Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес пәтерлер мен үй-жайлардың иелері кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысаны мүліктің меншік иелері бірлестігін таңдауға міндетті.
Қазір жұмыс істеп тұрған пәтер иелері коперативі өз қызметін 2022 жылдың 1 шілдесінде тоқтатады. Осы ретте көп пәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары қазірден бастап басқарудың түрін нақты анықтауы қажет. ПИК ұзақ уақыт жұмыс істеп жатқанына, оның қызметкерлері өзіне тиесілі тұрғын үйдің мәселелерінен, инженерлік жүйелерінің жағдайынан хабардар болғанына қарамастан, тұрғындар тарапынан сын көп айтылып, шағым көп түсіп жүр. ПИК қызметіне көңілі толмайтың тұрғындар көбінесе кіреберістер мен аулалардағы тазалық мәселесін көтереді, сондай-ақ жөндеу жұмыстары жүргізілмейді, үйді күтіп-ұстауға мән берілмейді деп дабыл қағады. Сондықтан, кондоминиум объектісін басқарудағы өзгерістер үй тұрғындарының нақты қажеттілігі туындап отыр.
Мүліктің меншік иелері бірлестігі дегеніміз не және оны қалай таңдау қажет? Негізгі ережелерді түсіндіру және басқару нысанын таңдау үшін пәтерлер мен көп пәтерлі үйлердегі меншік иелерінің жиналыстары өткізіледі.
Алдымен 3 жыл мерзімге кемінде үш адамнан тұратын үй кеңесін сайлап алу қажет. Үй кеңесі пәтер иелерінің мүдделерін білдіреді, әр үйде белсенді тұрғындар, көбінесе зейнеткерлер, қарт адамдар, үйдің жағдайына бей-жай қарамайтын жастар бар. Әрі қарай олар тұрғын үйді МИБ немесе жеке серіктестіктің басқаруына беруін шешеді. МИБ заңды тұлға болып табылады. Оның Жарғысы болады. Мұнда пәтер мен үй-жайлардың иелерінің мүддесін сенімхатсыз қорғайтын төрағаны таңдау қажет. Жеке серіктестік заңды тұлға болып табылмайды, мұнда да тұрғындар сенімді тұлғаны таңдауы шарт.
Жаңадан енгізілгелі тұрған МИБ мен жеке серіктестіктің ПИК-тен айырмасы –әр үйге екінші деңгейдегі банктерде ағымдағы және жинақ шотының ашылуы. Тұрғындар жарналардың олардың үйінің ортақ мүлкіне қызмет көрсетуге жұмсалатынына сенімді бола алады.
Жеке серіктестікті тағңдаған кезде кондоминиум объектісін басқару және ортақ мүлікті күтіп-ұстау үшін меншік иелері ақшалай жарналардың орнына еңбек салымдары арқылы қатыса алады. Сондай-ақ, пәтерлер мен үй-жайлардың иелері қызметтердің тарифтерін есептеуі керек. Бүгінгі таңда ПИК-тегі қолданыстағы тарифтер – 1 шаршы метр үшін 21-ден 24 теңгеге дейін. Тарифтерді есептеу уақытында көп пәтерлі үйді күтіп ұстау кезінде қандай шығындар болатындығын нақты ескеру қажет, жарналарды бөлу қағидаты сақталды. 25% кондомниум объектісін басқаруға, 5% – кеңсе тауарларына және 70% – үйдің өзін ұстауға .Үй кеңесі ай сайын басқарушыдан есеп алып,, қаражаттың жұмсалуын бақылайды. Күрделі жөндеу жүргізу үшін пәтер иелері пайдалы алаңның 1 шаршы метріне кемінде 0,005 еселенген АЕК мөлшерінде қаражат жинақтауға міндетті .
МИБ төрағасы сервистік компаниямен тікелей келісімшарттар жасасады және олардың орындалуын талап етеді. Келісім-шартта атқарылуы тиіс қажетті жұмыстар көрсетіледі, үйді күтіп-ұстау, оның ішінде аумақты жинауды сервистік компания жүзеге асырады. Жезқазған қаласында бүгінгі күні кондоминиум нысандарына қызмет көрсететін сервистік ұйымдар жұмыс істейді. Мысалы, «Горэлектросеть» АҚ, «Данилов» ЖК, «TOLEU GENERATIO» ЖШС, «MM Company Ais» ЖШС, «Қайсар» ЖШС және т.б. Тұрғындар әлеуметтік желілердегі жарнамаларды қолданатын сервистік компанияларды таңдай алады немесе ПИК-тен толық ақпарат ала алады.
Көпқабатты үйлердің тұрғындары ПИК-тің жарамдылық мерзімі 2022 жылға дейін шектеулі екенін түсінуі керек және олар басқару нысаны – мүліктің меншік иелері бірлестігін немесе жай серіктестікті таңдауы керек.
Қалада Мир даңғылы, № 12, 14, 16, 18, Штифанов көшесі № 21 үйлерде пәтер иелерімен тұрғын үй инспекциясы қызметкерлері және «Әділет-Жер» ПИК төрағасы Е.Н.Ковалевпен бірге кондоминиум нысанын басқару түрін таңдау жөнінде түсіндіру жиналыс өтті. Пәтер иелері арасында шағын 8 немесе 12 пәтерлі үйлердің қалай басқарылатыны туралы көптеген сұрақтар туындады, өйткені банктердегі ағымдағы және жинақ шоттарын ұстау қосымша шығындарды талап етеді. Ертеректе ПИК тұрғындардан жиналған қаржыны өзіне тиесілі өзге де тұрғын үйге жұмсаса, ММИБ мен жеке серіктестік кезінде бір үйден жиналған қаржы сол үйге ғана жұмсалатын болады.
Кондоминиум объектісін басқарудың жаңа түрлерін түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасатын болады.
Жезқазған қаласында түсіндіру жұмысы енді басталды. Алдағы уақытта 300 көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарымен кездесу өткізу жоспарланып отыр. Қала тұрғындары осы тақырыпқа қатысты сұрақтарына «Жезқазған қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ әлеуметтік желілердегі парақшалары мен 735613 телефоны арқылы жауап ала алады.
Алиса САҒЫМБАЕВА,
«Жезқазған қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ басшысы