​Ұлытау облысында экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қорытындыланды

Жезқазған қаласы, 2026 жылғы 25 қараша

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде 2026 жылдың 10 айындағы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне арналған онлайн-брифинг өтті.

Брифинг спикері – Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Абласан Қайыбрахманұлы Құрбанов.

Спикердің айтуынша, есепті кезеңде Департамент өндірісінде 17 қылмыстық іс болған. Оның 14-і бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, 13 қылмыстық іс сотқа жолданды.

Аяқталған істер бойынша анықталған залалдың жалпы сомасы 302,4 миллион теңгені құрады. Жалпы құны 154,3 миллион теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Сонымен қатар, қылмыстық кірістердің көлемі 91,7 миллион теңгеге жетті.

Департамент дропперлікке, заңсыз қаржылық операцияларға және қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл жүргізуде. Атап айтқанда, криптовалютаны айырбастау схемасына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Тергеу барысында 24 адамның банктік шоттары пайдаланылғаны, ал операциялардың жалпы көлемі 1 миллиард 360 миллион теңгені құрағаны анықталды.

Қаржы пирамидалары мен көлеңкелі экономикаға қарсы күрес аясында да бірқатар қылмыстық істер аяқталды. Жанар-жағармай материалдарының заңсыз айналымы бойынша үш адам сотталып, 7,5 тонна жанар-жағармай материалы мемлекет кірісіне өткізілді.

Алдағы кезеңде Департамент бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылау, қаржылық алаяқтық пен дропперлікке қарсы күрес, қылмыстық активтерді анықтау және мемлекетке қайтару жұмыстарын жалғастырады.

Брифинг қорытындысында экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өңірдің тұрақты дамуының маңызды шарты екені атап өтілді. Негізгі мақсат – заңсыз қаржылық әрекеттердің жолын кесіп, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және Ұлытау облысында ашық әрі қауіпсіз экономикалық орта қалыптастыру.

—
10:55
10

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020