Еліміз Тәуелсіздік алып, бұрынғы жоспарлы экономикадан нарыққа көшкен алғашқы кезеңде өнім өткізуде тығырыққа тірелген көптеген кәсіпорынның тұралап қалғаны белгілі. Осындай қиын жағдайға ұшыраған «Жезқазғантүстімет» акционерлік қоғамының қызметін тұрақтандыру жөніндегі Үкімет қолға алған шараларға байланысты Жезқазған мыс өндірісін басқаруға Оңтүстік Кореяның «Самсунг» корпорациясы келген тұста еліміздің стратегиялық және экономикалық мүддесін қорғау үшін сирек металдарды мемлекеттің иелігінде сақтап қалу мәселесі туындаған болатын. Осыған орай ҚР Үкіметінің 1995 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысымен «Жезқазғансирекмет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылып, осмий-187, рений өнімдерін, құрамында күміс және алтын бар шламдарды, сондай-ақ, сирек кездесетін басқа да бағалы металдарды өндіруді одан әрі дамытып, нығайтуда мемлекеттік монополияны сақтау міндеті алға қойылды. Кәсіпорын содан бері ел экономикасын нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Бүгінде ширек ғасырлық белесіне жеткен іргелі өндірістің қаз тұрып, қалыптасу кезеңі мен ең бағалы өнімдердің бірі – жаңа ғасыр металын өндіруді жолға қоюы жайлы мақаламызды оқырмандар назарына ұсынамыз.
Жезқазған жерінің қазба байлықтары мен оның ерекшеліктері туралы табандылықпен зерттеген білікті геолог, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев «Жезқазған – Қазақстанның інжу-маржаны» деген теңеуді бекер айтпаған. Қаныш Имантайұлы Орталық Қазақстанның металлогениялық болжам картасын жасағанда Жезқазған өңірінің қойнауында мол мыс кенінен бөлек, сирек кездесетін түсті металдардың да бай қоры бар екендігін ғылыми жолмен зерделеп берген еді. Осының ішінде алтын, күміс бастаған сурьма, рений, осмий, селен, теллур сияқты бағалы металдарды айырып алу арқылы кен өндіруден түсетін пайданы әлденеше еселей түсуге болатынын болжаған екен. Бір ғажабы, ең қымбат металл саналатын осмий әлемнің бірен-саран жерін айтпағанда, негізінен біздің өңірдегі кен жыныстарының құрамында ғана кездесетін көрінеді. Айтулы ғалымдардың атсалысуымен осыдан 25 жыл бұрын сирек металдар цехында осы осмий-187 изотопының ұнтағы алғашқы рет алынды. Жаңа ғасыр қарсаңында игеріле бастаған бұл бағалы өнім мамандар арасында «Ғасыр металы» деген атауға ие болды. Бұл жетістік талай жылғы ізденіс пен жүйелі еңбектің нәтижесі десе болғандай.
Бағалы өнімдерге қол жеткізу жолындағы алғашқы талпыныс 1975 жылы Жезқазған мыс қорыту зауытының технологиялық бір құрылымы ретіндегі сирекметалдар цехын іске қосудан басталған еді. Екі жылдан кейін мұнда шаю қышқылынан аммоний перренаты алынды. Ал, 1991 жылы бірінші рет рений қышқылы, 1992 жылы қорғасын суригі алынса, 1995 жылы әлемдік рынокта ең бағалы металл саналатын осмий-187 изотопының ұнтағын алғашқы рет алу ел өміріндегі елеулі оқиға ретінде бағаланды. Бұдан кейін 1996 жылдың желтоқсанында цехта бірінші рет металдық рений ұнтағы алынса, 1999 жылы үш негіздегі қорғасын сульфатын өндіруге қол жеткізілді. Қазір сирекметалдар цехы – «Жезқазғансирекмет» РМК-ның негізгі құрылымы. Құрамында осмий, рений бар шикізат осы цехта өңделеді. Рений және осмий сияқты құпиясы мол металдардың кен құрамындағы үлесін анықтап, өндірістік игерудің жолына қою көптеген ғалымдар мен ғылыми мекемелердің талай жылғы еңбегінің жемісі. Сонау ерте кездің өзінде Т.А.Сәтбаева, С.К.Калинин, Э.Е.Файн сияқты ғалымдар кен құрамындағы минералдардың көлемі ұлғайған сайын рений мөлшерінің де өсіп отыратындығын ғылыми негізде дәлелдеген көрінеді. Ал, кен құрамында кездесетін осмий сирек металының ерекшеліктерін алғаш зерттеп, дәлелдеген ғалымдар С.Калинин мен Э.Файн екен. Осы өндірістің бастауында болған жандардың бірі, техника ғылымдарының кандидаты, «Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіровпен әңгімелесіп, ғасыр металын игерудің ғажайыптары төңірегінде пікірлескенімізде осы ауқымды істің шынайы қозғаушысы болып, тынымсыз ізденістерімен атсалысқан ғалымдардың есімдерін аса ризашылықпен атап айтты. Төкең әуелде сирек металдар цехын басқарса, 1996-2001 жылдары «Жезқазғансирекметалл» кәсіпорнының бас директоры болған адам. Ол өзінің ғылыми диссертациясын «Құрамында ренийі бар аммиакті-сульфатты ерітіндісінен осмий алудың технологиясын зерттеу және дайындау» тақырыбында қорғаған жергілікті жердегі білікті инженер-металлург болып табылады.
— Мен 1991 жылы мамыр айында сирек металдар цехына басшылыққа келгеннен кейін аммоний перренатынан басқа рений қышқылын алуды нақты жолға қойдық. Бұл талабымызды жүзеге асыруға техника ғылымдарының докторы, профессор З.С.Әбішева, мен техника ғылымдарының кандидаты Л.Я.Агапова бастаған ғалымдар айтарлықтай көмегін көрсетті. Сирек металл өнімдерінің жаңа түрлерін өндіру жолындағы ғылыми-зерттеу шараларының одан әрі тоқтаусыз жүргізілуіне Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, ғылым докторы Е.И.Пономарева, ғылым докторы Н.А.Загородняя, геология ғылыми институтының зертхана меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты М.И.Мадин, Қарағанды химия-металлургия институтының профессоры, ғылым докторы Т.А.Оралов және басқа да ғалымдар жетекшілік жасап, көп еңбек сіңірді. Әлемдік рынокта бір грамының бағасы ондаған мың доллар тұратын осмий-187 изотопы 1995 жылдың мамыр айында біздің цехта дүниеге келді. Түйіндеп айтар болсақ, платина тобына жататын бұл сирек металдың еліміз үшін стратегиялық маңызы зор. Жаңа ғасыр металы атанған осмийдің негізгі қоры кенді өлке Жезқазғанның қойнауында жатуы бізге берген үлкен мүмкіндік. Оның болашағы әлі алда деп білемін, — дейді Т.Бүкіров.
Дербес шаруашылық жүргізу құқы бар кәсіпорын құрылған соң қымбат металдарды әлемдік рынокта бағалап өткізуге мемлекеттік деңгейде көңіл бөліне бастады. Әуелгі мақсатқа сай стратегиялық маңызы зор бағалы металдардың мемлекет мүддесіне қызмет етуін жолға қою жолында кәсіпорын талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтіп келеді. Жеткен жетістіктері айтуға тұрарлықтай. Кәсіпорынның өнімі негізінен экспортқа шығарылады. Өнімдері бүгінде әлемдік рынокта кеңінен белгілі. Сыртқы байланыстары қалыптасқан кейінгі кезеңдегі мерейлі істерін атап өтсек болады. Кәсіпорын 2003 жылы Женевада өткен «Бизнестің жоғары сапасы үшін» Халықаралық форумына қатысып, қор хартиясы қол қойған «Іскерлік тәжірибесіндегі жоғары сапа үшін» алтын медалін, 2004 жылы Германиядағы шетелдік әріптестермен болған көрмеде «Жаңа технология мен автоматтандыруды енгізгені үшін» дипломын иеленді. Сондай-ақ, 2006 жылдың қарашасында Еуропа Бизнес-Ассамблеясының (Оксфорд, Ұлыбритания) номинациялық комитетінің «Еуропалық сапа» алтын медалімен марапатталса, 2010 жылы Еуропалық рынокты зерттеу орталығының және Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің Халықаралық конгресінің ұсынысы бойынша «Еуропаның үздік кәсіпорны» марапатына лайық болды. Кәсіпорынның кейінгі жылдардағы жетістіктері де айтарлықтай. Мәселен, «Жезқазғансирекмет» РМК 2017 жылы Францияда Еуропа елдерінің «Сапа үшін» халықаралық жүлдесін еншілесе, 2018 жылдың қорытындысында «Қазақстанның үздік кәсіпорны» аталды және өткен жылы «Сапа жұлдызы» стеласы атаулы марапатына ие болды.
— Мұның барлығы кәсіпорын ұжымының еселі еңбегі мен жоғары кәсіби шеберлігінің арқасы, — дейді «Жезқазғансирекмет» РМК директоры Нариман Абылқанов. – Кәсіпорын жыл сайын өз жұмысын жетілдіре отырып, бәсекеге қабілетті өнім өндіруді жолға қоя білді. Жаңа технологияларды енгізуге ұдайы көңіл бөлінуде. Айталық, кейінгі уақытта негізгі шикізатты өңдеу кезіндегі алынған өнімдерден ренийді қосымша ұнтақтау технологиясы енгізілген болатын. Кәсіпорынды дамытуға бөлінген республикалық грант есебінен зертхана жабдықтап, іске қостық. Біздің өнімдерімізге химиялық сараптама жасайтын мұндай зертхана елімізде жоқ. Бүгінде қалдықтардан қосалқы шикізатты өңдеу жөніндегі технология енгізіліп, ыстыққа төзімді никель құймасы мен гептасульфид металдары өңделуде. Сонымен қоса, біз ұжымдық шартқа сәйкес еңбеккерлеріміздің және бұрында қатарымызда болған зейнеткерлеріміздің әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлуді назардан шығармаймыз. Оның сыртында қаланың балалар мекемелеріне де көмек қолын созып отырамыз.
Иә, басшы айтса айтқандай, еліміздегі бірегей кәсіпорын ұжымы өздерінің 25 жылдық мерейтойын еңбектегі лайықты жетістіктерімен қарсы алып отыр. Мерейлі шақта үздіктер есімін атап өткен де жөн болар. Екінші дәрежелі Еңбек Даңқы медалінің иегерлері өндірістік техникалық бөлімнің бас технологы Ж. Жұмабеков, ауысым шебері К. Нәбиев болса, ал ауысым шеберлері Ж. Байбосынов, С. Мырзатов, сирек металдар өндірісіндегі аппаратшы-гидрометаллургтер С. Куржиева, О. Түсіпбеков, Ж. Жағыпаров, автомобиль жүргізушілері Е. Құрманғалиев, А. Күмісбаев үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» медалін әр жылдарда омырауына таққан үздіктер болып табылады. Сондай-ақ, еңбек озаттары қатарында ауысым шебері Ж. Әбеновтің, аппаратшы-гидрометаллургтер Р. Қияқпаевтың, Ж. Бектасованың, Д. Ибраеваның, электромонтер А. Казбанның, слесарь-жөндеуші Т. Қожақпаевтың, медпункт фельдшері Н. Бородачёваның, жүргізуші М. Тоспаевтың есімдері де құрметпен аталуда.
Еліміздің Тәуелсіздігімен бірге қатарға қосылып, жаңаша түлеген «Жезқазғансирекмет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жоғары технология мен қазіргі ғылымға негізделген, болашағы өте зор өндіріс. Оның даму бағдары да мемлекеттің стратегиялық саясатымен өзектес. Мамандардың бағалауынша, мұнда өндірілетін сирек металдардың мемлекеттің экономикалық және қорғаныс қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызы ерекше. Мәселен, осмий-187 изотопы аэроғарыштық салада, зымыран жасауда қолданылады екен. Сондай-ақ, көптеген дәрілік препараттарды синтездеуде катализатор ретінде пайдаланылады. Ал, сульфидті кендерде кездесетін рений мұнай өңдеу өнеркәсібінде жоғары октанды бензин алуда кеңінен қолданыла бастаған. Ғасырдың ғажайып металы осылайша ел игілігіне айнала бермекші.
Амандық РАХҰЛЫ
Суреттерде: Кәсіпорын директоры Н.Т. Абылқанов және ұжым мүшелері