«Жезқазғанда Жошы хан атындағы тарихи-мәдени кешеннің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл қазақ халқының өткеніне қызығушылық танытатын туристер үшін жаңа бірегей орын болмақ» деп хабарлайды Saryarqa.info Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жезқазған өңіріне жұмыс сапары барысында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Кешеннің ішінде Жезқазғанның киелі жерлеріне қатыстыэкспозицияларды көрсетуге арналған залдар орналасқан. Дизайнерлер тарихи жазбаларды қалпына келтіріп, балауыз фигураларын салады.
Кірпіштің арнайы төселуінің арқасында ауа-райына қарамастан ғимарат әрдайым жылы болады. Туристер үшін қонақ үй кешені мен асхана салынады.
Құрылыс компаниясының директоры Абай Байділдаевтың айтуынша, нысанда екі ауысым жұмыс істейді. Қазір құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарына кірісті. Аумақты абаттандыру және көгалдандыру жүргізіледі. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Кешеннің ауласында Жошы ханның бес метрлік гранит ескерткіші тұрғызылды. Тарихи кешеннің айналасында этно-ауыл пайда болады. Ұлттық бұйымдар мен әшекейлер көрмелерін өткізу үшін киіз үйлер мен шатырлар орнатылады.
Жошы ханның тарихи-мәдени кешені Алтын Орда дәуірін зерттеуге арналған ғылыми орталыққа айналады. Мұнда отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізіледі. Сондай-ақ, кешен базасында оқушылар үшін көшпелі тарих сабақтары ұйымдастырылады деп болжануда.