Мемлекеттік қызметке конкурстан тыс орналасу құқығын пайдалану үшін үміткер жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен аяқтауы тиіс. Бұл құқық оқуын аяқтаған күннен бастап бір жыл ішінде жүзеге асырылады.
Аталған мүмкіндік Қазақстан Республикасының азаматтарына беріледі және білім алу нысанына қарамастан, мемлекеттік грант немесе ақылы негізде білім алған түлектерге қолданылады. Бұл ретте үміткердің алған білімі мен мамандығы таңдаған лауазымның біліктілік талаптарына сәйкес болуы қажет. Конкурстан тыс орналасу кезінде мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілінің болуы талап етілмейді.
Сонымен қатар үміткерлер мемлекеттік қызметке қабылдау үшін заңнамада белгіленген жалпы талаптарға сай болуы және мемлекеттік қызметке орналасуға кедергі келтіретін мән-жайлардың болмауы тиіс.
Конкурстан тыс орналасу мүмкіндігі аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттарының төменгі лауазымдарын, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарындағы басшы емес лауазымдарды, сондай-ақ ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері аппараттарындағы басшы емес лауазымдарды қамтиды.
Бұдан бөлек, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аудандардағы және тиісті қалалардағы аумақтық бөлімшелерінің басшы емес әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына да орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ретте облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қалаларға қатысты заңнамада көзделген ерекшеліктер ескеріледі.
Осылайша, жоғары академиялық көрсеткішке қол жеткізген түлектер үшін мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндігі қалыптасып отыр. Бұл бастама білімді жастардың кәсіби әлеуетін іске асыруға және мемлекеттік басқару жүйесіне білікті жас мамандарды тартуға ықпал етеді.
Конкурстан тыс орналасу мүмкіндігін пайдалану үшін түлек алдымен GPA көрсеткішін растайтын дипломы мен оған қосымшасын дайындауы қажет. Одан кейін алған білімі мен кәсіби біліктілігіне сәйкес келетін бос әкімшілік мемлекеттік лауазымды анықтап, тиісті мемлекеттік органның кадр қызметіне жүгінуі керек.
Үміткер белгіленген тәртіпке сәйкес қажетті құжаттарды ұсынып, мемлекеттік қызметке қабылдау үшін заңнамада көзделген рәсімдерден өтеді. Құжаттар мен ұсынылған мәліметтер тиісті талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарастырылып, тағайындау туралы шешім қабылданған жағдайда жас маман мемлекеттік қызметке қабылданады.
Бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдар туралы ақпаратпен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметке қабылдау жөніндегі электрондық платформасы – «Е-қызмет» жүйесі арқылы танысуға болады.
Г. Садуақасова,
Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет
істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті