АҚШ-тан бастап көптеген алдыңғы қатарлы дамыған елдердің сайлау жүйесінде жиі айтылатын «праймериз» ұғымы еліміздің бас партиясы жұмысында соңғы кездері жиі қолданылып жүр. Ағылшын тілінен аударғанда «бастапқы», «бастауыш» немесе «алдын ала» деген мағына беретін бұл праймериздің жа-жапсары және партияның бұл тәсілге жүгінудегі негізгі мақсаты туралы білмек мақсатта «Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сәкен СМАҒҰЛОВПЕН сұхбат құрдық.
– Сәкен Жақияұлы, әңгімені праймериз деген не, ол қалай жүзеге асады деген сұрақпен бастасақ.
– Расында, құлаққа онша жаттанды емес бұл сөзді көп адам түсінбеуі де мүмкін. Праймеризді партия ішіндегі іріктеу, партияішілік сайлау ретінде қабылдасақ болады. Яғни, Қазақстан Республикасы Парламентінің мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттыққа, партияның, филиалдарының органдарына кандидаттарды ұсынуға және мемлекеттік лауазымдарға ұсыным жасауға арналған партялық тізімдерге лайықты тұлғаларды енгізу үшін алдын-ала іріктеу. Наурыз айында Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай өзінің Twitter-дегі парақшасында партияның Саяси кеңесі Бюросының шешімімен биылғы праймериз бұрынғылардан өзгеше сипатта өтетінін хабарлады. Праймериздің негізгі мақсаты – партия белсенділерін анықтау, жаңа идеялы, қоғамға пайдалы азаматтарды іріктеу. Миллионнан асатын мүшесі бар партия құрамында көптің көзіне түспей жүрген қаншама дарынды, білімді де білікті жаңашыл жастар болуы мүмкін. Міне, біздің негізгі мақсатымыз – олардың тасада қалып қоймай, ел дамуына қызмет етуіне мүмкіндік туғызу.
Сонымен праймеризге қатысам деушілерді тіркеу 17-29 тамыз аралығында ұйымдастырылады. Одан әрі 6 қыркүйек пен 3 қазан аралығында үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары жүреді. Ал, праймериз сайлауы 1-3 қазан аралығында өтеді. «Мықты көшбасшылар – мықты партия» қағидаты бойынша шын мықты, бастамашыл, ерік-жігері мол, елі мен жеріне расымен жаны ашитын азаматтар үшін «Әлеуметтік лифт» құру негізгі міндеті саналатын праймеризді абыроймен алып шығатынымызға сенемін.
– Праймеризге кімдер қатыса алады? Оларға қойылатын негізгі талаптар қандай?
– Биылғы праймериздің бірнеше ерекшелігі бар. Праймеризге қатысуға 20 жастан асқан кез келген партия мүшесі немесе партияға мүше емес ел азаматтары өтінім бере алады. Партия билеті жоқ тұрғындар праймериз сайлауы басталғанша «Nur Otan» партиясының құрамына мүшелікке өтуге тиіс. Үміткерлерден төлқұжат көшірмесіне қоса психологиялық және наркологиялық, сондай-ақ, сотталмағаны туралы анықтама сұралады. Бұл жерде азаматтардың жұмыс өтілі аса маңызды емес. Үміткерлер өздерін праймериздің үш сатысы бойынша ұсына алады. Оның біріншісі – қалалық, аудандық, екіншісі – облыстық мәслихаттардың депутаттығы, ал соңғысы – орталық, яғни Мәжіліс депутаттары сайлауы.
Кандидаттарды ұсыну бастауыш партия ұйымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асады. Кандидаттар бір облыс, қала, аудан шегінде праймериз өткізудің бекітілген ережесінде көрсетілген талаптарға сәйкес ұсыныла алады. Праймериз барысында үміткерлердің баяндамасы зор маңызға ие. Праймеризге сай «Nur Otan» партиясысының бас штабы негізгі бірнеше бөлімнен тұратын бағдарлама әзірледі. Міне, үміткерлер әзірлейтін баяндама осы бағдарлама негізінде дайындалуы керек.
– Үміткерлердің үгіт-насихат жұмысы қалай жоспарлануда?
– Үгіт жұмыстары 6 қыркүйектен басталып, дауыс беру күнгі сағат 14:00-ге дейін жалғасады. Олар бүгінгі заман талабына сай үгіт шараларының өздеріне қолайлы кез келген түрін қолдана алады. Мысалы, «Есіктен-есікке» тәсілі арқылы бастауыш партия ұйымдарында, әр түрлі мекемелер мен кәсіпорындар базасында кездесу ұйымдастырса болады. Сондай-ақ, оларға бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде сөз сөйлеп, жазбалар қалдыруға, фото-видео материалдар жариялауға, флаерлер, буклеттер таратуға рұқсат етіледі. Бастысы – олардың әрекеттері партия жарғысын бұзбауы және партия беділіне нұқсан келтірмеуі керек. Үгітшілерге мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорындарының ғимараттарында, меншік иелерінің келісімінсіз үй-жайларда үгіт жүргізуге болмайды. Сондай-ақ, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері және діни бірлестіктердің басшылары мен қызметкерлері арасында да аталған шараларды өткізуге рұқсат жоқ. Тағы бір айта кетерім – қала көшелері мен үй аулаларына өзін қолдауды сұрайтын парақшалар, плакаттар, баннерлер орнатуға да тыйым салынады.
Праймериз барысында үміткерлер арасында жария пікірсайыс ұйымдастырылып отырады. Ол үш деңгейде ұйымдастырылады. Алғашқы базалық деңгей – праймериз барысында, екінші деңгей – партияның аудандық және қалалық филиалдарының конференцияларында, соңғысы – облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалық филиалдарының конференцияларында өткізіледі. Жоғарыдағы деңгейлер тізіміне сай облыстың қала, аудан мәслихатына ұсынылғандар кем дегенде 1 рет, облыстық мәслихатқа үміткерлер кем дегенде 2 рет, Парламент Мәжілісіне депутат болуға үміткерлер кем дегенде 3 рет пікірсайысқа қатысуы керек. Ал Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары бойынша қалалық мәслихатқа үміткерлер кем дегенде 1 рет, Парламент Мәжілісіне үміткерлер кем дегенде 2 рет қатысады. Сондай-ақ, праймеризге қатысушы жұмыс істеп отырған мәжіліс депутаты партияның облыстық және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының филиалдық конференцияларының жария пікір сайыстарына 1 рет қана қатысса болады.
Праймериз кезінде партиялық квота қарастырылған. Әлеуметтік топтар бойынша квотаға сәйкес партиялық тізімнің кем дегенде 30 пайызы әйелдер және 20 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар болуы керек. Бұларға қоса тағы да партиялық тізімдегі өкілдік квотасы, Парламент Мәжілісіне арналған тізімдегі өңірлер өкілдігінің квотасы деген квоталар бар.
– Қазір енді праймеризге қатысуға ниеттілер бар ма?
– Алғашқы күндердің өзінде 5 үміткерден өтініш түсті. Оған қоса Нұр-Сұлтан қаласынан да хабарласқан жастар бар. Қыз-келіншектер же қалыс қалып жатқан жоқ. Осы тұста Жезқазған қалалық іскер әйелдер қауымдастығына мүше нәзікжандылар жоғары белсенділік көрсетуде. Жалынды жастар да жетерлік. Олар өздерінің жақсы қырларын паш етіп, ел сенімін ақтайды деп сенемін.
– Карантин шараларына байланысты праймериз сайлауы қалай өтпек?
– Қазір біз өте жауапты кезеңде тұрмыз. Праймериз қарсаңында партиялық бақылау комиссиясы, 11 есеп комиссиясы, 1 ұйымдастыру комиссиясы құрылады. Ұйымдастыру комиссиясына мен өзім төрағалық ететін боламын. Ал, дауыс беруге келсек, біз бұрынғыдай жүздеген адамды бір залға жинай алмаймыз. Карантин жеңілдетілген күннің өзінде, елдің денсаулығын қауіпке тікпейміз. Не боларын уақыт көрсетеді. Негізі 11 сайлау учаскесі дайындалуы мүмкін. Оның екеуі – партия филиалына, қалған тоғызы – «Қазақмыс» корпарациясы жанындағы «Nur Otan» партиясының бастауыш партия ұйымдарына тиесілі. Қазан айына дейін жаңа праймериздік мобильді бағдарлама жасалады. Соның нәтижесінде кез келген партия мүшесі үйде отырып өзі қалаған үміткерге дауыс береді. Дауыс беруші тек бір ғана үміткерді ғана емес, өзі лайық деп таныған азаматтардың бірнешеуіне дауыс бере алады. Ал мобильді қосымша, интернет пайдалана алмаймын деген партия мүшелеріне дәстүрлі жолмен, яғни қағаз бюлетенмен дауыс беру мүмкіндігін ұсынамыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН