2019 жылдың соңында, дәлірек айтсақ 27 желтоқсанда Әділет генерал-майоры Рүстем Есімханұлы Қайдаровты әуе апаты ортамыздан алып кетті. Қайғылы хабар құқық қорғау саласының ардагерлеріне, жеке құрамға және генерал-майор Рүстем Есімханұлын білетін азаматтарды қайғыға батырды. Міне, ұстазымыз, ақылшы ағамыз және құқық қорғау қызметінің кемеңгер басшысы өмірден озғанына да 40 күн толып қалды...
Рүстем Есімханұлы 1940 жылы 18 мамырда дүниеге келген. Саналы ғұмырын құқық қорғау саласына жұмсады. Еңбек жолын 1966 жылы Семей облыстық атқару комитеті Ішкі Істер басқармасында жедел уәкіл, тергеуші болып бастап, Семей облыстық Ішкі істер басқармасының бастығының орынбасарына дейін көтерілді. 1985-1990 жылдары Жезқазған облыстық атқару комитеті Ішкі істер басқармасының бастығы қызметінде болды. Жезқазған ІІБ бастығы лауазымына милиция подполковнигі болып келіп, милиция генерал-майор атағына дейін жетті. 1990-1992 жылдары Қазақстан және Қырғызстан бойынша ұйымдасқан қылмысқа және жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі аймақаралық басқарманың бастығы, 1992-1995 жылдары ҚР Ішкі істер министрінің тергеу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде болды. 1995-1996 жылы ҚР Мемлекеттік тергеу комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Заңды демалысқа шыққаннан кейін Жоғарғы тергеу мектебінің кафедра бастығы, 1997-1999 жылдары ҚазМЗУ кафедра меңгерушісі ретінде оқытушылық қызметпен айналысты. «Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумының төрағасы, халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі, профессор болды.
Ішкі істер органының құрметті ардагері, ІІМ еңбек сіңірген қызметкері Рүстем Қайдаров еселі еңбегі еленіп, әр жылдары «Парасат», «Звезда Содружества и за благородство помыслов дел» ордендерімен, ҚР, РФ және Қазақ КСР-дің бірнеше медалімен марапатталған.
Рүстем Есімханұлы Жезқазған қаласының барлық азаматтарының ең сыйлы және құрметті азаматы, әсіресе, «Желтоқсан» оқиғасы кезіндегі азаматтығы ешқашан ұмытылмайды.
Қажырлы еңбегі арқылы таудай табысқа, төбеге көтеретіндей құрметке, әділдіктің елшісі, жүрген жүрісінен, сөйлеген сөзінен адамға жылы леп себетін ақтілеу азамат-ағамыздың міне бүгін ортамыздан кетті дегенге қарулас достары, қызметтес бауырлары сене алмай жүр. Бірақ өмір өз талабын орындайды...
Рүстем Есімханұлы күнделікті өмір тірлігінен бұрын, қоғамның қамын ойлаған аға, ол ешқашан білімі мен тәжірибесін жас буынға үйретуден жалыққан емес.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін Рүстем Есімханұлы маған 1987 жылы Одақтағы қылмыспен күресу жөніндегі озық-тәжірибелерді жинап, біздің Жезқазған облысының Ішкі істер басқармасына тәжірибе ретінде кіргізу туралы тапсырма берді. Осы тапсырма бойынша Орлов, Күйбышев, Горький қалаларында болып, олардың алдыңғы қатардағы жұмыстарын зерделеп, біздің облысқа қолдану туралы кітапшалар шығарып, облыстық атқару комитетінің қаулысын қабылдатып, қала, аудан басшыларының қолдауымен барлық ішкі істер органдарына қолданысқа кіргіздік. Осы тәжірибе жұмысының арқасында 1987-1990 жылдары облыс бойынша ұрлық, көше қылмысы 30-40%-ға азайды.
Рүстем Есімханұлының бастауымен бұрынғы қысқарып қалған қылмыстың алдын-алу бөлімі құрылды. Осы тәжірибе уақытында мен осы бөлім басшысының орынбасары болғанмын. 1987-1990 жылдары Жезқазған облыстық теледидары арқылы айына екі рет озық тәжірибе туралы ақпарат беріп тұрдық. Бұл тиімді тәжірибені насихаттау және халық алдындағы қысқаша есеп берудің үлгісі еді. Облыстық милиция басқармасының бастығы, милиция генерал-майоры Рүстем Қайдаров орыс тілінде, ал мен қазақ тілінде хабарға қатысып жүрдік.
1986 жылы желтоқсан дүмпуі кезінде, 19 желтоқсанда Жезқазған қаласында шеруге шыққан студент және қала жастарының шеруінде «Біз шерудің алдына шығып тосқауыл жасамауымыз керек. Тосқауыл жасасақ жастар ерегісіп қол жұмсауы мүмкін, қатарында жүріп насихат жасаңыздар, олар түсінісіп ептеп тарауы мүмкін»деген тапсырма берді. Біз бұлжытпай орындадық. Дұрыс нұсқаудың арқасында ешқандай қоғамдық тәртіп бұзылмай шеру тарқады.
Осы шеру туралы басшымыз Рүстем Қайдаров әпербақан шовинистік пиғылды басшылардың алдында бірнеше рет есеп берді. Оны қала халқы жақсы біледі және жастардың көз жасына қалмай тығырықтан жол тапқан әділдігі, адал жолдан айнымаған азаматтығы үшін осы күнгедейін Жезқазған халқы ризашылық сезімін білдіріп, алғысын айтуда.
Рүстем Есімханұлының Ішкі істер органында жүріп өткен жолы, қызметті ұйымдастыру тәжірибесі және адамдармен қатынасы, білімі – біздер үшін де, кейінгі жастар үшін де үлкен мектеп.
Қадірлі қарулас Ағамыздың топырағы торқа, жаны жәннатта болсын.
Отбасына, Аймен апамызға, балаларына және тамыры тереңге тартылға үлкен әулетке Жезқазған қаласындағы Ішкі істер органдары ардагерлері көңіл білдіре отырып, қайғыларына ортақ екенімізді жеткіземіз. Әке жолын қуған, тәлім-тәрбиесін алған балаларына биік белестен көрінуін тілейміз.
Аманбек МҰҚАТАЕВ,
Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, отставкадағы милиция полковнигі