – мал шаруашылығының дамуына тікелей әсер ететін маңызды мәселелердің бірі.

Ауылдық округтерде мал жаюға қолайлы жайылымдық жерлердің қолжетімді болуы және шалғайдағы жайылымдарда су көздерінің болуы қажет.

Осы бағытта:

Ауылдық округтердегі жайылымдық жерлерге деген қажеттілікті анықтау;

Жайылым тапшылығын азайту бойынша жүйелі ұсыныстар әзірлеу;

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін заңнамаға талаптарына сәйкес ауыл шаруашылығы айналымға енгізу;

Шалғайдағы жайылымдарда құдықтар мен су ұңғымаларын салу;

Ескі құдықтар мен су көздерін қалпына келтіру;

Мал суаруға арналған су инфрақұрылымын жаңарту;

Жайылымдық жерлердің тозуының алдын алу;

Су тапшылығы бар аумақтарды анықтап, оларды сумен қамтамасыз ету жөніндегі жобаларын әзірлеу;

Су көздерін тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу.

Басты мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға жайылымдық жерлер мен су мәселесін шешуде нақты қолдау көрсету.

Негізгі міндеттер:

Жайылымдық жерлердің тапшылығы, шалғай жайылымдарға қолжетімділік және мал суаратын орындар мәселелерін шешуге ықпал ету.

Құдықтар мен суаттарды қалпына келтіру, жайылымдарды суландыру және жер ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі жобаларды қолдау.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, сұрыптау, тасымалдау және қайта өңдеу кәсіпорындарын дамытуға жағдай жасау.

Ет, сүт, жүн және басқа да жергілікті өнімдерді өткізуге арналған кооперативтер құруға және тұрақты өткізу арналарының қалыптасуына қолдау көрсету.

СЕНІМДІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ АУЫЛДАРДЫҢ ӨМІР САПАСЫ

Мақсаты: қалалар мен ауылдар арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықты азайту, тұрғындарды сапалы ауызсумен, жолмен, электр энергиясымен, жылумен және интернетпен қамтамасыз етуге ықпал ету.

Ұлытау облысының шалғай елді мекендері үшін инженерлік инфрақұрылымның қолжетімділігі – халықтың тұрмыс сапасы мен ауылдардың болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі.

Негізгі міндеттер:

Газдандыру жобаларын кезең-кезеңімен жүзеге асыруға, тұрғындарға газ желілеріне қосылу мүмкіндіктері туралы ақпарат беруге ықпал ету.

Шалғай ауылдардағы ұялы байланыс пен жоғары жылдамдықты интернет сапасын жақсарту, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселесін көтеру.

Ауылдардағы медициналық пункттерді, мектептерді, мәдениет үйлерін, спорт алаңдарын және балалар ойын алаңдарын дамытуға қолдау көрсету.                                                                                                                                                    

Қоғамдық көлік қызметінің сапасын және аудан орталықтарына қатынайтын бағыттардың қолжетімділігін жақсарту жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

Ауылдардағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының жағдайын зерделеп, жөндеу мен жаңғыртуды қажет ететін нысандардың тізбесін қалыптастыру.

ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТ ЖӘНЕ ЕҢБЕК АДАМЫН ҚОЛДАУ

Мақсаты: халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік осал топтарды қолдау және әрбір азаматтың лайықты еңбек етуіне жағдай жасау.

Негізгі міндеттер:

Зейнеткерлердің, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, жалғызбасты ата-аналардың, мүгедектігі бар азаматтардың және олардың отбасыларының өзекті мәселелерін жүйелі түрде қарастыру.

Әлеуметтік көмек пен мемлекеттік қолдау шаралары туралы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖАСТАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ

Мақсаты: қала мен ауыл балаларына сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау, мұғалімдердің мәртебесін көтеру және жастардың өңірде білім алып, еңбек етуіне жағдай жасау.

Негізгі міндеттер:

Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту, пәндік кабинеттерді, зертханаларды, кітапханаларды және компьютерлік жабдықтарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу.

Мектептердегі интернет сапасын жақсарту, цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділікті арттыру.

Шалғай ауылдардағы оқушылардың мектепке қауіпсіз қатынауын қамтамасыз ету, мектеп автобустарына деген қажеттілікті анықтау және оқушылар тасымалдау сапасын жақсартуға ықпал ету.

Ауыл балаларының қосымша білім беру ұйымдарына, өнер мектептеріне, спорт секцияларына және түрлі үйірмелерге қатысуына жағдай жасау жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу бағдарламаларын өңір кәсіпорындарының кадрларға деген қажеттіліктерімен сәйкестендіруге ықпал ету.

Жастардың ғылымға, инновацияға, цифрлық технологияларға және ауыл шаруашылығындағы заманауи әдістерге қызығушылығын арттыру.

Ұлытау өңірінің тарихын, ұлттық мәдениеті мен тарихи-мәдени мұрасын білім беру үдерісінде және жастар тәрбиесінде кеңінен насихаттау.

ОТБАСЫ САЯСАТЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Мақсаты: отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау, ұрпақ тәрбиесін қолдау және ұлттық дәстүрлерді сақтау.

Негізгі міндеттер:

Отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, көпбалалы және жас отбасыларды қолдау тетіктерін жетілдіруге ықпал ету.

Жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламаларының қолжетімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізу.

Отбасылық құндылықтарды, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті, жауапкершілік пен өзара сыйластықты насихаттау.

Ұлытау өңірінің тарихи мұрасын, ұлттық салт-дәстүрлері мен қолөнерін жас ұрпаққа кеңінен таныту.

Қарт адамдардың өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған «Ұрпақтар сабақтастығы» кездесулерін ұйымдастыруға ықпал ету.

Отбасылық кәсіпкерлікті, ауылдық жерлердегі әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын және аналардың қоғам өміріне белсенді қатысуын қолдау.

ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАРДЫ ҚОРҒАУ

Мақсаты: Ұлытау облысының табиғи байлығын сақтау, экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі таза қоршаған орта қалыптастыру.

Өнеркәсіптік өндіріс дамыған өңір үшін ауа сапасын жақсарту, су ресурстарын қорғау, өндірістік қалдықтарды басқару және елді мекендерді көгалдандыру мәселелері ерекше өзекті.

Негізгі міндеттер:

Жезқазған, Сәтбаев және Қаражал қалаларындағы ауа сапасын жақсарту, өндірістік кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру жөніндегі бастамаларды қолдау. 

Өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсері туралы ақпараттың ашықтығын арттыруға және экологиялық мониторинг нәтижелерінің тұрғындар үшін қолжетімді болуына ықпал ету.

Кеңгір су қоймасын және өңірдегі басқа да су көздерін қорғау, су сапасын бақылау, суды үнемдеу және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін көтеру.

Қалалар мен ауылдарда тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау және шығару жүйесін жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізу.

Жайылымдарды тозудан қорғау, жердің құнарлылығын сақтау, шөлейттенуге қарсы шараларды жүзеге асыру және табиғи аумақтарды қалпына келтіру бастамаларын қолдау.

Жаңарқа және Ұлытау аудандарындағы су тапшылығы мен жайылымдық жерлердегі мал азығының жетіспеушілігі мәселелерін шешуге ықпал ету.

БАҒДАРЛАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУ ТЕТІКТЕРІ

Қала, аудан, кент және ауыл тұрғындарының ұсыныстарын жинақтап, негізгі мәселелердің өңірлік тізбесін қалыптастыру.

Әр бағыт бойынша басым мәселелерді анықтап, оларды шешуге арналған нақты ұсыныстар әзірлеу.

Мәслихат депутаты ретінде тиісті мәселелерді депутаттық сауалдар жолдау, тұрақты комиссиялардың отырыстары мен мәслихат сессияларында көтеру.

Жергілікті бюджеттерге қажетті жобаларды енгізу және оларды облыстың даму жоспарларында ескерту жөнінде ұсыныстар беру.

Мемлекеттік органдармен, кәсіпорындармен, қоғамдық ұйымдармен, шаруа қожалықтарымен және жастар ұйымдарымен ынтымақтастықты дамыту.

Әрбір көтерілген мәселе бойынша жауапты мекемені, шешу мерзімін және күтілетін нәтижені айқындауға ықпал ету.

Халықпен тұрақты кездесулер өткізіп, атқарылған жұмыстар туралы ақпарат жариялау.

Бағдарламаның орындалу барысын жыл сайын талдап, нәтижелері бойынша партияның өңірлік филиалының есебін ұсыну.

БАҒДАРЛАМАНЫҢ ТҮПКІ МАҚСАТЫ

Бағдарламаның түпкі мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту, еңбек адамын қолдау, жастардың болашағына жол ашу және өңірдің тұрақты дамуына үлес қосу.

Мен үшін әрбір ауылдың мәселесі маңызды. Әрбір тұрғынның өтініші назардан тыс қалмауы керек. Әрбір бастама нақты нәтижеге бағытталуы тиіс.

Менің ұстанымым – халықпен бірге жұмыс істеу, өзекті мәселелерді ашық көтеру және олардың шешілуіне жүйелі түрде ықпал ету.

Ауылдың дамуы – елдің дамуы. Еңбек адамына құрмет – қоғамның берекесі. Ұлытаудың өркендеуі – ортақ мақсатымыз!

Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз!

ҚОРЫТЫНДЫ

Ұлытау облысы – өнеркәсіптік даму, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, таза қоршаған орта және тұрғындардың жайлы тұрмысы өзара үйлесім тапқан өңір болуы тиіс.

Қала мен ауыл тұрғындары сапалы ауызсумен, тұрақты жылумен, жақсы жолдармен және қолжетімді әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіліп, кәсіпкерлікті дамытуға қажетті мүмкіндіктерге ие болуы керек. Сонымен қатар мемлекеттік қаражат ашық әрі тиімді жұмсалуы қажет. 

Депутатың жұмысы айтылған сөзбен емес, шешілген мәселелермен және тұрғындардың өмір сүру сапасындағы нақты өзгерістермен бағалануы тиіс.

Мен осы басымдықтарды жүйелі түрде қорғауға, тұрғындардың мүддесін білдіруге және атқарылған жұмыстар туралы тұрақты түрде есеп беруге ниеттімін.

Менің мақсатым – тек бүгінгі мәселелерді шешу ғана емес, Ұлытау ауданының келешек ұрпаққа қалатын берік экономикалық және әлеуметтік негізін қалыптастыруға үлес қосу.

Ауылға жағдай жасалса – ауыл өркендейді. Кәсіпкерге қолдау көрсетілсе – экономика дамиды. Жастарға мүмкіндік берілсе – болашақ нығаяды.

БІЗДІҢ МАҚСАТ – ӨРКЕНДЕГЕН ҰЛЫТАУ, ДАМЫҒАН АУЫЛ, ӘЛ-АУҚАТЫ АРТҚАН ХАЛЫҚ!

«АУЫЛҒА ҚОЛДАУ – ЕЛГЕ ҚОЛДАУ!»

«ҰЛЫТАУДЫҢ ӨРКЕНДЕУІ – БІЗДІҢ ОРТАҚ МАҚСАТЫМЫЗ!»

Бекетаев Медет Багдатович, 

«Ауыл» партиясы РҚБ Ұлытау облысы мәслихатының депутаттығына кандидат. 

—
17:22
25

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020