ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ – НАЗАРДА

Жезқазғанның экологиялық ахуалына алаңдаушылық танытқан белсенділердің әлеуметтік желілердегі жазбалары айына бір рет осы мәселеге қатысты жиналыс өткізуге себепші болды. Алғашқы жиын қалалық тұрғын үй коммуналдық шарушалығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бахтияр Пардабековтің төрағалығымен және Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Салтанат Кенжебаева мен департаменттің экологиялық инспекторы Әлия Какенованың қатысуымен өтті.

–Біздің орган азаматтардың шағымдарын қараусыз қалдырмайды. Сіздердің әлеуметтік желідегі жазбаларыңыз мен қала әкімінің өтініші бойынша департамент 2020 жылдың мамыр айында «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС қатысты тексеру жүргізді. Оның нәтижесінде кәсіпорынға әкімшілік шара қолданылып, 1,8 млн теңге көлеміндегі шығынды төлеу міндеттелді, – деген Салтанат Болатқызы сөз кезегін өндіріс ошағы мыс қорыту зауыты қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Ербол Қазанбаевқа беріп, бүгінде ауаның ластану деңгейін төмендету бағытында атқарылып жатқан шаруалар хақында айтуды сұрады.

–Рұқсат етілген шекті шығарындылардың нормалары жобасына сәйкес Жезқазған мыс қорыту зауытының өндіріс алаңында ауа ластайтын 72 көз бар. Олардан ауаға 29 ластаушы зат шығады. Оның ішінде №0227 Н-200 мұржасы негізгі шығындылардың көзі болып отыр. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің 2019 жылдың 23 қазанында шешіміне сәйкес 63 284,19 тонна жалпы шығарылымға, оның ішінде 59570 тоннасы күкірт диоксидін ауаға шығаруға рұқсат етілген, – деп баяндамасын оқыған ол мыс зауытындағы 4 конвертордың екеуі істе екенін жеткізді. Рұқсат етілген шекті шығарындылардың нормалары жобасына сәйкес күкірт қышқылы цехында балқыту цехынан шығатын газдарды аулайтын 2 технологиялық сүзгі болуы тиіс. Бүгінде 3 сүзгі сағатына 50 00нм3 көлемдегі улы заттарды аулайды. Сонымен бірге цехта қуаты 600 мың м3/сағ алты құрғақ электрсүзгі орнатылған.

–2020 жылға 2 060 011 теңгеге 8 шара жоспарладық. 2018 жылдан бері кеңгір жағалауына 2 мыңнан аса тал егілді. Сондай-ақ, мыс қорыту зауыты аумағын жасылдандыру мен абаттандыруға баса назар аударамыз, — деген Ербол Қазанбаев жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы жоспарланғанын және пандемия салдарынан жоба тоқтап тұрғанын алға тартты. Газ шығындыларын азайту жолында «Қазақмыс Холдинг» ЖШС өндірісте мазуттың орныны газ қолдануды құп көріпті. Мыс қорыту зауыты мен байыту фабрикаларын газға ауыстырудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, жобаны 2021 жылдың сәуірінде іске қосу көзделген.

Қоғам белсенділерін мыс қорыту зауытының басшылығы қоршаған ортаға шығындылар тастағаны үшін қанша көлемді салық төлейтіні қызықтырды. «Жезқазған мыс қорыту зауыты айына қала бюджетіне 350 млн теңгеден

астам, тоқсанына 1 млрд теңге көлемінде салық төлейді», — деп жауап берген зауыттың қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы жаңа экологиялық кодексінің жобасы қабылданатын болса, бұл қомақты қаражат өндіріске қайта қайтарылатынын айтты. Заң жобасына сәйкес қоршаған орта эмиссиясының қаражатын кәсіпорын қоршаған ортаны оңалтуға бағытталған шараларды жүзеге асырады. Қоғам белсенділеріне бұл жаңашылдық ұнай қоймады. Қаражат мақсатты жұмсалмайтынына алаңдаған көпшілікке облыстық экология департаменті мамандары түсініктеме берді. Осы қаржыға кәсіпорын технологияларын жаңартпай, мақсатсыз жұмсайтын болса, айыппұл төлейтін болады.

–Адам денсаулығы төленген айыппұлдармен өлшенбейді. Жезқазған мыс қорыту зауытында екінші пештің қосылғаны мыңға жуық тұрғынды жұмыспен қамтыды, экономикамызды дамытты деп жатырсыз. Сіздер барлығын ақшаға айналдырып алғандайсыздар. Әр жезқазғандықтың өмірі мен денсаулығы басты құндылық екенін ұғынып, ауаны ластамаудың нақты жолдарын қарастыруларыңыз керек, – деген Евгений Фомин Кеңгір жағалауының тазалығы мен ондағы балықтың азаюына қатысты нақты шаралар қабылдауды сұрады.

Жылына ауаға 200 тонна қорғасын, 59 570 тонна күкірт қышқылын шығаратынын айтқан Ербол Қазанбаевты қоғамдық кеңестің төрағасы Сағындық Қожамсейітовтің: «1980 жылы ауаға 50 мың тонна күкірт шығындысы шығарылса, қазір 62 мың тонна екен. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру табыспен қана шектеліп қоймайды. Мұнда экологиялық ахуалдың да маңызды екенін Елбасы атап өтті емес пе?! Ендеше, зауыттан шығып жатқан газ біздің өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын төмендетіп жатыр деуге толық негіз бар» деген пікірі тығырыққа тіреді.

Жиынды қорытындылаған экологиялық инспектор Әлия Какенова облыс әкімінің Жезқазған-Ұлытау аймағына қарасты жерлерде заңсыз пайда болған қоқыс алаңдарын 11 қыркүйекке дейін тазарту тапсырмасы орындалмағанына назар аудартты.

Диана ОРАЗАЛИНА

12:58
301

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020