Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров сенбі күні қалада жүріп жатқан құрылыстар мен жөнделіп жатқан нысандарды аралады.
Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жөнделіп жатқан №№3, 4 мектептер, №14 «Балдырған» бөбекжайы, жаңадан салынып жатқан 320 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешені мен Алашахан даңғылының аяқ жағынан бой көтеретін жаңа үйлердің, 900 орындық жаңа мектептің құрылыс орнына барды. Қаланы вокзал, сапаржаймен жалғап жатқан көпірдің жөндеу жұмысымен танысты. Көптен бері апатты деп танылған көпір биыл қайта құрылымдалып жатыр. Қазан айының соңына дейін пайдалануға берілмек.
Осы жерде №14 «Балдырған» бөбекжайы 1991 жылдан кейін алғаш рет күрделі жөндеу көріп отырғанын айта кеткен жөн.
Сондай-ақ, Қайрат Бектайұлы Кеңгір ауылында болып, ондағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан №2 мектепке барды.
-Басты талап – жұмыс сапасы мен заманға сай қала мәдениеті талаптарына жауап беру. Құрылыс, жөндеу жұмыстарында жергілікті өнімге басымдық берілуі тиіс. Одан кейін жобалау, жоспарлау кезінде де салынатын ғимараттардың сыртқы кескін-келбетіне, қолайлылығына мән берілуі керек, — деді қала басшысы нысандарды аралау барысында.
Жұмыспен танысу барысында Қайрат Бектайұлы мердігерлер мен жауапты тұлғаларға жұмыс сапасы, заманға сай сәулет талаптары тұрғысынан бірқатар ескертулер жасап, тапсырма берді.