Қала басшысы Қайрат Әбсаттаров қаланы жылу және электр энергиясымен, сумен қамтамасыз етуші кәсіпорындар, пәтер иелері кооперативтері қауымдастығы өкілдері, азаматтық белсенділер мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін жинап, осындай мәлімдеме жасады.
Соңғы уақытта қызметі әлеуметтік желі мен халық арасында алаңдаушылық тудырған «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ, Жезқазған жылу энергия орталығы, «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС Электр желілері кәсіпорны басшылары қатысқан жиында жылыту маусымына дайындық, қала өмірін қамтамасыз етуде апатты жағдайларды болдырмау, жедел әрекет ету мәселелері сөз болды.
— Бүгінде біздің қалада тұрғын үй-коммуналдық салаға қатысты бірқатар мәселелер бар. Солардың ішінде қысқа дайындық мәселесі көпті алаңдатып отыр. Біздің жылыту маусымына қаншалықты дайын екенімізді осы жерде бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен талқылайтын боламыз. Мен осындай жұмыс форматын таңдап отырмын. Қала халқы атқарылып жатқан жұмыстан дер кезінде хабардар болуы керек. Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында міндеттелгенін білесіздер. Сондықтан, алдағы уақытта осындай ашық форматта жұмыс атқаратын боламын, — деді жиынды ашқан қала әкімі Қайрат Әбсаттаров.
Жиында Жезқазған жылу энергия орталығының басшысы Мадияр Алтыбаев, «ЖСЖК» АҚ бас инженері Геннадий Ким баяндама жасап, жиынға қатысқан қоғам белсенділерінің сұрақтарына жауап берді. Қоғам өкілдерінің сұрақтары Электр желілері кәсіпорнының басшысы Виктор Сотникеовке де бағытталды.
Алғаш болып баяндама жасаған ЖЭО басшысы М.Алтыбаев жылу орталығының қысқа дайындығы, атқарылып жатқан жұмыстарды тізіп өтті.
-Бүгінгі уақытта стансаның жүктемесі сағатына 190 МВт-ты құрайды. Көмір қоры – 160 мың тонна, мазут қоры – 1390 тонна. Бұл қор нормативінен артық көрсеткіш. Қазір 5 қазандық пен 4 турбоагрегат жұмыс істеп тұр. 2020-2021 жылдарға арналған жұмыс жоспары аясындағы жөндеу жұмысы барысында 2 қазандық агрегатына ағымдағы жөндеу, 1 агрегатқа кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қазір №8 қазандық агрегатына кеңейтілген ағымдағы жөндеу, №5 агрегатқа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Алда №11, №4 қазандық агрегаттарын кеңейтілген ағымдағы жөндеу жоспарланып отыр. Қыркүйектің соңы, қазанның басына №7 турбоагрегатты ағымдағы жөндеуден өткізуді бастаймыз. Отын тасымалдау цехында да дайындық жұмыстары 60 пайызға орындалды. Тағы бір қазандық агрегатын толықтай ауыстыру жоспарланып отыр, — деген ЖЭО басшысы жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүріп жатқанын, ешқандай қиындық жоқтығын жеткізді.
Жиында ЖЭО басшысынан арнайы мониторинг тобының мүшесі Валерия Фомин орталықта апат болған жағдайда қаланың толықтай жарықсыз қалатынының себебін сұрады. Бұған ЖЭО басшысы сыртқы желілерден келетін электр энергиясын қалаға кідіріссіз жіберуді қамтамасыз ету үшін кешенді жоспар әзірленіп, қосымша желі тартылатынын айтты.
Жиында сөз алған «ЖСЖК» АҚ бас инженері Г.Ким жылу желілері бойынша жоспарланған жұмыс 80 пайызға, жалпы дайындық жоспары 81 пайызға, суару желілерін жөндеу 100 пайызға орындалғанын айтты.
-Мердігерлерді тарту арқылы атқарылып жатқан жұмыста аздаған кешеуілдеу бар, бірақ біз ол олқылықтың орнын толтырамыз. Жылыту маусымына қалыпты жағдайда енеміз, — деді ол.
Осы ретте арнайы мониторинг тобының мүшесі Ринат Бикаев кәсіпорын жұмысына, атап айтқанда, жылда жүргізілетін жөндеу жұмыстарына, тұтынушылармен байланыс сапасына қатысты сын көп екенін алға тартты. Сондай-ақ, ол бас инженердің баяндамасында айтылған деректерге де күмәнданатынын жеткізді. Арнайы мониторинг топтың тағы бір мүшесі Валерия Фомин тариф мәселесімен қатар, көп қабатты үйлерге орнатылған жалпы есептегіш құралдарға қатысты әселе әлі біржақты шешілмегенін, қайта уақыт өткен сайын осы құралдарға қатысты шиеленісті жағдайлар туындап отырғанын алға тартты. В. Фоминнің сөзін пәтер иелері коооперативтері де қуаттады.
Қала басшысы «ЖСЖК» АҚ жұмысына қатысты жұртшылықтың алаңдаушылығынан хабардар екенін, кәсіпорын жұмысындағы кемшіліктерді бақылауға алатынын айтып, кәсіпорын басшылығына жұртшылықпен байланысты жолға қою, барлық ақпаратты қолжетімді ету жайында тапсырма берді.
-Есептігеш құралдарға қатысты дауға келсек, бұл дау «ЖСЖК» АҚ мен ол құралдарды орнатқан компания арасындағы дау. Олардың арасындағы келіспеушілік қала халқының мүддесіне кесір тигізбеуі керек. Ондай дауларды өзара шешіңіздер. Тұрғындар зардап шекпеуі тиіс, — деп қысқа қайырды қала әкімі.
Жиында қала басшысы қызмет көрсетуші компаниялар нарық талабына сай клиент сұранысын қанағаттандыруды басты мақсат етуге, сол үшін заманға сай коммуникация құралдарын кеңінен пайдалану қажеттілігіне назар аудартты. Қала әкімі Қайрат Әбсаттаров:
-Бұл біздің соңғы кездесуіміз емес. Енді қала өміріне қатысты барлық маңызды мәселелерді осылай ашық, жария түрде талқылап, шешетін боламыз. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының мүкіндіктерін пайдаланамыз. Бүгінгі көтерілген мәселелер толық шешілмейінше күн тәртібінен түспейді, — деп жиынды қорытындылады.