Әкімдікте сейсенбі күні өткен аппараттық жиында шаһар басшысы Қайрат Әбсаттаров коммуналдық қызметтерге осындай тапсырма жүктеді.
Қаладағы рұқсат етілмеген қоқыс орындары мен тұрмыстық, тұрмыстық емес қалдықтарды шығару туралы баяндама жасаған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы Бауыржан Жаңабаев 2018 жылдан бері қала айналасындағы рұқсат етілмеген қоқыс орындары космомониторинг жүйесі арқылы анықталып келе жатқанын, бүгінде 112 осындай орын анықталғанын, оның 8-і Жезқазған қаласының аумағында, қалғаны Ұлытау ауданы аумағында екенін айтты.
-Қала ішіндегі осындай 3 қоқыс орны тазартылды. Тұрмыстық емес қалдықтарды шығарумен «Жар-2013» ЖШС мердігер ұйымы айналысады, — деді ол.
Оның айтуынша, рұқсат етілмеген жерлерге төгілген қоқысты шығару үшін оның көлемін есептеп, бюджеттік өтінім беру жұмыстары жүріп жатыр. Қазір бөлім ондай қоқыс орындарын орналасу аймағы, көлеміне қарай жеті бөлікке бөліп тазарту жоспарланып отыр.
Қала басшысы баяндама жасаған бөлімге бірқатар нақты тапсырма берді.
-Қоқысты шығарудан бөлек, қаладағы контейнерлердің де жағдайы мәз емес. Барлығы тозып тұр. Оларды қалай жаңартасыздар? Сол жөнінде ұсыныс енгізіңіздер. Одан кейін, қоқыс шығарумен айналысатын кәсіпорынмен абоненттердің 60 пайызы ғана келісім шартқа отырған. Міне, осы абоненттік базаны толықтыруларыңыз қажет, — деді Қайрат Бектайұлы.
Бөлім бас маманы сонымен бірге, жарықтандыру жөнінде де баяндады.
-Жалпы Жезқазған қаласы бойынша 6535 шам бар. Оның ішінде 5537-сі көше шамдары болса, алаңдар мен саябақтарда 998 шам бар. Биыл аулаларды жарықтандыруға барлығы 56 млн теңге, саябақтар мен скверлерді жарықтандыруға 13,5 млн теңге бөлінген. Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» жобасы аясында жарықтандыру жұмысы жалғасуда, — деді ол.
Осы ретте қала басшысы рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастайтындарды бақылау, әкімшілік жауапқа тарту бойынша жұмыстарды тапсырды. Жергілікті полиция қызметі жыл басынан бері 602 азаматқа «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Әкім мұны аз деп отыр.
-Қалада 600 емес, 6000 хаттамаға жүк боларлықтай қоқыс шашылып жатыр. Сондықтан, осы бағыттағы жұмысты ширату керек, — деді Қайрат Бектайұлы.
Бүгінде «Сәт Тазалық» мекемесінде 7 техника бар. Оның бесеуі қала ішіндегі қоқыс контейнерлеріне бекітілген, қалған 2 көлік жеке массивтегі қоқысты тасумен айналысады. Әкім бұл мекеменің жұмысына да сын айтты.
-Сіздердің берген есептеріңіз бір басқа да, қаладағы нақты ахуал бір басқа. Күніне маған әлеуметтік желі арқылы қаланың әр ауданында аузы-мұрнынан шығып жатқан контейнерлердің суреттері келіп жатыр. Сондықтан, қалай жинайсыз, мына шашылып жатқан қоқысты қоқыс алаңдарынан алып кетесіздер. Егер оған шамаларыңыз келмесе, айтыңыздар. Басқа компаниялармен жұмыс істейміз, — деді қала басшысы.
Жиында сонымен бірге, бизнес субъектілерінің санитарлық тазалықты сақтау жұмысы жөнінде кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі басшысы К.Смағұлов, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы жөнінде тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысы А.Сағымбаева, үйлерге су жеткізу және апаттық жағдайларды жою жөнінде «ЖСЖК» АҚ бастығы А.Мырзалиев, қоқыс шашатындарды жазалау шаралары жөнінде жергілікті полиция қызметінің бастығы Қ.Әтенов, мекеме басшыларының әлеуметтік желідегі шағымдарға уақытылы және сапалы жауап беруі жөнінде қала әкімінің баспасөз хатшысы Г.Сағындықованың баяндамалары тыңдалды.