Жезқазғанда COVID-19 ауруымен ауырғандарға арналған модульді инфекциялық аурухана құрылысы басталды. Құрылысы жылдам салынатын госпиталь 200 орынға есептелген және қажетті жабдықтармен жасақталатын болады. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аурухана құрылысымен және Есқұла су таратқышының құрылысын қайта салу барысымен танысты , деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бастапқыда госпитальды орналастырудың бес нұсқасы қарастырылды. «Жезқазған Медицина орталығы» ЖШС жанындағы учаске таңдалды.
Учаскеде жер жұмыстары басталып, құрылыс компаниясының жұмыскерлеріне арналған үй-жайлар орнатылды. Аурухана коронавирус індетін жұқтырған пациенттерді сапалы және дер кезінде еммен қамтамасыз ету үшін салынады. Одан әріде, пандемия аяқталған соң, стационарды басқа да жұқпалы аурулармен ауырғандарды емдеу үшін пайдалану жоспарлануда.
Құрылыстың жалпы аумағы — 6763 шаршы метр. Аурухананың ғимараты бір қабатты болады. Металлкаркастан диагностика блогы, зертхана, әкімшілік үй-жайлар, қабылдау бөлмесі және бокс-палаталар салынады. Қарапайым палаталар темірбетоннан салынады. Госпитальға 20 реанимациялық орын орналастырылады деп күтілуде.
Госпиталь заманауи медициналық жабдықтармен жасақталады: компьютерлік томография, цифрлық рентген, УДЗ аппараттары, медициналық газ жүйесі және т.б.
Стационарды жоспарлау кезінде госпиталь ішінде эпидемиялық режимнің сақталуына жіті назар аударылды.
Сонымен қатар Жеңіс Қасымбекке Есқұл су таратқышы құрылысының барысы туралы айтып берді. Бәрімізге белгілі, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында тұрғындарға үздіксіз су жеткізу мәселесі өте күрделі болып отыр. Қазіргі таңда Есқұла су таратқышының құрылысы мен құрылысын қайта салу жұмыстары жүріп жатыр. Ол жезқазғандықтар мен сәтпаевтықтарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуі қажет.
Естеріңізге сала кетейік, оның құрылысын қайта салуды бірнеше жыл бұрын аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ қаражаттың жетіспеушілігне байланысты құрылыс ұзақ уақытқа созылып кетті. Биылғы жылы үкіметтің қолдауымен және «Қазақмыстың» белсенді қатысуымен қаржылық мәселелерді шешуге мүмкіндік туды.