Жезқазған көпбейінді ауруханасының басшысы Орал Мазитов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, Жезқазған медициналық орталығы жанынан салынып жатқан жаңа модульдік стационар құрылысы туралы баяндады.
Жалпы құны 7 млрд теңгені құрайтын модульдік стационар 200 орынға шақталған. Оның 180-і – стационардық төсек-орны болса, қалған 20-сы – қарқынды терапия төсегі ретінде ұйымдастырылған. Орал Мазитовтің айтуынша, аталған 20 орында аса ауыр жағдайдағы жан сақтау бөліміне түскен науқастар жатқызылады. Соған сай бұл бөлмелердің барлығы өкпені жасанды желдету аппаратымен жабдықталады. Аумағы 6 700 шаршы метрді құрайтын стационар сегіз корпустан тұрады. Стационардың басты ерекшелігі – медициналық газгольдерлер арқылы барлық палатаға оттегі тартылады. Сондай-ақ, әрбір палатаға КТ аппараты мен цифрлы рентген аппараттары қойылады.
– Көп адамды алаңдатқан коронавирустің екінші толқынына барынша дайындық жүргізілуде. Коронавирус пен пневмония өршіген уақытта күніне 80 адамға дейін түскен кездер болды. Бұл кезде күш, ең алдымен, дәрігер мамандарға түсті. Алғашқыда аталған дерттің ортасына білек сыбана түсуге көбісінің жүрегі дауаламағаны рас. Жұмыстан бас тартқандары да болды. Жұмыс барысында бізде көп балалы немесе үйінде қарттары бар ақ халаттыларды коронавируспен күреске тартпауға тырыстық. Мен осы дертпен күресу жолында жанкешті еңбек еткен дірігерлер қауымына алғысымды білдіремін. Олар қорғаныш киімін кию үшін бір сағат ерте тұрып дайындалатын. Таңертең жұмысқа шыққаннан кешке дейін нәр татпай, осы киіммен жүруге мәжбүр болды. Себебі, жай көзілдірікті шешу арқылы да вирусты жұқтырып алу қаупі жоғары болды, – дейді Орал Мазитов.
Қаламыз бойынша аты жаман дерпен күрес жолында бір дәрігер қаза тапқан. Бүгінде алғашқыдай емес, COVID-19 дертіне шалдыққандар саны азайғанын жеткізген Орал Сафиуллаұлы тәулігіне 1-2 науқастан түсіп отыратынын әрі олар аса ауыр жағдайдағы науқастар еместігін айтты.
Модульді стационардағы кадр мәселесі де шешімін тапты. Бүгінде резидентураны бітірген 15 жас маман аталған орталыққа келіп, қызметтеріне кіріспек. Олардың қатарында 8 инфекционист, 3 ревматолог, 3 педиатр және 1 госпиталь эпидемиологі бар.
Қарағанды облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен «BI Group» ЖШС құрылыс компаниясы салып жатқан модульді стационардың құрылысы қазан айының соңына дейін бітуі керек деп жоспарланған болатын. Дегенмен, «BI Group» компаниясы басшылығы құрылыс 5 қазанға дейін толық аяқталады деп отыр.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН