Кеңгір су қоймасы – Жезқазған қаласының негізгі тіршілік көзі. Солай десек те, қала шаруашылығы мен өндірісін – 100%, ал тұрғындардың күнделікті тұтынуын 60-65% көлемінде қамтамасыз етіп отырған су қоймасының қасиетін адамдар әлі де жете бағалап отырған жоқ. Оның айғағы ретінде жағалау толы қоқыс пен суды ластаудың белең алып кеткенін айтсақ та жеткілікті. Жанашыр жандардың бұл мәселе төңірегіндегі жанайқайы бүгінде биліктің де назарын аудара бастады. Қала әкімі Қайрат Әбсаттаровтың тікелей ұйтқы болуымен жақында «Кеңгірге баршамыздың және әрқайсымыздың қамқорлығымыз» атты бастама көтеріліп, жағалау аймағы қала кәсіпорындары мен ұйымдарының қарауына бекітіліп берілді. Соған орай еңбек ұжымдары су жағалауындағы тазалық жұмыстарына белсене кірісті. Қуанарлық жағдай. Дегенмен, ауызсуға қатысты түйінді мәселенің басқа жатары да алаңдатады.
Жезқазған қаласын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көп жылдардан бері көтеріліп жүргенімен толықтай шешімін таппай келеді. Бұл көкейкесті мәселе Елбасының тапсырмасы бойынша қабылданған Жезқазған-Ұлытау аймағын дамытудың Кешенді жоспарына енгізілгеніне де біраз жылдың жүзі болды. Алайда, бүгінге дейін көңіл тұшынатын ауқымды іс атқарыла қойған жоқ. Әзірше, қаланы ауызсумен жартылай қамтамасыз етіп отырған Үйтас-Айдос жерасты су көзінінің құбыры жыл өткен сайын тозығы жетіп, жарамсыз болуға айналды. Қаладан 60 шақырым жердегі Үйтас-Айдос жерасты су көзі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 1967 жылы пайдалануға берілген болатын. Ондағы 5 ұңғыма жоба бойынша жылына 30-35 млн. текше метр су беруі керек-тін. Ал, іс жүзіндегі жағдай олай емес. Құбырдың кетеуі кете бастаған 2014 жылдың көрсеткішіне көз салсақ, Үйтас-Айдостан 10,033 млн. текше метр ғана су қалаға жеткен. Ал, өткен жылғы апаттық жағдайдан соң бұл көрсеткіш тіпті төмендеді. Ауызсудың қалған көлемі Кеңгір су қоймасынан алынуда. Мамандардың пікірінше, қоймаға тәуелді болмай, жерасты суына толықтай көшу үшін Үйтас-Айдостағы 5 ұңғыманың төртеуі қатар жұмыс істеп, біреуі резервте болуы керек. Ал, іс жүзінде қазір мұнда екі, кейде бір ұңғымадан ғана су алынады. Жарты ғасырдан бері су айдап келе жатқан құбырлардың тозығы жеткен. Қатты қысымды көтере алмай, сетінеп кететін жерлері көп. Үйтас-Айдос жерасты су көзінің жобалық мүмкіндіктері толық қуатында пайдаланылуы үшін 60 шақырымдық құбыр толықтай жаңартуды қажет етеді. Қазіргі ара-тұра жамап-жасқаумен жасалып жүрген жөндеу жұмыстары көңіл көншітпейді.
Ана бір жылдары Кеңгірге екі-үш жылдай қатарынан өзен суы құйылмай проблема туындай бастағанда «Қазақмыс» корпорациясы жылу-электр орталығы, байыту фабрикасы және мыс зауыты сияқты ірі кәсіпорындарды қайталама суды пайдалану кестесіне көшірумен қатар, құбырдың ең қалжырап тұрған тұстарын жөндеп беруге бет бұрған еді. Осыған орай Үйтас-Айдос құбырының 13 шақырымын жаңарту мақсатында корпорация
2014 жылы 1 млрд. 174 млн. теңге қаржы бөліп, бұл жұмысқа мердігер ретінде «КазЦентрСтрой» ұйымы тартылды. Көп кешікпей-ақ «ЖСЖК» АҚ басшылығы: «Жаңадан тартылған пластик құбырларды пайдалану мерзімі 50 жылға жетеді, енді жерасты суының үлесін 60% дейін көтеру мүмкіндігі бар» деп БАҚ арқылы жалпақ жұртқа сүйіншілей хабар таратқаны есімізде. Алайда, осы айырбасталған бөлік төңірегінде биыл басқаша жағдай мәлім болып отыр. ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі жанындағы республикалық арнайы мониторинг тобы мүшелерінің анықтауы бойынша 13 шақырымдық құбыр босқа қалып, іске қосылмаған көрінеді. Бұдан кейін қаланы жылумен-сумен жабдықтап отырған «ЖСЖК» кәсіпорны бекітілген инвестициялық бағдарламасы бойынша 2016 жылы 2,6 шақырым, 2017 жылы 2,6 шақырым су құбырын айырбастаған-мыс. Арнайы топ мүшелерінің дабылы бойынша келген комиссия тексерісінде бұл жұмыстың да шикілігі анықталды.
Ауызсу мәселесіне атбасын тіреген соң айта кеткен жөн, екінші бір жоба Есқұла су құбырының жырға айналғанына да көп жыл болды. Құрылыс барысында техникалық кеңес полиэтилен тұрбаны шыныпластиктен жасалғанға өзгерткені 2019 жылы белгілі болыпты. Құбыр жүйесін тексеріп көргенде 60-тан аса ақау шыққан. Осы ақауларды жөндеп қалпына келтіруге мемлекет қалтасынан қосымша 1 млрд. теңге қаржы шығаруға тура келген. Үстіміздегі жылдың мамыр айында облыс әкімі келіп іс барысымен танысқанда мердігер мекеменің инженерлері құбыр құрылысының барлық үш кезеңін 2020 жылдың соңына жеткізбей аяқтауға уәде берген еді. Уақыт көрсетер. Алайда, тәжірибелі су мамандарының айтуынша Есқұла суы кеншілер қаласы Сәтбаевтан артылмайды, Жезқазғанды қамтамасыз етуге жетпейді деген де әңгіме бар.
Екіншіден, Кеңгір арнасының суға толуы ауа-райы жағдайына тікелей тәуелді. Жоғарыда айтқанымыздай, 2010 жылдан бері қуаңшылық салдарынан Қаракеңгір өзенінің тасымай қалуы жиі орын алып жүр. Биылғы жыл қолайлы болып су қоймасына 69 млн. текше метрден аса су келіпті. Соның өзінде арнасының толық толуына 13 млн. текше метрдей су кем болды. Табиғи булану мен барлық шығындарды қосқанда қала жылына 65 млн. текше метр су тұтынады. Алда тозығы жеткен Үйтас-Айдос құбырын жаңарту міндеті тұр. Бұл қысқа мерзімде жүзеге асатын жұмыс емес. Өте қымбат тұратын ауқымды жоба. Әкімдер шешеді ғой, дегенмен, Үкіметтің «Ақбұлақ» бағдарламасына сүйенбесе болмас деп ойлаймын. Қазірде «Қазақмыс» су құбырын жаңартудың жобалық-сметалық құжаттарын жасаумен айналысуда. Осы игі іс сәтімен қолға алынар болса біз біраз уақыт бірыңғай Кеңгірдің суын ішеміз. Осыған байланысты «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен Кеңгірден резервтік құбыр тартылып, пайдалануға берілгелі отыр.
Енді тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, жағалаулары ауызсу көзінің талаптарына сай толық қорғалмаған Кеңгір ашық айдынының суы сапалы деп ешкім айта алмайды. Өндіріс қалдықтарының ауыр металдарын айтпағанда, ішетін суымызға өзіміз түкіргендей көптеген
келеңсіздіктерге бой алдырып отырмыз. Негізінде су қоймасының жағалауын таза ұстаудың басты тетігі адамдардың сана-сезіміне байланысты. Көл жағалап демалушылар ішкен-жегенінен қалған қоқыстарды қалай болса солай шашып тастап, тазалық шараларын сақтай бермейді. Олар үй-ішімен осы судан ішіп отырғанын неге ойламайды екен бір мезгіл?! Су қоймасы жағасына келіп көлігін жуатын кеңкелестер де кездесіп қалады. Сондай-ақ, кейінгі кезде Жезқазғанда су қорғау аймағының ішіне өтіп құрылыс салу деген бір келеңсіз жай бой көрсете бастады. Болашақта оның су қоймасын ластауы ықтимал екенін ойлап жатқан жан жоқ. «Ішер суыңа түкірме» дейді дана халқымыз. Адамның денсаулығына ең қажетті үш фактордың бірі – таза су. Ендеше тіршіліктің нәрі болып отырған қасиетті суымызды ластамайық. Қала басшылығы көтерген жақсы бастамаға қолдау жасап, үлес қосу әркімнің абыройлы борышына айналса екен.
Амандық РАХҰЛЫ