«Жезқазғанда екі ай ішінде 200 төсектік жаңа модульді жұқпалы аурулар госпиталі салынды. Ғимаратта жұмыстар аяқталды, енді палаталарды ретке келтіру қалды. Қазіргі таңда аумақты абаттандыру жүріп жатыр. Аурухананы қазан айының соңында тапсыру жоспарланған» деп хабарлайды Saryarqa.info .
Жезқазғанға жұмыс сапары барысында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа госпитальді аралап қайтты.
— Ешқандай проблема жоқ. Кестеге сай жұмыс істеп келеміз. 15 қазанға дейін негізгі бөлікті аяқтап, іске қосуды жоспарлап отырмыз. Барлық блоктарды аяқтаймыз, кереуеттерді қойдық, — деп баяндады құрылыс компаниясының өкілі Әсет Ибраев.
Аурухана инфекциялық бақылаудың барлық стандарттарына сәйкес келеді. Ол диагностика мен емдеуге арналған жаңа медициналық жабдықтармен: компьютерлік томографпен, сандық рентгеноаппаратымен, медициналық газ жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, ӨЖЖ және тағы басқалармен жабдықталады.
Емдеу бокстарының бөлек кіреберістері болады. Әр бокстың ішінде максималды оқшаулау қарастырылған. Онда арнайы чиптердің көмегімен ғана кіреді.
Ауруханада жоғары қауіпсіздік класы бар ақылды желдету жүйесі орнатылған. Палаталарда әр кереуетте бекет медбикесін шақыру түймесі бар.
Жеңіс Қасымбекті кадр мәселесі қызықтырды, дәлірек айтар болсақ, жаңа госпитальда кім жұмыс істейтінін сұрады.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, мамандар саны бойынша есеп жүргізілген. 204 қызметкер қажет, оның ішінде 50 дәрігер, 82 орта медициналық персонал. Модульдік жұқпалы аурулар ауруханасында коронавирустық инфекцияның алғашқы толқынында жұмыс істеген жергілікті мамандар жұмыс істейтін болады. Емдеу мекемесінің жұмысын күшейту үшін Қарағандыдан 23 дәрігер жіберу жоспарлануда.
— Жаз мезгілінде коронавирусқа қатысты жағдай Жезқазған аймағы үшін оңай болған жоқ, сондықтан қазір мұнда ерекше назар аударылуда. 200 төсектік заманауи модульді аурухана ашылады. Қосымша екі компьютерлік томограф, рентгеноаппараттары, жедел жәрдем машиналары жеткізіледі, — деді Жеңіс Қасымбек.
Облыс әкімінің айтуынша, «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен Жезқазғанда жас мамандарға 22 пәтер беріледі. Өңірде денсаулық сақтау басқармасының Аймақтық өкілдігі құрылды.