​АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АХУАЛЫ СӨЗ БОЛДЫ

Карантин жағдайына қарамастан қоғамдық кеңес өз қызметін тоқтатқан емес. Қала тұрғындарын мал және құс шаруашылығының өнімдерімен қамтамасыз етуді жақсартудың перспективалары сөз болған кеңес мүшелерінің кезекті отырысы онлайн режімде ұйымдастырылды. Кеңес отырысына қала әкімінің орынбасары Аманғали Мұхамбедин қатысып, баяндама жасады.

Өндірісті өлке экономикасының 1 пайызын ғана құрап отырған ауылшаруашылығы саласы жаңа жобаларды қажет етеді. Өйткені – 2019 жылы өнеркәсіптен түскен жалпы өнім көлемі 627 млрд 268,6 млн теңгені құраса, ауыл шаруашылығына тиесілі үлес – 5 млрд 862,7 млн теңге. Бүгінде жезқазғандық ауыл шаруашылығы саласының мол үлесін Талап, Кеңгір және Малшыбай ауылдық округтері мен қала маңындағы шаруа қожалықтары және «Сүт Жағасы», «Племптицеторг», «Ұлытау Флора», «Компания BAYAN», «Самади – 2030» кәсіпорындары құрайды. Шаруа қожалықтарының 95,8 пайызы мал өсірумен айналысады. Бүгінде мал шаруашылығынан нәпақасын тауып отырған шаруалардың жалпы саны – 250. Ал аралас бағытта, яғни, мал өсірімен де, бау-бақша кәсібімен де айнысатын 10 шаруа бар. Бау-бақша өсірумен айналысатын «Пен» шаруа қожалығының жұмысы да қарқынды түрде дамып келеді.

2019 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімі 5 млрд 854,4 млн теңгені құраған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда өсім 27,5 пайызға артық деген сөз. Себебі 2018 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі 4 млрд. 589,4 млн теңгені құраған болатын. Оның ішінде мал шарушылығы 2 млрд 229,6 млн, өсімдік шарушылығы 3 млрд 624,8 млн теңгені тиесілі.Бұл көрсеткіштер 2018 жылмен салыстырғанда мал шаруашылығы өнімі үлесінің 39,3 пайызға, өсімдік шарушылығынан түскен пайданың 121, 3 пайызға дейін артқанын көрсетеді.

– Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 584,8 гектарды құрады. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 18,5 пайызға, яғни, 91,2 гектарға өсті. Былтыр 8033 тонна картоп өнімі алынды. Одан бөлек 6158,2 тонна өзге түрлі көкөністер мөлшерін құрайды. Сонымен қатар мал шаруашылығы өнімдерінің де тұрақты өсімі байқалуда. Атап айтқанда, ет мөлшері 2,4 пайызға немесе 1429 тоннаға, сүт 6,8 пайызға немесе 5694,5 тоннаға, жұмыртқа саны 9,9 пайызға немесе 10013,3 мың данаға артты. Ет өнімдері қаламыздың «Шаруа», «Нарық» базарларында, 8 мамандандырылған ет дүкендерінде және ет өнімдерін қайта өңдеші кәсіпорындарының дүкендерінде сатылуда. Сонымен қатар, қаламызда 2 мал бордақылау алаңы жұмыс істеуде. Осы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған» «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында бордақылау алаңын салу жұмысы жоспарлануда, – деді кеңесте баяндама жасаған Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Аманғали Мұхамбедин.

Қоғамдық кеңесте ірі қараның аналық басын асылдандыру бағыты бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Биылғы жылдың 6 айының қортындысы бойынша ірі-қара мал саны 5,3 пайызға артып 13064 басты құраса, жылқы басы 7,5 пайызға өсіп 9514-ке жеткен.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің оң динамикасына әсер етіп отырған бірден бір қолдау ол – мемлекеттік бағдарламалар.«Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында мал шаруашылығы бағытын дамыту бойынша қаланың 386 ауылшаруашылық тауар өндірушісіне 853,9 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған» «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 2017 жылдан бастап 36 жобаға 152 млн.теңге сомасында қаржылық қаржы бөлінген.

Ауыл шаруашылығын дамытуға әсер ететін жайттың бірі – пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайта пайдаға жаратуға конкурс арқылы беру. Осының нәтижесінде 2018 жылы 20,9 мың гектар ауыл шаруашылығы жері конкурс арқылы қайта пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 33,5 мың гектар жер конкурсы арқылы шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін берілген.

Қоғамдық кеңес отырысы барысында суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру жайы да сөз болып, Талап суару жүйесінің магистральды каналы мен Жезді су қоймасын қайта жаңарту жобасы туралы да бірқатар мәселелер қозғалды.

Отырыс барысында қала тұрғындарын мал және құс шаруашылығы, көкөніс, картоптың қамтамасыз етудің жәйі және перспективалары туралы мәселені талқылаған қаланың кеңес мүшелері қала әкіміне мал және құс тұқымын асылдандыруды жалғастыру, негізгі капиталға инвестиция тарту, жер, су және адам ресурстарын тиімді пайдалану арқылы ет, сүт және жұмыртқа өндіруді арттырудың қосымша шараларын белгілеп, іске асыру, ауыл шаруашылығын өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыру, «Ахтямов» шаруа қожалығының құс фабрикасының құрылысын назарға ұстау, оның өндірістік қуатын 2022 жылы игеріп, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының тұрғындарына жан-басына нормаға сай құс етін ұсыну, республика Үкіметінің қаулысында қаралған Жезді су қоймасы мен Талап магистральді суару каналын жаңғыру жобасын іске асырудың кешеуілдеп отырған себебін анықтау, суының сапасына және плотинада өнеркәсіп қалдықтарының бар жоғына сараптама жүргізуді ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар жасалды.

Кеңес отырысының күн тәртібіне сай екінші мәселе бойынша қала қоғамдық кеңесінің хатшысы Мереке Мырзабекова COVID-19 індетіне байланысты қала қоғамдық кеңесінің 2020 жылға арналған жоспарына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс жасады. Мұнымен бірге кеңестің жұмысы жайлы әлеуметтік желіде тұрақты жұмыс істейтін парақша ашу, қала тұрғындарымен екі жақты байланыс орнатуды іске асыру туралы пікір білдірді.

Өзгерістер енгізілген қала қоғамдық кеңесінің жыл аяғына дейінгі жоспарының жобасы кеңестің кезекті мәжілісінде қаралатын болды.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН 

15:10
458

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020