ҰЛТТЫҚ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТАУЫ

Қазақстанның тарих сахнасынан ойып тұрып орын алып, Тәуелсіз ел болып құрылғанына келесі жылы 30 жыл толайын деп отыр. Қазақстан- бүгінде Еуразияның жүрегінде орналасқан, тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет. Аз уақыттың ішінде еліміз бізден едәуір уақыт бұрын тәуелсіздіктерін алған мемлекеттерді қуып жетіп, спорт, білім, ғылым, мәдениет, өнер жағынан әлемнің алпауыт елдерімен терезесі теңеле түсуде. Татулық пен бірлікті алға тартқан Елбасы Н. Назарбаев көш бастап, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев ісін жалғастырып, Қазақстан бүгінде Орта Азиядағы дамушы елдерден алда келеді. Тәуелсіздік шын мәнінде қазақ халқының ұлт ретінде жаңғырып, егемендік құндылықтарын қалыптастырудың бастауы болды. Әлемдік дәрежеде спорттық жарыстарды ұйымдастырып, мықты деген елдердің ұйымына төраға болып, дүние жүзіне аты әйгілі, өзінің қандай ел екенін уақыт өткен сайын дәлелдей түсуде. Тәуелсіздігін алған күннен бастап Қазақстан дамудың жаңа сатысына көтеріліп, талай биік белестерді бағындырып келеді. Өзге елде жалауымыз көк аспанда желбіреп, рухымызды асқақтатар айбынды әнұранымыз шырқалғанда әрбір қазақстандықтың жүрегінде еліне деген мақтаныш сезімі орнайды.

Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстан әлемге танылып, тар жол тайғақ кешу мен зұлмат қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, жаңа деңгейге қол жеткізді. Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған тәуелсіз елді әлем таныды. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бірден аяққа тұрып кетпегеніміз бәрімізге аян. Әлемге беймәлім елдің болашағы бұлыңғырлау көрінгені рас. Бірақ қазақ халқы еш уақытта мойыған жоқ, мойымайды да. Елбасы айтпақшы, «Тәуелсіздік алған тұста бұрынғы Кеңес Одағының соңында қалған республика болатынбыз. Экономикамыз әлсіз, қолда бар өндірістер мен зауыттар әбден ескірген. Мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы, зейнеткерлерге зейнетақы тауып берудің өзі қияметтің қиыны болатын». Десе де қиын-қыстау шақты артта қалдырып, дамудың даңғыл жолына түстік.

Қаншалықты биікті бағындырғанымызды білу үшін, артымызға көз салсақ жеткілікті. 30 жыл ішінде Қазақстанның алған асуы мен жеткен белесі аз емес. Осы тұста Елбасының жыл сайынғы халыққа жолдауы мен түрлі жиында сөйлеген сөзінде келтірілген деректер арқылы тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда жеткен жетістіктің бірқатарына шолу жасауды жөн санап отырмын.

Бірнеше аса маңызды бағдарламалар жүзеге асты: 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық даму бағдарламасы, 2020 жылға арналған бизнестің жол картасы, «Мәдени мұра», «100 мектеп, 100 аурухана», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары.

Ата Заңның 37-ші бабына «Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауға мiндеттi» деген тармақ енгізілген; 1998 жылды Халық бірлігі және тарих жылы деп атап өттік; «Қазақстан-2050» стратегиясында да Отан тарихымыздың маңыздылығын және Отан тарихын паш ету арқылы әлемге Қазақстанды танытамыз деген көсемдік көзқарасын білдірген еді. Ал «Мәдени мұра» бағдарламасы осы бір тарихи мақсатқа жетудегі алғашқы нақты қадам деп есептеуге болады.

Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында сөйлеген сөзінде Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасы турасында: «100-ге тарта тарихи-мәдени нысан жаңғыртылып, оның 73-інде қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Шетелден тарих пен мәдениетімізге қатысты 5 мыңнан астам құнды деректер табылып, көшірмелері елімізге әкелінді. Әлемдік ақыл-ойдың ең озық үлгілері қазақ тіліне аударылып, олар том-том кітап боп жарыққа шығып жатыр. Бұл құндылықтар келешекте жастардың бойына ұлттық сананы сіңіруге жол ашады. Ұлттық фольклорымыз «Бабалар сөзі» деген атпен 100 томға жинақталып жарық көрді. Сонымен қатар әр қиырда шашылып жатқан ұлттық музыкалық мұрамыз да жинақталды» — деген дерек келтірді.

Осынау тарихи белестер Жаңа қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда. Ел Бірлігі — біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың Қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Халықаралық EXPO-2017 көрмесін табысты өткізіп, еліміздің әлеуетін әлемге паш еттік. Биыл ҚР Конституциясына және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл жылдығын атап өттік. «Бірлік пен жасампаздықтың 30 жылы» ұранымен мерекеленетін мерейлі жыл еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін одан әрі нығайтып қана қоймай, еліміздің жеткен жетістіктерін әрбір қазақстандықтардың сезінуіне жол ашып, тәуелсіздік-біздің барлық жетістігіміздің негізі екендігін сезіндіреді, алда тұрған басым бағыттарды іске асыруға жұмылдырды.

Елбасының әрбір Жолдауы – мемлекеттік бағдарламалар арқылы қол жеткізілген нәтижелерін сараптап, 2050 жылға дейінгі мемлекеттік

бағытын іске асырудың логикалық жалғасы болып табылатын стратегиялық құжат. Елбасы Н.Назарбаев бастаған осы тамаша үрдісті қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жалғастырып жыл сайын халыққа арнаған Жолдауларын арнауда.

Халқымыздың сан ғасырлық тарихына зер салсақ ата-бабаларымыздан қаншама баға жетпес құнды мұраларының, ұлттық жауһарларының куәсі боламыз. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі өзімізді қадірлей білу» деген екен. Шынымен де бүгінгі күні елімізді төрткүл дүние танығанда ұлттық құндылықтарымызды толық қалпында түгендейтін кез келді. Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамның рухани-мәдени жаңғыруын көздейтін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттық санамызға сілкініс әкелді. Елбасымыз мақаласында «Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» – деп баса айтып өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Мәдениет және білім беру салаларында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді», – дей келе тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін құруға ұсыныс жасады.

Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді»,– деп тарихи ескерткіштердің ұрпақ тәрбиелеудегі рөлін атап көрсетті.Былтыр осы мақсатта ұйымдастырылған халықаралық «Жезкиік» этнофестивалінің аясында туристік форум өткені баршамызға аян. Оның басты мақсаты туризм кеңістігін ашу, туристік кластерді дамыту болып табылады. Биыл Президентіміздің тапсырмасымен Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту мақсатында Жошы хан кесенесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, Жошы орталығы салынып, кесенеге сапалы жол салынуда.

Осы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасына қосар үлесіміз қандай деген сауалға жауап берер болсам. Бағдарлдаманы іске асыру мақсатында Жезқазған тарихи-археологиялық музейі де өзіндік үлестерін қосып, ауқымды іс-шараларды атқаруда. Былтырғы музейлер фестивалі республикалық болса биылғы 2-рет өткізіліп отырған фестивальдің ауқымы

кеңейіп халықаралық деңгейде өткізілді. Фестиваль «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларын жүзеге асыру аясында өтті. «Ұлы Дала мұрасы» атты Халықаралық музейлер фестивалін өткізудегі басты мақсат: тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау, қазақ халқының тарихын зерттеу, Ұлы Даланың өзіндік мәдениеті мен бірегей өркениетін бойына сіңірген ата-бабаларымыздың өмірі туралы деректі және тұрмыстық естеліктерді қайта жаңғырту. Шетел архивтерінде, музейлерінде сақталған қазақ тарихына қатысты қолжазбалар мен деректерді, жәдігерлерді жинақтау, шетелдік музейлер мен архивтер арасындағы байланысты нығайту болып табылады. Фестивальге 5 шетел мемлекетінен 9 шетелдік және 20 республикалық музейлер мен архивтерден 42 қызметкер, 11 отандық ғалымдар мен тарихшылар қатысты. Олар: Түркияның Анкара қаласынан, Ресейдің Астрахань облысынан, Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласынан, Моңғол Халық Республикасының Баян-Өлгей аймағынан, Өзбекстан Республикасынан келді. Шетелден келген мамандар музей қорына тарихи маңыздылығы бар құнды жәдігерлерді табыстады. Қытайдың Мемлекеттік архивінің қызметкерлері 18 ғасырдағы Ұлы Жібек жолының Қазақстанға сауда-саттықпен айналысу үшін жібек матасын экспортқа шығару туралы жарлығының көшірмесін, Ресейдің «ГУЛАГ» музейінің мамандары Степлаг, Карлаг лагерлеріне байланысты тың мәліметтер, фотосуреттер, бейнематериалдар, аэроғарыштан түсірілген Степлаг лагерінің фототүсірілімін, Моңғолияның Баян-Өлгей музейінен қазақтардың Моңғолияға алғаш қоныс аударғандығы жөніндегі қолжазбаның көшірмесін, Өзбекстан архивінің мамандары 18-19 ғ.ғ түсірілген қазақ шаруаларының фотосуреттерінің көшірмесін музейге табыстады. Фестиваль аясында «Ұлы Дала мұрасы» – музейлер фестивалінің салтанатты ашылуы», «Тарихта өз атыңды қалдыр» – акциясы өтіп, нәтижесінде музей қоры 300 жәдігермен толықты. «Хас шеберлер шеруі»- қолөнер шеберлері мен суретшілердің қатысуымен шеберлік сабақтары, «Ұлы Дала жауһарлары» экспозициясының ашылып, онда «Ұлы Даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Архив 2025» тақырыптары қамтылды. Сонымен қатар, «Көне дәуір куәгерлері» – құнды әрі сирек кездесетін жәдігерлер таныстырылымы, «Музей қызметінің жаһандық жаңаруы – заман талабы» – атты музей мамандарына арналған семинар-тренинг өткізді. Семинарда Түркияның Анкара университетінің профессоры, доктор Айша Чакир Ильхан, және қазақстандық музейтанушылар музей педагогикасы бойынша дәрістер оқыды. Соңында музей мамандары сертификатқа және әдістемелік оқулыққа ие болды. Сонымен қатар шетел қонақтарына, музей

мамандарына «Ұлы Дала – түркі әлемінің бесігі» атты – Ұлытау-Жезқазған өңірінің Сакралды жерлеріне экскурсия жүргізілді.

Музей археологтары Ғ.Ауезов, Б.Балтабеков, А.Бірмұхановалар Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамында Талдысай-ежелгі металлургиялық пештерге жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына қатысты. Сонымен қатар, «Сакралды Қазақстан» жобасының аясында өлкеміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерге арналған жолкөрсеткіш және буклеттер 3 тілде дайындалды. Мектеп оқушыларына арналған өлке тарихын сүюге, дәріптеуге, насихаттауға бағытталған «Жас өлкетанушы» жобасы биыл да өз жалғасын табады. Қазіргі таңда бұл жобаға қаламыздағы барлық мектептері атсалысып, былтыр өлкетану сабақтары музей қабырғасында өтті. Бір көңіл қуантарлығы өлке тарихына деген қызығушылығы артқан мектеп оқушыларының саны көбейіп, мектептерден ұсыныстар түсуде. Биылдың өзінде Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі «Алашахан», «Жошыхан», «Домбауыл» кесенелеріне «Теректі Әулие» археологиялық кешеніне көптеген экскурсиялар ұйымдастырылды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өту Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы аса көрнекті оқиғасы болуы тиіс. Оның мақсаты – Қазақстанның жетістіктерін кеңінен насихаттау, тәуелсіздік жылдарындағы қорытындыларды шығару, сонымен қатар еліміздің жетістіктері мен мүмкіндіктерін ел ішінде және одан тыс жерлерде көрсету.

Раушан ҚАПАРОВА,

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің директоры

12:54
451

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020