Қазақстандықтардың цифрлық сауаттылығы екі жылда бір жарым есе артты

Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 193 елдің ішінде 24-орыннан 16-орынға көтеріліп, алғаш рет ең жоғары VH рейтингілік тобына енді. Бұл топқа электрондық үкіметі барынша дамыған 21 мемлекет кіреді. Енді Қазақстан Корея Республикасы, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ сияқты елдермен бір қатарда тұр. 2026 жылы VH тобына алғаш рет үш мемлекет – Қазақстан, Ирландия және Польша енді.

Соңғы екі жылда Қазақстан рейтингте сегіз сатыға жоғарылап, 2024 жылы өзінен жоғары тұрған Швеция, Германия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапонияны басып озды. Қазақстанның индекс көрсеткіші 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті. Ал әлемдік орташа көрсеткіш – 0,6675. БҰҰ баяндамасында Қазақстанның бұл нәтижесі рейтинг көшбасшылары арасындағы ең елеулі өсімдердің бірі ретінде аталған. Сонымен қатар цифрлық мемлекет құрудың танылған үлгісі саналатын Эстониямен арадағы алшақтық екі жыл ішінде төрт есе қысқарған.

2. Өңірдегі бірінші орын және табыс деңгейі орташа елдер арасындағы жалғыз көшбасшы

Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасында бірінші орынды сақтап отыр. Әлемдік рейтингте Өзбекстан – 32-орында, Әзербайжан – 38-орында, Ресей – 50-орында.

БҰҰ баяндамасында Орталық Азия 2026 жылғы басты табыс тарихтарының бірі ретінде аталып, өңірдің Қазақстанның нәтижесінде алғаш рет көшбасшы елдер тобына енгені көрсетілген.

Қазақстан – ең жоғары VH рейтингілік тобындағы жалғыз мемлекет әрі табыс деңгейі жоғары елдер тобына жатпайтын жалғыз ел. БҰҰ баяндамасында қолданылған жіктеуге сәйкес, Қазақстан табысы орташадан жоғары мемлекеттер қатарына жатады, ал осы топтағы қалған елдердің барлығы табысы жоғары мемлекеттер болып саналады.

Басқаша айтқанда, Қазақстан ресурстары әлдеқайда шектеулі бола тұра, әлемнің жетекші экономикалары деңгейіндегі цифрлық мемлекет қалыптастыра алды.

3. БҰҰ нені бағалады: қолжетімді интернет, цифрлық сауаттылықтың артуы және мемлекеттік қызметтердің бірыңғай жүйесі

Қазақстанның көрсеткіштері негізгі бағыттардың барлығы бойынша өскен. Ең үлкен серпіліс байланыс саласында байқалды. Мобильді байланыс пен интернеттің қолжетімділігі бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте шамамен 41-орыннан 13-орынға көтерілді.

Білім беру мен дағдылар деңгейі бойынша ел шамамен 42-орыннан 28-орынға көтерілді. Ал цифрлық сауаттылық көрсеткіші екі жылда шамамен бір жарым есе өсті. Цифрлық үкіметтің құқықтық базасы БҰҰ тарапынан ең жоғары бағаға ие болды.

eGov.kz және eGov Mobile экожүйесі интеграцияланған цифрлық мемлекеттің үлгісі ретінде, ал alem.ai халықаралық орталығы білім беру, зерттеу, стартаптар мен қолданбалы жасанды интеллектті дамытуға арналған алаң ретінде атап өтілді.

БҰҰ сарапшыларының бағалауынша, Қазақстан қол жеткізген жоғары деңгейіне сүйене отырып, өз позициясын нығайтуды жалғастырып келеді. Мұндағы басты ерекшелік – жекелеген сайттардың болуы емес, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл платформалары, цифрлық сәйкестендіру, мобильді сервистер мен ХҚКО-лар біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін цифрлық экожүйенің қалыптасуы.

4. Қазақстан бұл нәтижеге қалай қол жеткізді?

Бұл нәтиже Мемлекет басшысының Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру жөніндегі тапсырмасын іске асырудың тікелей нәтижесі болды. 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды.

Соңғы жылдары Қазақстанда цифрлық мемлекет жүйесі іс жүзінде жаңадан қалыптастырылды. Ел мемлекеттік жүйелерді заманауи технологияларға көшіріп, миллиондаған қазақстандық күн сайын мемлекетпен өзара іс-қимыл жасайтын eGov порталын толықтай жаңғыртты.

Мемлекеттік деректер базалары біріктірілді. Соның арқасында азаматтарға анықтамалар жинап, құжаттарды өз бетінше тіркеудің қажеті жоқ – жүйе қажетті мәліметтерді автоматты түрде өзі алады.

Қызметтерді жеке барып алуды қалайтын азаматтар үшін өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған AI-аймақтар ашылуда. Ал кәсіпкерлер eGov Business платформасын пайдаланып, қағаз құжат айналымынан бас тартуға мүмкіндік алды.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді. eGov.kz порталында 16,4 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. 2026 жылғы қаңтар-қазан аралығында 51 миллионнан астам қызмет көрсетілді.

Сонымен қатар жаңа цифрлық экономиканы дамытуға қажетті жағдайлар жасалды: Цифрлық кодекс қабылданды, «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енді, alem.ai халықаралық орталығы ашылды. Ал қазақстандық суперкомпьютер TOP500 нұсқасы бойынша әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің үздік жүздігіне енді.

Анықтама:

БҰҰ-ның Электрондық үкімет жөніндегі зерттеуін (UN E-Government Survey) Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті (UN DESA) дайындайды. Зерттеу екі жылда бір рет жарияланады және БҰҰ-ға мүше 193 мемлекетті үш бағыт бойынша бағалайды: мемлекеттік онлайн-қызметтер, байланыс пен интернет, халықтың білім деңгейі мен дағдылары. Зерттеудің қорытынды бағасы Электрондық үкіметті дамыту индексі (EGDI) деп аталады.

2026 жылы рейтингте бірінші орынды Корея Республикасы, екінші орынды Дания, үшінші орынды Сингапур иеленді. Ең жоғары VH рейтингілік тобына кіретін елдер саны 18-ден 21-ге дейін өсті.

Әлем елдерінің орташа көрсеткіші 4,6%-ға артып, 0,6382-ден 0,6675-ке дейін жетті. Ал Қазақстанның индекс көрсеткіші 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті.

—
10:39
37

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020