ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ БИІКТЕДІ

Өткен ғасырдың басында мәдениет пен экономикалық дамудың өзара қимылын зерттеген неміс ойшылы Макс Вебер: «Үлкен ауқымнан қарағанда, ұлттар тауарлармен және қызмет көрсетумен ғана бәсекелеспейді. Олар қоғамдық құндылықтар және білім беру жүйелерімен де бәсекелеседі» деген қорытындыға келген екен. Шынында, елдің бәсекеге қабілеттілік деңгейін анықтайтын негізгі өлшем – білім мен ғылым. Осы екеуінсіз ілгерілеу де, өркендеу де мүмкін емес. Сондықтан, Қазақстанда егемендігін жариялағаннан күні бүгінге дейін білім-ғылым саласына басымдық берілуде. Атқарылған ауқымды шаралар нәтижесіз болды дей алмаспыз. Мұғалім мүддесінің заңмен қорғалуы, қағазбастылықты жою, жаңартылған білім мазмұнына көшу, үш тілде оқыту сынды игіліктердің бәрі – сол реформаның жемісі. Отандық білім беру жүйесін тағы да жаңалықтар күтіп тұрғаны анық. Неге десеңіз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының алдына «ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн» деген міндет қойып, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының бір бағытын қ олжетімді әрі сапалы білімге арнады. Ұстаздар еңбекақысын өсіру, ө скелең ұрпақтың спорттық және шы­ғар­машылық әлеуетін жоғарылату, қала мен ауыл ара­сын­дағы білім беру саласындағы алшақ­тықты қысқарту қажеттігіне назар аудартқан стратегиялық құжатта жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда білім қызметкерлеріне артылар жауапкершілік зор. Осы ретте біз алдына қойылған әр тапсырманы адал орындап, ұжымын жетістікке жігерлендірген қара шаңырақ №8 гимназияның директоры Сара ӘБДІКЕРОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

–Сара Түгелбайқызы, Мұғалімдер күні құтты болсын! Пандемияға қарамастан биыл ұстаздар қауымы төл мерекесін ерекше сезіммен қарсы алады деген ойдамын. Себебі, жылдар бойы қаузалып келген мұғалім мәртебесі туралы заңға қол қойылды. Құқықтық құжатпен танысып үлгерген болсарсыз. Мұғалімнің білігі мен беделін арттыруда аталған заңның рөлі қандай?

Рахмет!«Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын және Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың 2019 жылы өткен «Bіlіm jáne gylym!» педагогтердің тамыз конференциясында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының мақсаты — педагогтердің мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу. Бұдан басқа, Заңда педагогтердің құқықтары мен міндеттері қарастырылған, сондай-ақ педагогикалық қызметке рұқсат беру талаптары белгіленген. Жасыратыны жоқ, биылдан бастап күшіне енген заңда қазақстандық педагогтердің ойынан шығып, көкейіндегісін дөп басқан тұстары жетерлік. Біріншіден, 2020 жылы жалақыны 25 пайызға өсіру және төрт жыл ішінде екі есе арттыру көзделген. Екіншіден, педагог өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартылудан қорғалады.

Үлгілік оқу жоспарлары төмендеуі есебінен 2021 жылдан бастап оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендейді. Заң бойынша педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға кезексіз орын беріледі. Сонымен бірге, білім қызметкерлеріне баспана мен жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне кепілдік беріліп отыр. Халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарына түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың лауреаттарын дайындаған педагогтер, магистр дәрежесі бар мұғалімдерге, тәлімгерлікке заң аясында қосымша ақы төленеді. Аталмыш заң қабылданғанға дейін әдіскерлер, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлерінің ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы күнтізбелік 42 күнді ғана құраса, енді жаңа заң аясында барлық педагогтер күнтізбелік 56 күндік ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысын алудың әлеуметтік кепілдіктерін иеленіп отыр.

Ұстаздық қоғамдағы беделін арттыру да заңда көрініс тапты. Ұстаздың ең бірін­ші міндеті – балаға білім беру. Сондықтан, мұғалімдер­ді оңды-солды қоғамдық жұмыстарға тартуға заңмен тиым салынды. Одан бөлек, педагогтердің ар-намысын, абыройын қорғау мақсатында заңнамамен алғаш рет педагогтің абыройына қол сұққаны үшін әкімшілік жауапкершілік туралы норма енгізілді. Айталық пе­дагогтерге тіл тигізгені үшін жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер мұндай жағдай бір жыл ішінде қайталанатын болса 40 АЕК көле­мінде айыппұл (немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Егер кәмелет жасына жетпегендер педагогке тіл тигізсе, олардың ата-анасына немесе ата-анасының орнын алмастырушыларға 20 АЕК көле­міндегі айыппұл қарастырылған. Құқық бұзушылық қайталанса айыппұл көлемі 30 АЕК болады. Заңда мұғалімдерді кәсіби міндетіне жатпайтын жұ­мыс­­тарға тарту мәселесіне жіті көңіл бөлінген. Педагогтерді қыз­метіне сәйкес емес жұмыс­тар­ға тартқандарға ескерту бері­леді, құқық бұзушылық қайта­ланса кінәліге 20 АЕК-тен 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Көзделмеген есеп­ті­лікті ұсынуды талап ет­кендер­ге де ескерту беріледі, құқық бұзу­шылық қайталанса 20 АЕК-тен 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Көзделмеген тексерістер жүргізген кінәлі лауазымды тұл­ға­лар да осындай жазаға тартылады.

–Ұрпақ тәрбиесінде ата-анадан кейінгі екінші болып үлкен үлес қосатын ұстаздар қауымы екенін белгілі. Дегенмен, соңғы кездері осы екі тараптың арасында түсінбеушілік жиі орын алатынын көріп те, естіп те жүрміз. Мұғалім, оқушы және ата-ана арасында кереағар көзқарастардың туындауына не себеп деп ойлайсыз?

Өкінішке қарай, бүгінгі ата-аналардың басым көпшілігінің бала тәрбиесіндегі рөлі, баласына жатар орын, ішер тамақ, киер киім әперумен шектеліп отыр. Қалған шаруаның барлығын мектепке артып қойған. Ата-анада баламның қарны тоқ, көйлегі көк болса, қалғанына мектеп жауапты деген ұғым қалыптасқан. Баласы оқыс жағдайға ұшыраса, оғаш қылыққа барса бірден мектепті кінәлап, ұстаздарды айыптауға асығамыз. «Қызым үйде, қылығы түзде», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халық даналығын ата-аналар әлдеқашан ұмытқандай.

Ұлы кемеңгер Абай атамыздың «Адамның адамшылығы жақсы ата-ана мен жақсы ұстаздан болады» деген. Ата-ана мен ұстаз бала болашағы үшін тәрбие таразысының екі басынның тең түсуіне көңіл бөліп, мән бергені абзал. Гимназияда мұғалім мен ата-ана арасында мұндай түсінбеушілік жағдайлары туындамас үшін «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Жас ата-аналарға арналған мектеп» және «Әжелер мектебі» жұмыс істейді. Сонымен бірге жанжалдарды ушықтармай үшінші бейтарап жақ медиатордың көмегімен шешу формасы да қолданылып жүр.

COVID-19 пандемиясы мектеп мұғалімдерінің сөздік қорын қашықтан оқу терминімен толықтырды. Онлайн оқудың тиімді әрі тиімсіз тұстары жайында айта отырсаңыз.

Шыны керек, еліміз цифрландыруға бет бұрған тұста басым көпшілігіміз үрки қарап, жаңашылдықты қабылдамадық. Дегенмен, цифрландыру бүгінгі заманның талабы екенін бүгін ұққандаймыз.

Қашықтан оқу жоғарғы оқу орындардың практикасында қолданып жүрсе-дағы мектеп ұстаздары мен оқушыларға, ата-аналарға тансық болғаны рас. Мектеп оқушылары үшін мектеп қабырғасында ұстаздың алдында білім алғанға ештеңе жетпейді әрине. бірақ, тұтас ұлттың қауіпсіздігі үшін қазір қашықтан оқу қажет.

Бүкіл әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алуда. Бір қуантарлығы оқушы да, ата-ана да дәл қазіргі қиыншылық жағдайда қашықтықтан оқытуға тез бейімделіп, оны тез меңгеріп алды. Қажеттілік туған кезде түрлі платформалар мен бағдарламалармен танысып, қолданып отыр. Қазіргі таңда «Bilimal» электронды мектепте «Zoom» «Daryn.online» платформасы бағдарламалары және бастауыш сыныптар үшін «Ел арна», «Балапан» телеарналары, Qazaq radiosy, интернет ресурстар және пошта арқылы да жүргізіліп жатыр. Сәтті пайдаланып, бауыр еті баласымен көп уақыт өткізіп, оның білім алуын қадағалап отырған ата-аналарға ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл күндер де өте шығар. Еліміз індетті жеңіп, мектеп іші оқушылардың үнімен у-шу болатын күнді біз де асыға күтіп жүрміз. «Сабыр – ақыл серігі» деп Майлықожа бабамыз айтқанындай, ата-аналарымды шыдамдылық танытып, ұстамды болуға шақырамын.

–Алпыс жылдық тарихы бар өзіңіз басшылық ететін гимназияның бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?

— Үкімет тарапынан мұғалімдер мен оқушылардың оңтайлы жұмысы үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Білім саласына зор қолдау бар десем, артық айтқандық болмас. Бұл сөзіме соңғы жылдары гимназияда лингафонды кабинеттер мен It-сыныптардың ашылуы, ұл балалар мен қыз балаларға арналған технология кабинетімен, зерттеу жұмыстарына қажетті жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән кабинеттерінің жабдықталуы, интернетті тақталар мен дербес компьютерлермен қаматамасыз етілуі, асхананың заманауи жабдықталуы дәлел болса керек.

Біздің гимназия ұжымы атақты педагог Я. А. Коменскийдің «Мәңгі нұрдың қызметшісі барлық ой мен қиял — әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі» деген өсиетін жанына жақын тартқан білікті де білімді ұстаздардан құралған. Л. Керимбекова, Ж. Смаилова, М.Мұханова, А. Блялова, Г.Қыдырпатшаева, А.Жанул, Г.Бимендинова, Ж. Бекетова, Б.Бекбергенова, А. Ахметова, Р.Нуршина, С.Умбетова, А. Махатова, А. Ташимова, А.Молдабекова, Б.Досжанова, З.Базарбаева сынды ұлағатты ұстаздар, үнемі шығармашылық бағытта жұмыс істейтін оқушыларға қолдау көрсетіп, іс әрекетінің өз кезеңдерінде және оң бағытта жүзеге асуына бақылау жасауда тың соқпақтар іздеуден жалыққан емес. Олардың «Қазақстандық білім берудің жаңа моделіне көшу бағытындағы жұмыстар» аясында өтетін «Жыл мұғалімі», «Үздік идеялар» аукционы сияқты көптеген педагогикалық сайыстардың қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі жеңісті күндері көп. Саналы тәрбие мен терең білімді бойына сіңірген біздің шәкірттердің интернет сайыстары, пәндік, президенттік олимпиадаларда, ғылыми жобаларда облыстық, републикалық халықаралық деңгейде танылулары – мұғалім мен оқушының жарқын ізденістерінің жемісі.

Саналы ғұмырыңызды білім беру ісіңізге арнадыңыз. Шәкірт жүрегіне жол тауып, ұлағатты ұстаз болу үшін жас педагогтер нені ескеруі керек? – Жасампаз жастың негізгі белгісі – білім. Осы орайда жас педагогтар білімді, білікті, жан-жақты болуы керек. Гимназия үрдісінде әр оқу жылында қабылданған жас мамандардың шығармашылық потенциалын ашу және кәсіби белсенділігі мен азаматтық бастамасын дамыту, кәсіби және әлеуметтік бейімделу үрдісін жылдамдатуға жәрдемдесу мақсатында жас мамандар мен озық тәжірибелі мұғалімдердің байланысын бекітіп, жас мамандарға әдістемелік көмек көрсету үшін мұғалімдер тәлімгер болып бекітіледі. Биылғы жылдың өзінде 6 жас маман оқу жылын бастады. Бұл жолда үлкен білім кемесінің штурвалын алға тартып келе жатқан «Жас мамандар» мектебінің тәлімгері Ләззат Керімбекованың еңбегі ерен. Мектеп әкімшілігі де, тәжірибелі ұстаздарымыз да жас мамандарға әр уақытта өз ұсыныстарын білдіріп, әдістемелік көмек көрсетіп отырады. Жас мамандармен «Бағалау: критерий арқылы бағалау», «Шығармашылық тақырыппен жұмыс» «Сабақты жоспарлау», «Құжаттарымен жұмыс жүргізу», «Қабілеті төмен оқушылармен жұмыс», «Дарынды балалармен жұмыс» секілді семинар, тренингтер үздіксіз жүргізіліп отырады. Мені бір қуантатыны – педагог мамандығын таңдаған жастардың қатары жыл сайын артып, кадрларымызды жетіліп, маман тапшылығының жойылып келеді. Әрине, жасқа тән самғау, іздену, құлшыныс пен құштарлық, міне, осының бәрі – арманның ақ қанаттары деген ғой. Сондықтан «Мұғалім» болам деген жас буын алдындағы парыз – жас ұрпақты дұрыс бағдарлай білу. Мен жас мамандарымыздың ұстаздық – ұлағатты кәсіп, мәртебелі мамандық екенін үнемі естен шығармағанын қалаймын. Білім көшін алға жылжытып келе жатқан алдыңғы буын өкілдерінің ақыл-кеңестерін түюдің де маңыздылығын түсінсе деймін.

–Сұхбаттасуға алтындай уақытыңызды бөлгеніңізге рахмет!

Диана ОРАЗАЛИНА

19:18
624

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020