ЖЫЛУ МАУСЫМЫ ІРКІЛІССІЗ ӨТЕДІ

Күздің қара суығы бойын мұздатқан жезқазғандықтардың «Жылу қашан беріледі?» деген сауалының жауабын қала әкімінің орынбасары Қайрат Бапановтан білдік. Бүгін, яғни 2 қазанда №11 жылу магистралінен бастап берілетін жылу 10 қазанға дейін қаланың барлық аудандарын қамтымақ.

– Жезқазған жылу электр орталығында 6 қазандық, 5 турбина дайын. Олар жыл сайын жөнделеді. Биыл қазандықтың біреуі күрделі, тағы үшеуі ағымдағы жөндеудеу өтті. Жылу электр орталығында 40 күнге жететін көмір мен 50 күнге жетітін мазут қоры бар. Қор әлі де толықтырылады. Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны бекіткен кестеге сай бүгінгі күні 11 жылу магистралі қысыммен тексерілді. 9 жылу магистралі 6 қазанға, 3 жылу магистралі 7 қазанға жоспарланған. Дегенмен, осы екі жылу желісінде қысыммен тексеруді ертерек бастауды ойластырып отырмыз. 10 қазанда барлық үйге жылу барады, — деген әкім орынбасары биыл «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде №3, 11 жылу магистралінде барлығы 4,400 км құбыр ауыстырылғанын жеткізді.

Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 550 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Естеріңізге сала кетсе, 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында Жезқазғанда тозығы жеткен жылу құбырлары ауыстырыла бастады. 2021 жылдың соңына дейін мысты қаланың жылу желісі толығмен жаңартылады.

Қазіргі таңда қалада жылуды қажет ететін 652 көп қабатты тұрғын үй мен 558 жер үй бар. Олардың ішінде ПИК-і жоқ 84 тұрғын үйдің жылу маусымына дайындық актісі жоқ көрінеді. Жүргізілген түсіндірме жұмыстары нәтиже бермегенін алға тартқан Қайрат Бапанов пандемия кезінде бұл үйлерді жылусыз қалдыруға болмайтынын айтты. Өткен жылдары тәртіп қатаң болды. Аталмыш үйлер жылу құбырларын дайындамайынша жылуға қосылмайтын. Кейбір жауапсыз тұрғындар қараша-желтоқсанға дейін жүріп алған кездер де болған екен. «жылуды беруін береміз, ертең авариялық жағдай болса, тұрғындардың өздері жауап береді», – деген әкім орынбасары үйлері пешпен жылынатын қала тұрғындарының қамын да ойластырылғанын жеткізді. Олар «Шұбаркөл» көмірінінің тоннасын 15 500 теңгеден Жезқазған қаласы Степная көшесі 1 мекенжайында орталасқан «Ferrit и К» ЖШС сатып ала алады. Жалпы, есеп бойынша біздің қала 7 мың тонна көмірді қажет етеді. Бүгінде 600 тоннасын сатып алған жезқазғандықтар үшін кәсіпкердің қоймасында 2 мың тоннадан аса көмір қоры бар.

Жылу маусымына дайындық өз деңгейінде жүргізілгенін алға тартқан Қайрат Бапанов жезқазғандықтар қыста тоңбайды деп сендірді.

Диана ОРАЗАЛИНА

19:28
618

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020