АБЫЛАЙ ХАННЫҢ АЙНАЛАСЫ АЙТАҚЫР

Бұрын әкімдіктің алдындағы тұғырға орнатылған Абылай хан ескерткіші көпшіліктің сын пікірлеріне орай өңделіп, қайта жаңғыртылған соң 2011 жылдың мамыр айында қаланың батыс ауданындағы 91, 92-орамдарға баратын жолдың оң жағындағы дөңестен орын тепкен еді. Қарсы бетінде орталық аурухана ғимараты тұрған бұл маңайда әзірше басқа нысандар жоқ. Алайда, осы аймақта бой көтеретін жаңа ықшам ауданның көпқабатты тұрғын үйлерінің алды салына бастады. Негізгі айтпағымыз, Алаштың айбыны болған Абылай ханның ескерткіші өткен-кеткен жанға айдалада құлазып тұрғандай әсер береді. Көріктендіріліп, абаттандырылудан ада қалған маңайы айтақыр десе болады.

Жаңартылған ескерткіш бұл жерге «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 игілікті іс» акциясы аясында орнатылып, ашылу салтанатына орай ауқымды іс-шаралар өткізілгені есімізде. Бұл игілікті іс Жезқазған қаласында белгілі қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы әкім болып тұрған кезде жүзеге асқан болатын. Қос қаланың зиялы қауымы мен қалың жұртшылық қатысқан ескерткіштің ашылуына арналған салтанатты шарада Премьер-министрдің қазіргі орынбасары Ералы Тоғжанов, саясаттанушы, бүгінде Президенттің көмекшісі Ерлан Карин (ол кезде «Нұр Отан» партиясының хатшысы), Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан сияқты елге танымал тұлғалар Абылай баба туралы толғана сөйлеп, жезқазғандықтардың исі қазаққа үлгі боларлық іс жасап отырғанына ризашылық білдірген еді. Жиын үстінде құтты орнына қондырылған ескерткіш маңы абаттандырылып, адамдар демалатын мәдени орынға айналатыны да аз айтылған жоқ. Театр әртістері әсерлі әдеби композиция көрсеткен салтанат одан әрі «Абылай хан және қазақ рухы» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласқаны да бір бөлек әңгіме.

Міне, содан бері он жылға жуық уақыт өткенімен ескерткіш алдына орындықтар қойылғаннан басқа ештеңе жасала қойған жоқ. Қазақтың рухын көтереді деген Абылай хан ескерткіші естен шығып кеткендей әсер қалдыруда. Өйткені, жаңа орындағы ашылу салтанатынан кейін осы жерде бірде-бір елеулі шара өткізілгенін естімедік. Қазақ хандығының 550 жылдығында да еске алынбады-ау, шіркін. Мәселен, қала мектептерінің ұстаздары оқушыларын жылына бір рет Абылай ескерткішінің алдына әкеліп, қазақ тарихына қатысты оқиғаларды зерделейтін әңгіме өткізіп, тарихи тұлға рухына тағзым жасап тұрса қандай ғанибет. Жан-жағына ағаш отырғызып, жасыл желекке бөлеу жайына да мән беріп отырған ешкім байқалмайды. Гүл алаңын жасау да бұл жерге бұйырмай тұр. Қала әкімдігі бізде Абылай хан ескерткішінің бар екенін де ұмыта бастады-ау деймін. Айтақырда құлазып тұрған ескерткішті келген қонақтарға көрсетудің өзі ұят. Ендігі үміт — Жастар реурстық орталығы төңірегіндегі белсенділер мен еріктілерде. Абылай бабасының ескерткішіне олар да бір назар аударып қойса артық болмас еді.

Амандық РАХҰЛЫ

15:03
333

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020