«Қарты бардың – қазынасы бар» деп ақсақалдысы мен ақ жаулықтысын ардақ тұтып, аялаған қазақ астты жанашыр да жасампаз халықтың ұрпағы екенімді мақтан етемін. Міне, Жезқазған қалалық «Ардагерлер ұйымына» жетекшілік етіп отырғаныма биыл 5 жыл болыпты. Бүгінгі таңда біздің ұйымның құрамында есепке тұрған нақты 3400 қарт бар. 26 ардагер кеңес жұмысының шаруаларын мойнына алған. Сондай-ақ президиумға 7 қарт, комиссия құрамына 6 қарт мүше. Осы жылдар ішінде біздің ардагерлер біраз жақсы жайттарға бастамашы болып, түрлі іс-шаралардың басы-қасынан табылды.
Биыл еліміз үшін айрықша жылдардың бірі. 2020 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына – 1150 жыл, Алтын Орданың құрылғанына – 750 жыл, Абай Құнанбайұлының туғанына – 175 жыл, Ұлы жеңістің 75 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясына – 25 жыл. Осынау мерейлі күндерге орай жыл басында өте көп жоспарлар түзілді. Дегенмен «Ауру айтып келмейді» деген рас қой. Бүкіл әлемді жайлаған коронавирус індеті тек біздің жұмысымызға емес, барлық салаға кедергісін келтіріп, залалын тигізді. Одан бұрын адам шығыны орын алды. Адамнан адамға өте тез тарап жұғатын аурудың әсерінен сақтанудың жалғыз жолы тасалану ғана болды. Егде жастағылардың індетті жұқтырып алу қаупі тіптен жоғары. Өкінішке орай, осы ауру салдарынан біраз замандастарымыздан айрылып қалдық.
Жыл басында ауру ошағы дендемей тұрған кездерде қариялармен ара-тұра кездесіп тұратынбыз. Кейіннен Наурыз мерекесі мен 9 мамыр мерекелерінде кеңес мүшеері 4-5 адамнан бөлініп ардагерлерге сый-сияпаттарын табыстап, мерекелермен құттықтады. Жеңіс күні қарсаңында қаламыздағы Ұлы отан соғысына қатысқан ардагерлерді құттықтап шықтық. Бұл жолы өзге шаралардан ерекшелендіріп, қарияларға сирень гүлін сыйладық. Оның себебі соғыс кезінде сирень гүлін сыйлайды екен. Жастық шақтары еске түскен қариялар көздеріне жас алды.
Жақында 10 шақты қарияның басын қосып Ұлытауға кішігірім саяхат жасадық. Біз бұл кездесуімізді Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арнадық.
25 қыркүйек күні қаламызда қалған төрт соғыс ардагерінің бірі Александр Гусак 98 жасқа толады. Азын-аулақ ақшалай сыйлығымыз бен құшақ гүлімізді алып қарияны құттықтамақ ниетіміз бар. Мен республикалық ардагерлер кеңесіне мүшемін. Жақында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлдестігінің Қарағанды облыстық филиалыныңұйытқы болуымен «отан үшін от кешкуендер» тақырыбында энциклопедия кітап жарық көрді. Оған біздің қаламыздағы Ұлы Отан соғысы құрбандарын еске алуға арналған «Даңқ» мемориалы мен «Азат етуші жауынгер» ескерткішінің суреті мен соғыс ардагерлері – Иван Артеменко мен Нина Виноградованың және Александр Гусак пен Алексей Миненконың өмірбаяндары енді. Бұл кітаптың 5-6 данасы біздің қолымызға да тиіп отыр.
Біздің қоғамдық бірлестік Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімімен бірлесе жұмыстар атқарады. Алдағы уақыттарға жоспарлаған жұмыстарымыз мол. Бүгінгі тілеріміз – індет ауыздықталып, қалыпты өмірімізге қайта оралсақ екен. Қарттар күні құтты болсын. Қариялар аман, жастарымыз жігерлі болғай!
«Айып БАЙҚАСЫНОВ,
Құрмет белгісі» төсбелгісінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы,
қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы