ЖАҢА ЖОБАЛАР – ДАМУ КЕПІЛІ

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаровтың төрағалығымен өткен қала активі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылап, онда жүктелген міндеттерді орындаудың нақты шараларын белгіледі.

Қазақстандықтардың өмір сүру сапасының артуы, әл-ауқатының жақсаруы ел экономикасының одан әрі дамып, нығаюына тікелей байланысты. Сондықтан, ел Президенті Жолдауында өндеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелерін алдыңғы қатарға шығарды. Аталған салалар бойынша берілген тапсырмалардың қалай жүзеге асатыны жөнінде қала басшысының бірінші орынбасары Аманғали Мұхамбединнің баяндамасынан білдік.

–Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің жаңа экономикалық бағдарының басты жеті қағидатын айқындап берді. Олар: игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі, жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу, өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру, адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту, «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау, мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу. Қазіргі таңда біздің алдымыздағы басты міндет –өндірістік әлеуетімізді толық пайдалану. Қаласы экономикасының құруда өңдеу өнеркәсібінің үлесі басым, нақтырақ айтқанда 84%. Жезқазғанның өнеркәсіптік әлеуетін экономиканың өңдеуші секторының ірі, орта және шағын кәсіпорындары айқындайды, ол өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің 92,6%-ын құрайды. Үлес салмағы 87% — дан асатын металлургия кешені өнеркәсіптің маңызды саласы болып отыр. Жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісінің көлемі 336,7 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1 есеге өсті, – деп сөзін жалғаған қала әкімінің орынбасары инвестиция көлемі 1,4 есеге артып, 16,7 млрд теңгені құрағанын және жеке инвестициялардың үлесі 24% — ға өскенін жеткізді.

Бүгінде Жезқазғанда екі жүзден астам инвестициялық жоба жүзеге асуда. Бұл қала экономикасына шамамен 200 млрд теңге тартуға және 3,5 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Оның ішінде 7 млрд теңгеге жуық инвестиция салынған 9 жоба кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында іске қосылды. Аталған жобалар 2 млрд теңгеге өнім өндірді, 652 жаңа жұмыс орны құрып, мемлекеттік бюджетке 300 млн теңгеден астам салық түсірді. Алдағы үш жылда іске қосылатын тағы сегіз жаңа жобаның (биоэлектрстанцияның, гидрометаллургиялық зауыттың, реагент өндіретін «Казхимсинтез» химиялық зауыттың, «С и Жест» құрылыс материалдар зауытының құрылысы, құс етін өндіру, «Хлебопродукты» ұн тарту кешенін қалыпқа келтіру, «самади 2030» ұн тарут кешенін іске қосу, Жезді су қоймасын қайта жаңарту) арқасында бұл көрсеткіштер еселенбек. Жоспарланған осы жобалар іске асқан жағдайда қала экономикасы 20% — ға өсіп, 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен бірге, 18 млрд теңгеге дейін инвестиция тартып, бюджетке түсетін түсімдерді 300 млн теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жолдауда ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігі айтылғаны белгілі. Бұл саланың бүгінгі ахуалы мен шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелерін тізген Аманғали Әбдіхалықұлы қала тұрғындарын жергілікті көкөніспен қамту көрсеткішін арттыру «Талап суару жүйесінің магистральды каналы мен Жезді су қоймасын қайта жаңарту» инвестициялық жобасын іске асырғанда және Кеңгір селосының аумағынан картоп егуге 140 гектар жер алған«Жез Агро» ЖШС суару мәселесін шешкенде мүмкін болатынын алға тартты. Сонымен қатар, ол шағын және орта бизнес пен шаруа қожалықтарын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қолдау тапқан кәсіпкерлер мен пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай  кезінде қызметін тоқтатқан 400-ден аса нысан туралы баяндады. Кәсіпкерлікті құлдыратып алмау мақсатында қаланың 5 мыңнан астам кәсіпкеріне салықтық жеңілдіктер берілді. 90 кәсіпкер төлемдерді кейінге қалдырды және жеңілдетілген шарттармен несиелерді қайта қаржыландыру мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, ТЖ режимі жарияланған сәттен бастап 69 жезқазғандық кәсіпкерге мемлекеттік органдарға тиесілі жылжымайтын мүлік объектілері бойынша жалдау ақысын есептеу тоқтатылған.

Келесі болып мінберге шыққан қала әкімінің шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары Қайрат Бапанов бүгінгі күннің өзекті мәселелері халықты тұрғын үймен, сапалы сумен, жылумен және газбен қамтамасыз ету, облыстық, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын пайдалануға беру жөнінде баяндама жасады. Жезқазған қаласының тұрғын үй қорында жалпы ауданы 1 557,4 мың шаршы метр 652 көп пәтерлі тұрғын үй бар. Техникалық зерттеулердің деректері бойынша 2009-2020 жылдар аралығында 26 тұрғын үй апатты деп танылды, оның 9-ы күрделі жөндеуді, 17-і бұзуды қажет етеді. Мәселені шешу үшін әкімдік үш жыл ішінде апатты үйлердің тұрғындарын көшіру бойынша жоспар әзірледі. Осы мақсатқа 1,3 млрд теңге жұмсалмақшы. Биыл Абай көшесі № 61, 67, Байқоңыров көшесі № 24,38, Сейфуллин көшесі 4 (2-кіреберіс), Шевченко көшесі № 7,9,13, 17 үйлердің тұрғындарына өтемақы тағайындау басталды.

Қызылорда-Жезқазған, Жезқазған-Қарағанды, Жезқазған-Арқалық бағытындағы тасжолды жөндеу жұмыстары да күн тәртібінен түспейтінін айтқан баяндамашы қазанның соңына дейін Бөгенбай батыр елді-мекеніне газ тарту жұмыстары аяқталатынын жеткізді. Келесі кезекте Қабанбай батыр, Бекболатсай мен Қостанкелді елді-мекендері газдандырылады.

Президент Жолдауында әлеуметтік салаға қатысты қаузалған міндеттерге тоқталған қала әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары Зина Ақылбекова білім беру, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыру бағытында жасалып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Қарағанды облысы әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС арасындағы меморандумға сәйкес 2021-2023 жылдар аралығында Жезқазғанда 4 балабақша бой көтермек. Нәтижесінде біздегі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек. Қалаға ауадай қажет медицина қызметкерлерін тарту мәселесіне де баса назар аударылған екен. «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС көмегімен дәрігерлерге 20 пәтер алу қарастырылуда. Осылайша, 2021 жылы кадр тапшылығы мәселесі түбегейлі шешіледі деп күтілуде.

Актив жиналысында сөз алған қалалық мәслихаттың хатшысы Советбек Медебаев Мемлекет басшысының саясатын қолдауда, Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда мәслихат депутаттары қалыс қалмайтынын жеткізсе, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұлов мемлекет тарапынан өндіріс саласына қомақты қолдау барын алға тартты. Қолдауды сезінген алып кәсіпорын басшылы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға үлес қосуға дайын екенін білдірді. Әлем елдерін есеңгіреткен коронавирус инфекциясымен күресте белсенділік танытып, Қарағанды облысының медициналық мекемелерін 1000 оттегі концентраторы мен 10 өкпені жасанды желдеткіш апаратымен қамтамасыз еткен компания қашықтан оқуға көшкен жағдай жоқ оқушыларға ноутбукпен қаматамасыз етуге үлес қосты. Сонымен бірге, әлеуметтік жағынан аз қорғалған өз жұмыскерлеріне баспана беру мәселесін өткен жылдан бері қолға алды. Пандемия кезінде жұмыскерлеріне 100 мың теңгеден біржолғы сыйақы берген кәсіпорын табысы отбасы мүшелеріне шаққанда 53 мың теңгеге жетпесе, атаулы көмек тағайындауды жоспарлапты.

Актив отырысында сөз алған қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сағындық Қожамсейітов Президент Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытып, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне кеңінен қатысуына жол ашатын бастамалар айтылғанына тоқталып, бұл ретте қоғамдық кеңестерге мол мүмкіндіктер берілетінін жеткізді.

Жиын соңында Жезқазған қаласының әкімі Мемлекет басшысының Жолдауында көрініс тапқан әр тапсырманы нәтижелі орындау мақсатында орынбасарлары мен мекеме, ұйым басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Диана ОРАЗАЛИНА

10:21
468

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020