Қазақстаннның жаңа әлемдегі орнын айқындап, мемлекетіміздің алуан бағытта дамуына бірден-бір ықпал ететін фактор – халыққа арналған Жолдау.
Сондықтан болса керек, пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасып жатқан күрделі уақытта бұл Жолдауды ел азаматтары үлкен ықыласпен тыңдады.
Президент өзінің кіріспе сөзінде сын сағатта бір-біріне қол ұшын созған ел-жұрттың адамдық қасиеттерін тілге тиек етті.
Абай айтқан: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» жылуы мен шуақ сәулесін алыс-жақынға бірдей түсіріп келе жатқан дәрігерлер мен құкық қорғау саласының және қарапайым адамдардың үлкен жүрекпен атқарған істеріне алғыс айтып, күш-бірлікте екендігіне тоқталды. Әрине, мұндай қасиеттер жанды жадыратып, көңілді тербеп, мерейді өсіреді емес пе?!
Мені Президенттің ғылымды қаржыландыру және дамытуға байланысты пікірі қызықтырды. Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып ғылымның әлеуетін арттыру және ірі бизнес өкілдері жергілікті университеттерді қолдауы керек деген пікірі өте маңызды.
Сондай-ақ, бүгінгідей күрделі жағдайдағы экономикалық, әлеуметтік мәселелерге назар аударды. Қазақстанның жаңа әлемде өз орнын алуы тиіс екендігін қадап айтты. Ел өркендеуінің басты салалары болатын – өндіріс, білім беру, тұрғын үй мәселелері жайлы жан-жақты әңгімеледі. Қоғамдағы түйткілді жағдайларды да жасырмады. Ел өміріне қатысты сан тараулы сұрақтардың түйіні біреу. Ол – халыққа қызмет ету.
Асылы, халыққа қызмет ету асыл арман, ұлы мұрат, басты борыш болуы тиіс. Жолдауда айтылған ұлт сапасын арттыру мәселесінде осы қағида біздің темірқазығымызға айналуы тиіс.
Алмагүл ҮМБЕТОВА,
Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты