Қайрат ӘБСАТТАРОВ: СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШЕТІН УАҚЫТ КЕЛДІ

Қала әкімі Қайрат Әбсаттаровтың төрағалығымен өткен аппарат жинынының күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселел – осыған дейін берілген тапсырмалардың орындалысы. Бұл мәселе бойынша әкім орынбасарлары жеке-жеке есеп берді.

Өткен аптадағы аппарат жиналысында Аманғали Мұхамбединге өзі жауапты мемлекеттік мекемелердің перспективалық жұмыс жоспарын әзірлеу, Жезқазғанның инновациялық дамуы бойынша нақты ұсыныстар беру, өсімдік шаруашылығын дамытудың нақты шаралары, мысты өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуын еліміздің алдыңғы қатарлы моноқалаларымен салыстыру, салық базасын нығайтудың жолдарын қарастыру міндеттері жүктелген болатын. Алайда, олардың орындалысы қала басшының көңілінен шықпады.

– Тапсырма орындалу үшін беріледі. Мен әрқайсыңыздан нақтылықты талап етемін. Сөзден іске көшетін кез келді. Жұмысты жандандырып, ширатыңыздар, – деген Қайрат Бектайұлы орынбасарларынан жұмысқа деген жаңаша көзқарасты талап етті.

Екінші болып мінберге көтерілген коммуналдық шаруашылық жөніндегі орынбасар Қайрат Бапановқа берілген тапсырма да аз емес. Өйткені, тұрғындардан түсетін шағымның 90 пайызы қаланың коммуналдық салаға қатысты. Соның ішінде ең маңыздысына тоқталуды жөн көрген әкім орынбасары жаңадан салынып жатқан инфекциялық ауруханаға жол салу мәселесі шешілгенін жеткізді. 5 қазанда тапсырылатын аурухананың жол құрылысына «Рокада» ЖШС 11 қыркүйектен бастап кіріседі.

Әкім орынбасарының айтуынша, Геология елді мекені тұрғындарының да қоғамдық көлік мәселесі оң шешімін тапқаны қуантты. 9 қыркүйектен бастап күніне бес рет «Қабанбай батыр (Геология) – Жезқазған» бағытында автобус қатынайды. Қарағанды қаласынан кіреберістегі жолдың шұрық-тесігін жамау 1 қазанда қолға алынбақ.

Кеңгір селосының ауыз су құбырларын сумен, жылумен жабдықтау кәсіпорны балансына беру мәселесі, «Қарағанды-Жезқазған» тас жолы бойында орналасқан қорымдарға жерлеу рәсімдерін жүргізуге тыйым салу, тал отырғызу мен оны суару мәселесін әлі де шешімін таппай тұр. Кеңгірліктер суға 6 млн теңгеден астам қарыз болғандықтан, кәсіпорын ауылдағы құбырды өз қарамағына алғысы жоқ. Тал отырғызып, оларды суару бойынша да әлі нақты жоспар жасалмағанын естіген қала әкімі Қайрат Бапановқа аптасына екі рет осы мәселе бойынша есеп алатынын айтты.

–Қазір ауыз су мен жылу судың жоқтығы өзекті мәселе болып отыр. Сіздер қай көшеде, қай үйде судың жоғын біліп отыруға міндеттісіздер. «Су беру картасын әзірлеңіздер» деген тапсырма сол бойы орындалмады. Аталған карта күніне екі рет жаңарып отыру керек, – деп ЖСЖК басшысын орнынан тұрғызған Қайрат Бектайұлы жезқазғандық тұтынушыларына тиісінше қызмет көрсету, олардың арыз-шағымын дереу шешу ақсап тұрғанын қадап айтты.

Қала тазалығын бұзған тұрғындар мен кәсіпкерлерге шара қолдану тапсырмасы да өз деңгейінде атқарылмағанына назар аудартқан қала әкімі жергілікті полиция қызметіне көшелер мен қоғамдық орындарда тәртіп сақшыларын кезекшілікке қоюды тапсырды. Өзіне тиесілі аумақты таза ұстамайтын кәсіпкерлер мен кәсіпорын басшылары тәртіпке көнбесе қатаң шараларға көшуге шақырды.

–28 тамыздан бастап абаттандыру қағидаралын бұзғандарға қатысты 117 хаттама толтырып, 13 тұрғынға, 1 ПИК төрағасына 20 АЕК көлемінде айыппұл салыпсыздар. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабын бұзған кәсіпкерлерге, мына отырған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына, құрылысқа жауапты медігерлерге салған айыппұлдарыыз қайда? Кеңгірдің айналасын қоқыс алаңына айналдырып жатқандар қашан жауапқа тартылады? – деп жергілікті полиция қызметінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді Қайрат Бектайұлы.

Бір аптаның ішінде үш мәрте тікелей эфирге шығып, жезқазғандықтарды толғандырған мәселелерге жауап берген Зина Ақылбекова білім мен тәрбие беру мекемелерінде жүріп жатқан жөндеу жұмыстары қатаң бақылауында екенін жеткізді. Сонымен бірге, жезқазғандық еріктілер «Жастар» саябағын өз қамқорлығына алып, онда қоғамдық тәртіп пен тазалықтың сақталуына үлес қосуға дайын екенін айтты

Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының директоры Ахметолла Мырзалиев 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында қала бойынша 6 жерде құбыр жарылып, оның бесеуі уақытылы жөнделгенін, кәріз жүйесінде 83 ақау болғанын, сусыз қалған тұрғындарға ауыз су жеткізілгенін есебіне арқау етті.

Аппарат жиналысы әлеуметтік желілердегі шағымдарды шолумен қорытындыланды. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Гаухар Әлмағанбетова «Телеграм» желісінде ел шағымданған саяжайларға қатынайтын қоғамдық көлік, «De Facto» сауда үйі, №4 орта мектеп пен Бекболатсай елді мекеніндегі тазалық мәселесі шешілмей тұрғанын айтты.

Диана ОРАЗАЛИНА

10:58
604

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020