ЖАЗАСЫ ЖЕҢІЛ ЕМЕС

ҚР С ыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелері Қ.Сәтбаев атындағы № 7 мектеп-лицейде жезқазғандық білім ұйымдарының басшыларымен кездесті.

– Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі — парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасайды. Парақорлықтың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Парақорлықпен елімізде көбінесе қолында билігі бар, шешім шығаруға өкілеті жететін қызметкерлерінің айналысып отырғанын көресетіп берді, – деді штабтың жетекшісі Бекзат Алтынбеков.

Өз сөзін «Сіздерге ұстаздар күнінде гүл мен сыйлықтар сыйлаған дұрыс па?», «Перзентханадан сәбиді алып шығарда акушерге сыйлық бересіздер ме?», «Сіздің балаңызға бала бақшада жақсы қарауы үшін тәрбиешілер мен меңгерушіге тәттілер себетін сыйға тартқан дұрыс па?» деген сынды сауалдармен бастады. Қызығы шараға жиналған ұстаздардың басым бөлігі бұл істерді дұрыс деп растап, оны жай алғыс ретінде қабылдау керегін айтты.

Аталған сауалдарға қанағаттанарлық жауап алмаған Алтынай Исламқызы білім нәрін себуші мамандарға аталған істердің қай-қайсысының да заңға қайшы екендігін түсіндіріп, алдағы уақытта осындай жаттардан барынша аулақ болуға шақырды.

– Елдің болашағы саналатын балаларды ерте жасынан адалдыққа, әділдікке тәрбиелеу – сіздердің басты міндеттеріңіз. Қоластыларыңызда жұмыс істеп жүрген кез келген қызметкердің адал еңбек атқаруы да сіздерге тікелей байланысты. Өз міндеттеріңізді абыроймен атқаратындарыңызға сенемін. Бүгінгі таңда біздің штабтың 1424 жедел желісі қосулы. Сіздер осы телефон нөміріне тәулік бойынша хабарласып, сыбайлас жемқорлық фактлері туралы баяндай аласыз, – деген ол бұндай шаралар алдағы уақытта әлі де жалғасын табатындығын жеткізді.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

19:27
284

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020